5.06.2020, 11:06
Қараулар: 110
Бала әлеміне кілт тапқан

Бала әлеміне кілт тапқан

Білім беру сатысы балабақшадан басталады, осында әрбір ойын баласы әлемнің небір ғажайыбына жол ашып, оның тұлғалық келбетінің қалыптасуына негіз қаланады. Мұндай жауапты кезеңде балабақша тәрбиешілеріне артылатын салмақ зор, ал оларды үйретіп, нұсқау беріп, бағыт көрсететін мектепке дейінгі білім беру саласының әдіскеріне артылар жауапкершіліктің одан да қомақты екендігі айқын.

Балалармен жұмыс, олардың қуанышы мен күлкісінен қуат алуды жүрек қалауымен таңдап, өз қызметін өмірдегі бақытына балаған жандардың бірі – Светлана Халенқызы Сиражева. Мерген ауылындағы «Балбөбек» бөбекжайында 2010 жылдан бері әдіскер қызметін абыроймен атқаруда. 10 жылға таяған еңбек жолында Светлана Халенқызы ұжым педагогтарының кәсіби шеберліктерін, құзіреттіліктерін жетілдіріп, олардың өз бетімен білім алуға қажеттіліктерін қалыптастыруды міндетке алыпты. Сонымен қатар қызметінде денсаулық сақтау, жобалық әрекет, зерттеуші әрекет, ойын, жекелік-үйлестіруші, ақпараттық-коммуникациялық, тәрбиеші мен тәрбиеленушінің портфолио технологияларын басшылыққа ала отырып, аудан, облыс деңгейінде көптеген нәтижелі шаралар ұйымдастырды. Нәтижелі дейтін себебіміз, әдіскердің жұмыс тәжірибесі әріптестерінің арасында үлгі ретінде таратылды.

Әрине, әдіскер деген соң, ең бірінші, оның әріптестерімен қарым-қатынасы, шеберліктерін шыңдаудағы маманның ізденісі, сан салалы жұмысы ойға оралады. Осы тұста  Светлана Халенқызы өз қызметінің аясын тек бөбекжай педагогтарымен ғана шектемей, аудандық деңгейде де озық ойлы шаралар үздіксіз ұйымдастыруда. Әдіскер өзінің шараларында бүгінгі күннің  өзекті мәселелерін таңдап, әріптестерін жетелеуге тырысады. Мектепке дейінгі білім беру саласының қызметкерлері бас қосқан осындай жиындарда жаңа технологияларды бөбекжай, шағын орталықтарда пайдаланудың тиімділігі, сәбилерге азаматтық-патриоттық тәрбие берудің маңызы, жаңартылған мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мазмұнын іске асырудың негізгі бағыттары талқыланып, педагогтардың жаңа заман талаптарына лайықты қызмет атқаруы және өз беттерімен ұстаздық шеберліктерін шыңдауына аса маңыз беріледі.

Өз өмірін бала тәрбиесіне арнаған жаны мейірім мен нұрға толы болатыны заңдылық, өйтпесе, ертеңге сеніммен қарап, адамгершілік қабілеттерді бойына сіңірген тұлғаны тәрбиелеу мүмкін болмас еді. Жылы жүрегімен, ізгі көңілімен, мейірбан мінезімен ерекшеленетін Светлананы балалардың арасынан көре қалсаңыз, өмірден өз орнын тапқанына анық көз жеткізесіз. Расында да, балалардың тұлғалық қалыптасуында тәрбиешілердің біліктіліктерін арттыруда бар білгенін аянбай, тек өзгелердің ғана емес, өзінің де біліктілігін ұдайы шыңдап жүретін маманның балалардың ойлау қабілетін, танымдық әрекетін ойын арқылы жетілдіру, олардың денсаулығын нығайта отырып, ерте жастан спортқа талпындыру бағытында салмақты еңбегі бар. Мысалы, ол «Ойындар мен ойыншықтар», «Денсаулық – зор байлық» әдістемелік апталықтарын үздіксіз ұйымдастырып келеді. Сонымен қатар әрбір педагогтың өз дәрістерінде жаңашыл идеялармен жұмыстануын да назардан тыс қалдырып көрген емес.

Оқу тәрбие жұмысында ата-анамен тығыз байланыстың орнатылуы маңызды. С.Халенқызы қызмет ететін бөбекжайда бұл жұмыс жолға қойылған. Себебі, әдіскер өз қызметінің басым бөлігін ата-аналармен ықпалдастықтың орнауына арнайды. Міне, осы мақсатта ол осыдан 3 жыл бұрын «Сиқырлы сөз» жобасын қолға алды. Авторлық бағдарламаның ата-аналардың педагогикалық мәдениетін, әлеуетін арттыруда берген нәтижесі мол. Оның дәлелі — бұл жоба аясында Светлана Халенқызы 2017 жылы облыстық «Ең үздік мектепке дейінгі ұйым әдіскері» байқауында шеберлік сыныбын қорғап, жеңімпаз атанды. Осы байқаудың республикалық кезеңінде бағы мен бабы келіскен ол өзге әріптестерінен оқ бойы озық шығып, еліміздің үздік әдіскері атанғанын барша ақжайықтық мақтан тұтады.

Айта кету керек, Светлана Халенқызы әдістемелік қолдау көрсететін ұжым қызметкерлері де айтулы көрсеткіштерге қол жеткізіп жүр. Мысалы, «Мәңгілік ел» бағдарламасы республикалық байқауында педагог Меңсұлу Хамиева 3 дәрежелі дипломмен марапатталса, «Қыс қызығы» республикалық байқауында «Зеректер» ортаңғы тобы 1 орынға ие болды. Осы додада еңбектері елеулі бөбекжай меңгерушісі Ақтоты Таниева мен біздің кейіпкеріміз алғысхатпен марапатталды.

Дегенмен, Светлана Халенқызы үшін әріптестерінің шығармашылығын, шеберлігін, талантын жаңғыртып, өз ісінің шебері атанғанынан асқан үлкен марапат жоқ. Себебі, уақытпен санаспай атқаратын тынымсыз еңбегінің жемісі бұл.

Ә.СЕРІКҚЫЗЫ

МЕРГЕН