5.06.2020, 10:25
Қараулар: 143
Міне, Тайпақтың азаматтары!

Міне, Тайпақтың азаматтары!

«Туған жер» – қастерлі ұғым, бұл адамның шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, тәй-тәй қаз басқан мекені. Жүрегіміздің төрінен орын алған туған мекеніміз – Тайпақ жері өзінің табиғаты, танымал тұлғалары мен ақ  жүрек, пейілі жомарт адамдарымен көпке таныс.

Қос ғасыр, қос қоғамда ғұмыр кешкен бұл өлке адамдары — қандай жағдайда да бастаған ісін тиянақты аяқтайтын, жаңалыққа жаны құмар, үлкендері мен басшысына қосшы бола білетін, ұйымшылдығы да мол ел.

Өтпелі кезең, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары осы елді басқарған аудан, ауыл азаматтары Меңдәлі Андалиев, Максим Қожамұратов, Ғинолла Садыров, Тлекқабыл Қуаншалиевтер ел бірлігін сақтап, талай қиыншылықты жеңе білді.

Аудан ірілендіріліп, іргелес Чапаевпен қосылған кезде, күрделі кезеңге қарамастан, Тайпақта жаңа тұрпатты білім ордасы – мектеп-гимназияны ашқан аудан басшысы Әлібек Сәтбаевты жұртшылық мақтан тұтады. Елінің ертеңіне, ұрпағының кемел келешегіне сенген басшы осындай болар. Бүгінде бұл білім ордасының түлектері туған жерімізде, басқа облыстарда еліміздің игілігі үшін еңбек етуде.

Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа  бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан бастау алған «Туған жер» бағдарламасында әр перзент өзінің туған ауылының мәдениеті мен салт-дәстүрін қастерлеп, оның гүлденуіне үлес қосуын шынайы патриотизм екендігін және оны әр кез қолдау қажеттігін айқын көрсете білген. Бұл үрдісті мектептен жас буынға туған жер тарихын оқыту, өлкетану жұмыстарын, экологияны жақсарту бағытындағы қызметтермен көрсетуіміз қажеттігін айтқан еді.

Туған жер өз перзенттерімен мақтанары анық. Осы орайда жаны жайсаң, ел қамын ойлаған азаматтар қатарында Болатты атар едім. «Болатың кім?» десең, Тайпақ топырағында  кіндік қаны тамған, өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен ауылдастарының ортасынан табылатын, үлкен-кішімен диалогқа түсіп, ой бөлісе алатын азамат. Қазіргі тілмен көркемдер болсам, жаңа заманның жаңа басшысы дер ем.Ал сол жігітіміздің еңбек жолына үңілгенімде, «Шаленов Болат Байғалиұлы, 1963 жылы Батыс Қазақстан облысы, Тайпақ ауданы, Калмыково ауылында туған. 1970 -1980 жылдары Калмыков орта мектебінде оқып, 1985 жылы Орал педагогикалық институтының сызу, көркемсурет және еңбек факультетін тамамдап, туған мектебінде 27 жыл абыроймен еңбек етті. Білім ордасы тәрбие, білім беруде нәтижелі қызметімен облыстағы тірек мектептерінің біріне айналып, елге еңбегімен еленген тұлға Құрман Байсықовтың есімін иеленді. Тәжірибелі басшының қызметі «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісі, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 20 жыл» медалі және бірнеше мәртк облыс басшылығы, білім басқармасының алғыс хаттарымен бағаланды. 2007-2012 жылдары округ тұрғындары аманатымен аудандық мәслихат депутатығына сайланды. 5 жыл Орал қаласындағы « Спортқа дарынды балаларға арналған мамандандырылған облыстық мектеп-интернатта» директордың орынбасары қызметін атқарды. 2017 жылдың тамызынан жерлестерінің өтінішімен, туған өлкесіне оралған ол Тайпақ ауылдық округі әкімі қызметін атқаруда» деген жолдарды оқыдым. Халықты басқару ісіне еңбекпен келген азамат екенін тайпақтықтар біледі, әрі сүйсінеді.

«Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген сөз бар қазақта. Осы қағиданы азаматтық ұстанымына айналдырған Болат Байғалиұлының басшылығымен қаймағы бұзылмаған ауылымызда бірқатар істер жүзеге асырылғанын ерек айтып кетуге болады. Әсіресе, бүгінгі ұрпақтың бойында туған жерге сүйіспеншіліктің қалыптасуы, ұлттық тәрбиенің салтанат құруына аса мән берілуде. Себебі, ертеңіміз бүгіннен басталатыны ақиқат. Айталық, еліміздің дамуында қолтаңбасы елеулі ағалар ісін қастерлеу, құрмет ету мектептер мен мәдени ошақтарда «музей сабақтары», кездесулер жиі өткізіледі.

Тайпақ спорт  кешенінде үзбей ұйымдастырылатын  спорт додалары туған  жер  саңлақтарын,  ардагерлерді еске алу, облыс, республика жеңімпаздарын  қарсылау  құрметіне арналады. Өткен  жылдың  қоңыр  күзінде  округіміздегі Шабдаржап  ауылында  ашылған  ат спорты  мектебінің жастарды спортқа баулуда маңызы зор. Мұнда тұңғыш  рет «Көкпар», «Аударыспақ» спорт бәсекесі  ұйымдастырылды.

Жастарды табиғат  байлығын  сақтауға,  өлкені зерттеп-тану, туризмге баулу Краснояр орта мектебінде жақсы   жолға  қойылған. Экология үйірмесінің жетекшісі Дәурен Тапаев, туризм  үйірмесінің жетекшісі Қолғанат Мараттың еңбегін осы жерде ерекше атап өткен жөн. Олардың  оқушылары жаяу, тау туризмі  техникасынан  Ақтөбе, Ақмола облысы, Шымкент, Алматы,  Астана қалаларындағы  жарыстарда  жүлдегерлер  қатарынан көрініп, республикалық деңгейде ұйымдастырылған жарыстарда жеңімпаз атанды.

Туған топырағына  ескерткіш  қолтаңба  сыйлау – түлектерімізге  тән  қасиет.  Тайпақ  полиция  бөлімін  басқарған, ел түлегі  Ринат Дегенбаев  ішкі істер бөлімі ардагерлеріне  арнап, мұражай жасақтап, ұзақ  жыл  бөлімді  басқарған  соғыс және  еңбек  ардагері  Габделқайыр Қуаншалиевке  мекеме  алдына  үлкен ескерткіш  орнатты. 2018  жылдың  сәуірінде  Тайпақта «Туған жерге тарту» тақырыбында  жерлестер  форумы  ұйымдастырылып,  ел  түлектері туған  жерін көркейту  бойынша мақсат-межелерін  белгілеп, қызметтерін  бастап  кеткені көпке белгілі. Елден  тысқары  жүрген  жерлестерінің  игі  ісіне ауыл  әкімінің ұйымдастыруымен  мектеп түлектері, кәсіпкерлер, ауыл  жұртшылығы  қосылып, ауқымды  істер  атқарылуда.

Туған  жер  түлектері  Орал – Атырау  тас жолынан  сәулетті  етіп, ауылға кіретін  қақпа  жасап,  3,5 шақырым  кіре беріс жолдың  жанынан  бағаналар орнатып, оған түнгі жарық  шамдарын  іліп, ауылға кіретін жерге «Тайпақ – менің  жүрегім! » белгісін орнатты. Ауыл жастарының сүйікті орнына айналған бұл нысан олардың туған жерге ыстық  сағынышын, жеткізіп тұрғандай.

Білім ордаларының түлектері  ауылымыздың  мәдени орталығының жанына  жазғы сахна,   бүлдіршіндер  алаңы ,  Жастар  саябағына  «Тайпақтың Мұқағалиы» аталған ақын  Сағатолла  Әбдуғалиевке  ескерткіш  орнатып, сәнді  орындықтарын қойды.

Округте  асфальтталған  жолдар  мен  жүргіншілер  тротуары  төселіп, оның  жанынан  автобус  аялдамалары салынуда. Меценаттар Ж.Таскентов, Ж.Айтмахамбетов, Е.Жарылғасов, М.Қуаншалиев, Т.Мухамедияров, Ж.Кауенов, Е.Темірғали  бастаған 1966 жылғы , Ә.Жумағазиев  бастаған  1978 жылғы, Қ.Бақманов, Б.Мустафиев  сынды 1982 жылғы түлектер игі бастаманы қолдап, өз жобаларымен ауыл көркін ажарландырар істерін жалғастыруда.

Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына еңбегі сіңген  аға ұрпақтың  өмір жолы да – ұрпаққа өнеге. Олармен мектептерде үзбей кездесулер ұйымдастырылуда. Айталық, еңбек ардагері  Ғинолла  Садиров  әулетімен бірге «Музей сабағының»  құрметті қонағы болды. Еңбек жолын   Тайпақ өңірінде  бастаған  Ғинолла Зинорұлы  алпысыншы жылдары осы  ауданды  жоғары  кернеулі  электр  желісіне  қосқан тұңғыш  инженер-  электрик .  Осы еңбегі  үшін  мемлекет  тарапынан  « Халықтар  достығы»  орденімен  марапатталды. Әкесінің жолын таңдаған ұлы  Тимур Тайпақ  электр желісі мекемесінде  басшысы.  Нағима  анамызбен  шөбере  қызығын  қызықтаған  ағамыз,  еңбегінің  зейнетін  көріп,  Тайпақта  тұрады, қалаға көшкісі жоқ. Тайпақ  ауылдық  округі  ардагерлер  кеңесі төрағасы қызметін абыроймен атқарып жүр.

Желтоқсан  айы  ауылымызда  ашылған  жастар  орталығына  еңбек  ардагері  Ғазиз  Хаймулдин ағамыз  келіп,  «Өңір  еңбеккерлерінің  ерлік істері туралы» естелік еңбегінің  200  данасын  сыйлады. Сексеннің сеңгіріне  шыққан  Ғазиз  аға  құрдастары ,   жерлестерімен  жүздесіп, өткеннің белестерін жас  ұрпаққа  баяндап, тәрбиеге толы  өнегелі  шара  өтті.

Тәуелсіздіктің алғашқы  жылдарында  Тайпаққа  газ  отынының  келуіне    Ғазиз Усағалиұлының  еңбегі зор. 70-80 жылдары атқарушы билікте қызмет атқарған ол аудан үстімен өтетін Орта Азия – Европа  газ құбырынан ауданға   көгілдір  отын  тарту жөніндегі халықтың  аманатын  сонау Мәскеуге жеткізген. Одақтың  газ өндіріс министрі  В.С.Черномырдынге кіріп, ауданды газ отынына қосу үшін бас жобаға енгізуге келісімін алған. Бұл істе сол кезде Ресей  елінде «Саратовтрансгаз» компаниясы бастығы қызметіндегі жерлесіміз Есет Әзербаевтың  қолдауы өлшеусіз.

Асыл ағалардың ісін жалғастырушы  ізбасарлары бүгінде туған  жерінің  дамуына сүбелі үлестерін қосуда. «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасы аясында Шабдаржапта 85% , Томпақ ауылында 78 % тұрғын үй таза ауыз суға қосылды. Ел азаматтарының мәрттігінің белгісі – Шабдаржап ауылын көгалдандыру  үшін  ұзындығы 1 шақырымға созылған  жазғы техникалық су құбыры тартылып,  бүгінде тұрғындар ауласында бау-бақшасын жайнатып отыр.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін жазар болсақ, туған жерінің адал перзенттері, ел жұртының жақсы тұрмысы үшін еңбек еткен азаматтарымыздың талай игі қызметтерді  тындыратынына ауылдастарының  сенімі мол.

 

Булат  ДУШАЕВ,

 «Атамекен» өлкетану музейі  жетекшісі

ТАЙПАҚ