5.06.2020, 10:20
Қараулар: 92
Табиғат берген талантты шыңдаған

Табиғат берген талантты шыңдаған

Тәу етер тәуелсіздігімізбен бірге жеткіншектерге қосымша білім беру ілгері басқанын еліміздің жер-жерінен көруге болады. Оқушылардың оқып-үйренуге талпынысын жан-жақты қанағаттандыру мақсатында жүзеге асырылатын үздіксіз білім жүйесінің ажырамас бөлігі біздің ауданымызда да барған сайын тынысын кеңейтуде. Саламатты өмір салтын қалыптастыру, жеке тұлғаны дамыту, шығармашыл балаларды іздеу, оларға қолдау көрсету, балалардың құқықтарын қорғауға назар аудару, міне, бағыт осы. Мұның ізбасарлары да қоғам өміріне бейімделіп, азаматтық сана-сезімінің қалыптасуына жағдай жасаудағы орны орасан.

Жыл өткен сайын бұл мекемелерге бауыр басқан ұл-қыздар саны көбейіп, тұрақтанып келеді. Олар өздерінің көңіліне қонар сүйікті іспен айналысу үшін үйірмелерге әрдайым асығып келіп жатады.

Айталық, өмірге жолдама алғанына 15 жылдан асқан балалар шығармашылығы орталығында бүгінгі таңда «Қолөнер», «Көркемсурет», «Фотоәуесқой», «Би», «Жас зергер», «Роботтехника» сияқты үйірмелерде аудан бойынша 3390 оқушы білім алуда. 100 қосымша білім беру педагогы жұмыс істейді. Олардың арасында жасөспірімдердің туабітті шығармашылық қабілеттерін ашудағы еңбегімен өңірімізге танылып отырғандар аз емес. Бұл үйірмелердің алға қойған мақсаты – балалардың түрлі шығармашылыққа қызығушылығын арттыру, қабілетін дамыта отырып, кәсіби, мәдени дамуына мүмкіндік жасап, бос уақыттарын мәнді ұйымдастыру.

Орталық соңғы жылдардың өзінде талай оң өзгеріске, ілгерілеуге қол жеткізді. Өнерлі өрендер ордасының тәрбиеленушілері аудандық, облыстық, халықаралық сайыстарға қатысып, биіктерден көрініп, орталық жетістіктерінің шежіресін одан әрі байытты. 2006 жылдан ұйымдастырылып келе жатқан Қазақстан Ұлттық жастар дельфий ойындарынан шәкірттер 5 алтын, 6 күміс, 4 қола қанжығалапты.

Бұл тек мерейі үстем орталық жетістіктерінің тек бір мысалы ғана. Тізбектеп жаза берсек, біраз мақалаға арқау болары анық. Өскелең ұрпақты тәрбиелеуде мектептен тыс ұйымдардың алатын орны мен жұмысының тиімділігі өте жоғары екені осыдан-ақ көрінеді. Қабілетсіз бала болмайды, тек оның бойындағы сол қабілетті дөп басып танып, дамыта түсу қажет. Халқымызда «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген дана сөз бар. Ауданымыздың абыройын асқақтатқан үйірме мүшелері бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде өз жүректері қалаған мамандықтары бойынша қызмет етуде. Орталықтан тәлім алып, білімдерін осы бағытта жалғастырып жатқан студенттер де бар. Қазіргі таңда мемлекеттік грант арқылы жоғары оқу орындарында 6, колледждерде 4 қыз-жігіт білім алуда. Олардың бірқатары шығармашылық жұмысқа баулып, белсенділіктерін, қызығушылығын арттырған ұстаздарына алғыстарын білдіріп, редакцияға хат жолдапты.

Мейірбек Тажқұранов, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің бағдарламашысы:  Мен 2012 жылы Көкшетауда республикалық дельфий ойындарының жеңімпазы атанып, әйгілі әнші Марат Омаровтың қолынан марапатты алған сәтімді, қуаныштан лүпілдеген жүректегі сезімді ұмытпақ емеспін. Үлкен өмірге ойлы көзбен қарап, ұстаздарымның, білім алған ордамның қадірін ұғындым. Еліміздің түкпір-түкпірінен барған сайыскерлер арасынан топ жарғаныма қуандым. Сеніп артып жіберген ауданның, облыстағы намысын қорғағаныма қуанышым шексіз болатын.

Абай атындағы мектеп-гимназияның 7 сыныбындамын. Қолөнер, сурет, зергерлік үйірмелеріне қатысатын достарыма қызығып, мен де бір өнерге үйренбек ниетпен аудандық балалар шығармашылығы орталығына келдім. Алдымен балалар шығармашылығы орталығындағы «Көркемсурет» үйірмесіне қатыса бастадым. Үйірме жетекшісі Минегүл Қажкенованың баулуымен, ұшқыр қиялдан туындаған көркем көріністерді ақ параққа бейнелеп жүретінмін. Көп нәрсені үйрендім. Кейін Сәкен Әбілхайыров жетекшілік ететін «Фотосурет» үйірмесіне аңсарым ауды. Себебі әрбір құбылысты қалтқысыз көрсетіп, көз тоймайтын сұлулықты көз алдыңа әкелетін фотоаппарат менің балалық қызығушылығымды оятқан еді. Осылайша фотоөнердің қыр-сырын меңгеріп, жаның қалаған іспен айналысудан артық нәрсе жоқ екенін түсіндім. Оның үстіне үйретушің де өз ісінің шебері болса, мүлде тамаша. Жетекшім Сәкен ағай өнер деп елеңдеген жан. Үнемі ізденуді әлі күнге маған айтып отырады. Іспен де үлгі көрсетті. Мазмұнды, сапалы сурет түсіріп, сұлулықты дөп басуға ұмтылған шәкірттік талабыма қанат бітірді десем, артық айтқаным емес.

Мектепті тәмамдаған соң, ақпараттық технологиялық саланы таңдап, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетіне түстім. Дегенмен, жаныма жақын фотоөнерді тастамай, оның құпиясына бұрынғыдан бетер бойладым. Бастапқыда менің қабілетімді байқаған замандастарым өздері ұйымдастырған шараларды фотоға түсіруге қолқа салып шақырса, артынша жастар саясаты саласында облыстық, республикалық деңгейде өткізілген шараларды ақпараттандыруға үлесімді қостым. Еліміздің көрікті табиғат жауһарларын объективке ілгенім де осы кезең. Сол сапарлардың олжасы – 2018 жылы және биыл «Менің Қазақстаным» тақырыбында жеке көрмем ұйымдастырылып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Жас өнерпазға бұл жұмыс оңай тимесі анық, осы тұста ұстазым Сәкен Әбілхайыровтың зор қолдауын сезіндім. Бүгінде, міне, туған ауылыма оралып, өзге салада қызмет етсем де, Ақжайығымның өткені мен бүгінін айшықтайтын фотопроспект жасақтауды қолға алдым. Бұл да болса, маған тәлім беріп, өнер әлеміне қанат қақтырған ұстаздарыма деген құрметім.

Өтеген Аслан, Құрманғазы атындағы саз колледжінің студенті: Аудандық балалар шығармашылығы орталығында  Тимур Сүлеймен жетекшілік еткен «Жас зергер» үйірмесіне 7 сыныптан бастап қатыстым. Ұстазымның мықтылығы емес пе, үйірмеде тәлім алған алғашқы жылдардан бастап-ақ, тырнақалды туындыларым түрлі байқауларда жоғары бағаға ие болып, мерейім үстем бола бастады. Айталық, Астана күніне арналған облыстық «Сан алуандықтан тұтастыққа» жас шеберлер мен өнер көрмесінде Алғыс хатпен марапатталдым. 2015 жылы ХІ Облыстық  Ұлттық жастар Дельфий ойындарында І орынды жеңіп алып, республикалық байқауда тағы топ жарып, Ресей Федерациясында өткен халықаралық Ұлттық Дельфий ойындарына қатысуым – тек қана ұстаздарымның орасан зор еңбегінің  нәтижесі. Жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, өнерге деген қызығушылықты бойыма сіңірген де Тимур Қатауия. Әлі күнге дейін ол және орталықтағы Досжан Бижанов, Данияр Ізбасаров сынды ұстаздарыммен байланыс орнатып, білмегенімді үйреніп жүрмін.

Фариза Нұрланқызы, Құрманғазы атындағы саз колледжінің студенті: 6 сыныптан бастап мектеп тәмамдағанша бесаспап шебер Гүлдана Ережепова жетекшілік ететін «Дизайн» үйірмесіне қатыстым. Үйірмеге қатысып жүрген кезімде бірнеше байқауларда жүлделі орындарға ие болуым- Гүлдана апайымның еңбегі екенін айтқым келеді. Облыстық «Балдаурен» фестивалі, облыс жастарының ашық ХІІ дельфийлік ойындарында дипломант атанып, Атырау қаласында өткен «Мәңгі ел, Қазақстаным» халықаралық фестивалінде бас жүлдені иелендім. Қазіргі уақытта Құрманғазы атындағы саз колледжінде «Сәндік- қолданбалы өнер және дизайн» бөлімінде «Шағын кескіндеме суретшісі» мамандығын меңгерудемін. Мемлекеттік грантты иелендім. Колледж қабырғасында гобелен тоқу, сурет салу және киіз басу бағытындағы жұмыстармен айналысудамын Күні ертең диплом алып, кәсіби қолөнер саласына қадам баспақпын. Каникул кездерінде үнемі өзім тәлім алған шығармашылық орталыққа, бүгінде облыс орталығында «Дана Дәстүр» оқу орталығында директор қызметін атқаратын Гулдана Асқарқызына барып, ұстаздарымнан тәжірибе алмасып жүрмін.

«Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» дегендей, өмірде бағындырған осындай белестерімізде  ұстазымның сіңірген еңбегі көп. Ұлы ағылшын ағартушысы Уильям Уорд: «Жай мұғалім хабарлайды, Жақсы мұғалім түсіндіреді, Керемет мұғалім көрсетеді, Ұлы мұғалім шабыттандырады»,- деген екен. Білімді, тәрбиелі, ел болашағын ойлайтын саналы ұрпаққа тәрбие беретін орталық ұстаздарға мың алғыс айтамын!

Әсем ЕСБЕК.

«Жайық таңы».