5.06.2020, 9:52
Қараулар: 88
Чип пенен вакцинация – қауесетке ермесек екен

Чип пенен вакцинация – қауесетке ермесек екен

Әлемді дүр сіркіндірген коронавирус індетінің елге артқан ауыртпалығы бір басқа, енді көпшілікті ақпараттық пандемия жайлағандай. Бірі «ауру қолдан жасалған» деп желітсе, енді бірі вирусты мүлдем жоққа шығарып әлек. Солардың ішінде «Вирусты пайдаланып, халыққа жаппай вакцина егіп, чиптейді екен» деген псевдожаңалық мүлдем ақылға қонбайды. Ең сорақысы, әлеуметтік желіде осы мазмұндағы посттардың рейтингі әлі күнге түспей, танысуға ұсынылатын ақпараттардың қатарында жүр, яғни қаралым ауқымы да кең. Бұрыннан жалған сенімнің жетегіне еріп, баласына екпе салдырмайтын кейбір жандар үшін бұл ақпараттың майдай жаққаны анық. Желдей ескен қауесетті іліп әкетіп, жан-жаққа таратып, өздерінің ұстанымдарын «Вакцинациялаудың аяғы чиптеуге әкеліп соғады» деп, дәлелдейді. Онсыз да үрей құшағында жүрген жұрттың ойын дүрбелеңге салған осы мәселенің дұрыс-бұрыстығын анықтап, әрі вакцинаға қатысты біраз толымды ақпарат бермек ниетте ғаламтор парақтап, білікті мамандармен де сұхбаттастық.

Чип дегеніміз не?

Алдымен көпшілікті біраз даурықтырған «чип» туралы біраз ақпарат. Чип – адам қолына тігілетін, көлемі күріш дәнінен сәл үлкенірек  болып келетін құрылғы, жеке куәлік, медициналық кітапша, банк картасы,  тағы да басқа құжаттардың орнын алмастырады делінген ғаламторда. Тіпті сол чиптің үйді, көлікті, кабинетті, кез-келген әлеуметтік желідегі парақшаларды кілтсіз ашуға қауқары бар көрінеді. Яғни, сіз туралы толық ақпарат құрылғының жадында сақталады. Тағы да интернеттің деректеріне сүйенсек, американдық биотехнологиялық компаниялардың бірі 2017 жылы адамдарға тегін чип салып береміз деп хабарлама таратыпты. Оның артықшылықтарын айшықтап, көрнекі жарнамамен тұрғындарды қызықтырғаны соншалық, ниет білдіргендердің қатары күн санап артып, компания бұл қызметі үшін бағасын қойып, бизнес көзіне айналдырған. Бір қызығы, сол кездің өзінде 100 мыңдаған адам чип салуға өтініш білдіреді екен.

Ал енді вакцина арқылы бір ғалымдар әлемнің ана бір зертханасында вакцинаға ерітіп, сол арқылы адам ағзасына білдірмей енгізуге болатын чип ойлап тауыпты деген аңызға келер болсақ, бұл шындыққа тіпті де жанаспайды. Ойлап қараңызшы, бір өзі шағын компьютердің салмағын арқалайтын чип микросхемалардан тұрады. Бұл схемалардың ұнтақ немесе ерітінді түрінде болуының мүмкін еместігі бес жасар балаға да аян. Медицина сарапшыларының деректеріне сүйенсек, чиптегі ақпаратты оқу үшін қорек көзі, яғни қуат қажет. Ал бұл құрылғыны чиппен бірге ағзаға еш сезіксіз орнату  фантастикалық фильмдердің сюжетінде ғана кездеседі.

Әлемді кезген індет

Жұмыр жердің 209 еліне таралып, 6 миллионнан астам адамды құрығына ілген індеттің беті қайтар емес. Білімі мен ғылымы әлдеқайда дамыған мемлекеттердің озық ойлы ғалымдарының әрқайсысы вирусқа қарсы ем іздеп, әуре. Қазірдің өзінде  300-ге жуық вакцина даяр екен, олардың  тестілеудің алғашқы кезеңдерінен өткендері де бар. Вакцина екінші сатыда ерікті адамдарға егіліп, сынақтан өтеді. Ортақ қауіпсіз болашақты құруға бағытталған бұл қадамда нәтиже де жоқ емес. Келесі эпидемиологиялық маусымның басында вакцина болады деп сенеміз. Елімізде де биотехнологиялық орталықта вакцина жасалуда, отандық ем-дом дәріхана сөрелеріне жол тартуы да мүмкін.

Бұл адамзатқа қауіп төндірген жалғыз індет емес. Өткенімізге шолу жасасақ, сан миллиондаған жанның өмірін жалмап, мемлекеттің экономикасын құлдыратып, қоғам дамуын тежеген осындай бірнеше пандемия болыпты. Талай ғасыр бойы жер бетіне қорқыныш ұялатқан оба, тырысқақ пен қара шешек, испан тұмауы сынды жұқпалы ауруларға қарсы ойлап табылған екпенің арқасында олар келмеске кетті. Қараңызшы, ең алғаш шешекке қарсы екпенің қажеттілігін қытайлар көтеріпті. Араға жүздеген жыл салып, оның дәрісін Ұлыбритания ойлап тапқан. Кейін желшешек, қызамық, қызылша, туберкулез сынды бас-аяғы 40-тан астам жұқпалы ауруға қарсы 100-ден аса вакцина шығарылған. Содан бері жер шары тұрғындарының көзі ашылып, талай аурудан аман қалды. Айталық, дүние жүзінде табиғи шешек ауруының көзі 1978 жылы жойылды. Осыдан 30-40 жыл бұрын іш сүзегінен, қызылшадан балалар өлімі жиі болса, қазір бұл жөнінде сирек еститін болдық.

64 баланың ата-анасы екпеден бас тартты

Көріп отырғанымыздай, вакцинаның пайдасы зор. «Баланы дүниеге келген алғашқы аптасынан бастап-ақ салынатын екпелер оның ағзасында түрлі ауруларға қарсы иммунитет қалыптастырады. Айталық, дүниеге келген  дені сау сәбиге  үш-төрт күннің ішінде туберкулезге, В вирусты гепатитіне қарсы екпе жасалады. Осыдан соң нәресте екі ай бойы екпе алмайды. Себебі, анасының сүті арқылы балада иммундық жүйе қалыптасуы қажет. Содан кейін барып екі, үш, төрт айында, бір және бір жарым жасында дифтерия, көкжөтел, сіреспе,  полиомиелит, В типтік гемофильдік инфекция, пневмококк инфекциясы, қызылша, қызамық және паротитке қарсы екпелерді ұлттық екпе күнтізбесіне сай жасалады. Балаларға екпе салынғаннан кейін, температура, егілген жер ісініп, қызаруы мүмкін. Дегенмен, бұның барлығы қалыпты жағдай», дейді аудандық орталық аурухана директорының медициналық қызмет сапасын бақылау жөніндегі орынбасары Раушан Даркенова. Оның айтуынша, ауданда 64 балаға екпе салудан  ата-ана тарапынан қарсылық болып, олар өз тілектерін нотариалды түрде шандырыпты. Екпе жасатудан көбінесе өзге діни ағымдағы адамдар бас тартады. Бірақ қазіргі таңда жалған ақпаратқа алданып, осындай қадамға барып жатқандар көбеюде. «Біреудің, тіпті өмірде көрмеген-білмеген адамның жол-жөнекей әлеуметтік желіге салған жалған ақпаратына бола, екпеден бас тартудың қажеті жоқ», – дейді Раушан Мақсотқызы. Расында да, вакцина алғаннан кейін біреудің баласы мүгедек болып, енді біреуінікі кеселге шалдығыпты деген қауесетті бүгінде саңырау адам естімеген шығар. Дегенмен, Р.Даркенова өзінің педиатрия саласындағы 30 жылдық еңбек өтілінде екпе ектіріп, соның салдарынан баланың мүгедек болып қалуы тіркелмегенін айтады. Қайта ата-анасы екпе салдырудан бас тартқан сәбидің туберкулезбен ауырып қалған жағдайы кезіккенін алға тартты.  Ал вакцинаның сапасына келер болсақ, дәрігер балаларға жасалатын екпелердің барлығы да тек зертханалық тексерістен өтіп, ДДҰ мақұлдағаннан кейін ғана пайдаланылады. Яғни адамның саулығының сапында тұратын вакцинаға қойылатын талап жоғары.

Ал аудандық тауарлар және көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын бақылау басқармасының басшысы Ерлан Қанатбаев биыл Шабдаржап, Тайпақ, Базартөбе, Ақсуат, Қадырқұл ауылдарында қызылшамен ауырған 16 науқастың тіркелгені жөнінде ақпарат берді. Ол берген мәліметке сүйенсек, науқастардың барлығы қызылшаға қарсы егілмеген, егілсе де, бала кезінде вакцина алып, бүгінде оның қауқары төмендеген, біреуі 1 жасқа толмаған нәресте. Қызылшаға қарсы екпенің тиімділігінің дәлелі – ауырған адамдардың отбасындағы екпе алған балалардың бірде-біреуіне бұл қатерлі кеселдің кесірі тимепті.

Вакцина салуға шариғат та қарсы келмейді

Екпелер төңірегіндегі дауларды пайдасына жаратып, оған қарсы түрлі уәж келтіріп жүргендердің ішінде әсіредіншілдер де бар. Олар қарсылығын шариғатпен байланыстырып, «ислам екпе жасатуға тыйым салады», деген дәлелдерін келтіреді. Алайда екпе салдыруға, вакцина алуға ислам діні қарсы емес. «Дінімізде денсаулық Алланың аманаты деп ұғындырылады, аурумен күресудің барлық тәсілін қарастыруға үгіттейді», – дейді аудандық мешіттің бас имамы Ерлан Айтенов. Тіпті мұсылманның 5 парызының бірі қажылықты орындауға ниет еткен мұсылман Меккеге құлшылыққа  барардың алдында түрлі ауруларға қарсы екпелерді қабылдайды.

Бас имам сөзінің дәлелі ретінде Пайғамбарымыздың мына бір хадисінен мысал келтірді: «Барлық ауруға дәрі бар. Дәрі ауруға сәйкес келсе, жаратушының әмірімен ол кісі айығады». «Ауруды жаратқан, сол ауруға емді де қоса жаратқан еді» деген де бар хадисте. Сондықтан вакцина салуға шариғат қарсы деп айтып жүргендердікі – адасу.

Е.Айтенов вакцинациялау аурудың алдын алуға таптырмас әдіс екенін айтып, жұртшылықты арандатуға ермеуге шақырады.

Аналар не дейді?

Біз тілдескен зейнеткер Балым Хамзина бір қыз, үш ұлдың анасы. Балалары бүгінде аяқтанып, әрқайсысы өз алдына шаңырақтарын көтеріп, үбірлі-шүбірлі болыпты. Балым апа оларға кәмелетке толғанша барлық тиісті екпелерін уақтылы алдыртқанын айтады. «Кеңес өкіметі кезінде дәрігерге халықтың тарапынан сенім мол, олардың сөзі заң болатын. Бала дүниеге келісімен оған екпе алғандығы жөнінде паспорт жасалады. Ол кездің талабы, бала мектепке барғанда, одан кейін білімін жалғастырғанда да осы паспорттың көшірмесін сұрататын. Жеке куәлікке тең күшке ие.

Ауылда өстік, біздің бала кезімізде қызылша, дифтерия, полиомиелитпен аурып қалған жағдайлар көп болатын. Тіпті  соның салдарынан сәбилердің тым ерте шетінегенін де көрдік. Қазір  бұл аурулар тіпті жойылып кетті десем, артық емес. Ұл-қыз, немере-жиендерімнің дені сау болуына екпе егудің пайдасы молынан деп ойлаймын»,

Вакцина егу, адамдарды жаппай чиптеуге қатысты дау тек Қазақстанда ғана емес, басқа да елдерде орын алуда. Жаға ұстататын деректер де ғаламтор көзінде жетерлік. Адам баласы болғасын ба, үрейіңді қашырып, кім-кімнің болмасын, мазасын алатын жалған ақпаратқа сенуге бейім келеміз. Дегенмен, әрқайсымыздың ақ пен қараны ажыратуға біліміміз жетеді, сондықтан даурықпа сөзге көп ермей, өзіңнің және балаңның саулығына әуел бастан жауапты екеніңді ұмытпағаның абзал.

Ләззат САМАТҚЫЗЫ,

«Жайық таңы»