5.06.2020, 11:12
Қараулар: 107
Шәкіртіме тілегім зор

Шәкіртіме тілегім зор

Музыка саласындағы мұғалімдік жылдарыма үңілсем, сәулелі шақтар мен аяулы сәттер ойға оралады. Алдыңа келген шәкіртке білім мен тәлім беріп қана қоймайсың, оның өмір сабақтарын меңгеруіне белгілі бір дәрежеде жауаптысың, сөйтіп жүріп өзгенің баласына бауыр басып кетесің. Арада қанша жылдар өтсе де, көңіл түбінде ұмытылмайтын сәттер жатыр. Бүгінде шәкірттерімнің бір шеті Астана мен Алматыда, берісі облыстың түкпір-түкпірінде, арасында өзіммен бірге иық тіресе еңбек еткендері де бар. Олардың бірі адами қалпымен жақын, бірі биязы мінезімен баурайды, бірі білімі, еңбеккерлігімен тәнті етеді.

Елден жырақ жүрсе де, еңбек демалысында «ұстазым» деп арнайы іздеп келіп, сәлем беріп кететін балаларымның орны бір төбе. Осындай оқушым еді деп мақтануға тұрарлық, қағылез оқушымның еңбегін елге таныстыруды жөн көрген жайым бар.

Алғаш саз мектебіне фортепьяно аспабын үйренемін деп келген Шынардың қабілетіне сүйсінгенім соншалық, бірден өзімнің, яғни қобыз сыныбына шақырдым. Киелі қобыздың қоңыр үні құлағына жаққан шығар, балауса балдырған бірден келісе қойды. Осыдан соң 5 жыл қатарынан әсемдікті қабылдап, саз өнерін бағалауға және түсінуге бағыт алдық. Талай, дарынды, қағылез шәкірт тәрбиеледік. Әрқайсысының орны ерекше. Ал Шынарымның жан-дүниесі нәзік болатын, көп үндемесе де, айтқаныңды қағып алып, көп істі тындыратын. Бала  болса да, табандылығы ересектерден кем түспейтін. Кейбір музыкалық иірімдерді ойнауға бастапқыда қолының ебі келмей жатса, соны игергенше, жалықпастан, жаттыққан күндері де жадымда.

Білігі, адамгершілігі, өнері, ұлтжандылығымен ерекше көрінетін Шынар Ибатова нағыз өнерпаз деп бағалаушылар жалғыз мен емес. Әкенің балаға сыншы болатыны сияқты, өзің тәрбиелеген шәкіртің туралы кейде өзіңше тұжырым, болашағына болжам жасап  жатасың, кейде дөп түсесің, кейде ол оқушы ойлағаныңнан да артық межеден көрінеді. Білімге құштар Шынардың өзге салада да жарқырай көрінуі бек мүмкін еді, дегенмен ол сол өзі балауса шағында таңдаған өнердің сара жолына түсті. Мектепті тәмамдасымен Орал қаласындағы музыка колледжіне қобыз аспабы бойынша білім алады. Артынша шеберлігін шыңдауға бет алып, өнердің астанасы Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияға түсті. Бұл шаңырақта жүрген кездің өзінде-ақ Шынарым жер жүзіне әйгілі Құрманғазы атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің құрамында өнер көрсеткенінің өзі тамсануға тұрарлық. Қазір ол осы ұжымның белді мүшесі. Небір өнерсүйер қауымның ықыласына ие болған, мүйізі қарағайдай музыка сыншыларынан жоғары бағаға ие оркестрге мүше болу екінің біріне бұйыра бермейтіні мәлім. Шәкіртімнің әлемнің алпауыт елдерінде өнер көрсетіп, көптің қошеметіне бөленгені, талай өнер додаларында алдына жан салмай, жеңімпаз атанғаны – менің мерейім. Себебі ол қазақты, оның өнерін, ұлы шығармаларын жер жүзіне танытуға өзіндік үлесін қосып жүр. Ұстаз үшін бұл, шындығында да зор бақыт.

Жуырда елдегі төтенше жағдайға байланысты ол бірнеше өнерпаздармен қосылып, онлайн-концертте өнер көрсетті. Көз жанарым солғын тартса да, көкірек көзім ояу, шәкіртімнің қобызда ойнау мәнерін айқын байқадым. Төрт ішекті ысқымен керген ырғақтың өзінде үлкен шеберлікті таныдым. Өзімнен озған шәкіртімнің өнеріне сүйсіндім.

Лайым, еңбегің жана берсін, жақсылыққа бөлене бер, қобызшы қызым!

Бәтес КҮЛБАРАҚОВА,

ардагер-ұстаз,

ЧАПАЕВ.