5.06.2020, 11:19
Қараулар: 183
Адамдықты, адалдықты пір тұтқан

Адамдықты, адалдықты пір тұтқан

Уақыт өткен сайын айналаңа ойлы көзбен қарап, жақсы-жаманды саралай бастайсың. Бұрын журналистика саласында азды-көпті жұмыс жасап қалған соң, қолыңа еріксіз қалам аласың.  Сондай сәттерде өзіме үлгі болған ауылдас ағалар еске түседі. Рамазан Ахметов, Ғиззат Шанайұлы, Есім Меңдіғалиұлы т.б. Өзім құрмет тұтқан ағалардың қатарында дәрігер, ауылдас ағамыз  Карл Мұқаметжанұлы  Өтепбаевтың да орны бөлек. Карл ағамыз да Алғабас ауылының топырағында дүниеге келген, менің жерлесім. Ағаның ұлағатты өмірі, кәсіби шеберлігі, адами қасиеттері жөнінде айтылған әңгімелер бала кезден құлағымызда қалды. Ағамыздың көк жигулиі болатын. Қайда бара жатса да, жолшыбай кездесе қалса да,  тоқтай қалып, амандық-саулық сұрасқан соң ала кететін. Сәл жымиып қана – Келін, балалар сау ма?- деп жағдайыңды сұрағанның өзіне мәз болып қалатынбыз.

Иә , ауылдас, жақсының көзі болған ағамыздың  қуғын-сүргін құрбаны болған әкеден қалған ұл екенін білмеуші едік. Ол жайында кейін естідік. Ағамыздың өмірбаяны, тағдыры оқырманға түсінікті болу үшін әңгімені басынан бастап, толығырақ тоқтала кетейін.

Карл Өтепбаев  денсаулық саласына 32 жыл ғұмырын арнаған, бұрынғы Чапаев ауданының құрметті азаматы, денсаулық сақтау ісінің үздігі, жоғары санатты хирург. Ол талай тұрғынның алғысын алған абзал жан. Абыройлы азаматтың дәрігерлік қызметі сонау 1958 жылдан  басталады… Чапаев ауданының орталық ауруханасында ұзақ жыл басқарушылық қызмет атқарған Карл Мұқаметжанұлы  Өтепбаев  дәрігерлік мамандықты бала күнінен аңсаған екен. Көзі тірі кезінде Карл ағамыз өзі айтып отыратын: «әкем Мұқамбетжан сол кездегі сталиндік қуғын-сүргіннің құрбаны болып айдауда кеткен. Ол кезең қаһарлы 1938 жыл еді. Анамыз Мағрипа сегіз құрсақ көтерген. Ауылдың балалары ол кезде алдын ала егілу дегенді білмейтін. Соның кесірінен жанұядағы дүниеге  келген балалардың менен басқасы бәрі де  жастай кетті. Тек жалғыз үлкен апам 15-ке жетіп, дүниеден озыпты. Тағдырдың жазуы ғой, сөйтіп мен әкеміз айдауға кеткеннен кейін атамыз Өтепбайдың қолында жалғыз қалдым. Есейе келе, өмірден ерте кеткен бауырларымның қайғылы тағдыры менің жаныма қатты батты. «Қайткен күнде де бейкүнә сәбилердің тірі қалуға мүмкіндігі бар еді ғой» деген ой мені қатты мазалайтын. Мектепті бітіргеннен кейін дәрігер болуды армандадым. Өмірден жастай кеткен менің бауырларым секілді науқасқа шалдыққан сәбилерді аман алып қалуды өзіме міндет санадым.

Сондықтан мектепті алтын медалмен бітірдім. Көздегенім – медицина маманы атану. Бірақ ол кезде дәрігерлерді елімізде тек Алматыдағы Медицина институты оқытатын. Алыс жолға  баратын мүмкіндік те жоқ. Дәлірек айтсам , қуғын-сүргіннің қатал ызғары шарпып өткен біздің отбасымыздың жағдайы мәз емес еді. Сөйтіп амалсыздан жақын жердегі Саратовқа бет алдым. Бір жағынан, әкемізден ерте айрылып , отбасымыздың бүкіл ауыртпалығын көтеріп, уайым-қайғыдан зардап шеккен анамнан да алыстап кеткім келмеді. Ойдағыдай бітіріп шыққан соң, ауылдағы аудандық ауруханаға жұмысқа тұрдым. Сондағы қуанышымда шек болған жоқ. Оған дейін ауылымызда шағын ғана аурухана бар болатын. Кейін үлкен аурухана ашылып, іші дәрігерлерге тола бастады. Осылайша еңбек жолым басталды. Бұрын бала кезімізде ақ халат киген адамдар бізге таңсық көрінетін. Ол заманда дәрігер болғысы келген азаматтың арманы бірден орындала қоймайтын. Өйткені, медициналық оқу орындарына түсу үшін қажырлы еңбек, зор зейін, ерекше талап қажет болатын. Сондықтан  дәрігерлік жұмысымды бастаған кезде көздеген арманыма жеттім деп есептедім. Алайда, балалық шағымдағы, отызыншы жылдардағы сталиндік қуғын-сүргін кесірінен көрген қиындық, өмірден қыршын кеткен бауырларым есімнен бір сәтке болса да шыққан жоқ…

…Иә,Карл ағамыздың айтқан осы бір әңгімесі әлі күнге есімнен кетер емес. Шындығында да, кезінде ауданымыздың мақтанышына айналған азаматтың өткен өмір жолы гүлмен өрілмеген екен. Ағамыз 1934 жылы тамылжыған мамыр айының жиырмасы күні Алғабас ауылында, Киров селолық советінің Тельнов селосында дүниеге келген. Атасы Өтепбай мен әжесі Рабиғаның мәйіттері сол жердегі ескі қорымда жатыр. Әкесі Мұхамбетжан репрессия құрбаны болып айдалып кеткеннен кейін осылардың қолында ержетті. Есейіп ержеткесін аудан орталығы Чапайға келіп, осындағы қазақ мектебінде білім алды. 1952 жылы Чапаев қазақ мектебін алтын медальмен бітірді. Сол жылы жаңа айтып өткеніміздей Саратов мемлекеттік медицина институтына оқуға түседі. Ол оқу орнын 1958 жылы бітіріп шығып, туған ауылына келіп, аудандық аурухананың хирург-ординатор, кейіннен аудандық медицина бірлестігінің бас дәрігері қызметтерін атқарды. Оның тынымсыз еңбегі   «Қажырлы еңбегі үшін», «Еңбекте үздік шыққаны үшін»  медалдарымен және «Денсаулық сақтаудың үздігі» белгісімен марапатталды. 1974-1984 жылдар арасында аудан орталығында медицина училищесінің филиалы жұмыс істеген кезінде К.М.Өтепбаев осы филиалдың директоры ретінде 150-дей орта буын медицина қызметкерлеріне білім беруде де біршама еңбек сіңірді. Сүйген жары Мақтым апамыз да 1936 жылы дүниеге келген осы Ақжайық өңірінің тумасы. 1954 жылы 10 класс бітіргеннен кейін Киров атындағы Мемлекеттік Университеттің физика-математика факультетіне оқуға түсіп, 1-ші курстан кейін Орал пединститутына ауысты. 1958-88 жылдар аралығында  Чапаев қазақ орта мектебінде еңбек етті.

Бұл күндері Карл ағамыз да, Мақтым апамыз да бұл дүниеден озған. Мәңгілік мекендерінде. Әйтседе, орнында бар оңалар дегендей ұрпақтары әке жолын жалғастырып келеді.

Мақтым Бекмашқызы мен Карл ағамыз  бес баланы өсіріп, солардан сегіз немере сүйіп, қызығын көрді. Барлығы да жоғары оқу орындарын бітіріп, білікті маман иелері атанды. Ұлы Асқар әке жолын қуып, дәрігерлік мамандықты таңдады. Тәжірибелі дәрігер 2002 жылы Ақжайық аудандық денсаулық сақтау бөлімін басқарса, осыдан кейін оған Зеленый ауданы Переметный ауылындағы жаңа аудандық аурухананың басшысы қызметі сеніп тапсырылды.

Карл Мұханбетжанұлының  келіні, ұлы Замирдің жолдасы Ақмарал Жеңісқызы да Ақтөбе қаласындағы Мемлекеттік медицина институтын ойдағыдай бітіргеннен кейін 1990 жылы еңбек жолын дәрігерліктен бастады. Бүгінгі таңда Ақсай қаласындағы емханада білікті де, тәжірибелі дәрігерлердің бірі.

Атасы мен әкесінің жолын таңдаған немересі Абылай  Астана қаласындағы  медицина университетін бітіріп, Орал қаласындағы стоматология клиникасында тіс дәрігері болып, жемісті еңбек етіп, атасы мен әкесінен қалған қасиетті мамандықтың тұтқасына ие болды. Міне, Өтепбаевтардың дәрігерлер династиясы осылайша дәстүр сабақтастығын жалғастыруда.

Асыл ағамыз туралы бұл толғанысымды ең әуелі базарлы балалық шағымыздың ең шуақты шақтарымен байланыстыра жазуға ниеттенген едім. Ойлана келе, осынау шағын мақаламды келешекке арналған жақсы тілекпен аяқтағанды жөн көріп отырмын. Құдайға шүкір,  бүгінде балалары Құмар , Замир, Асқар бәрі де бір-бір отбасының иесі атанды. Осылардан тараған Карл Мұханбетжанұлының бірнеше буын ұрпағы өсіп-өніп, тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Осыған көңілімізді бір марқайтсақ, кең-байтақ Қазақстанның түкпір-түкпірінде тұрып жатқан тума-туыспен, ағайындардың бірлігі бекемдігі көңілге тағы да қуаныш ұялатады.

Кешегі қаһарлы отызыншы жылдарда қуғын-сүргін көрген жанұяда өсіп-өніп, бар ауыртпалықты еңсерген  Карл ағамыздың өзі арамызда болмаса да, кейінге үлгі етерліктей жақсы істері мен естеліктер қалды. Артында әке ізін жалғастырған ел абыройына бөленген ұрпағы қалды.

Ауыл-елге сыйлы  асқар таудай  әке  мен ардақты ананың  ұрпағының бойына сіңіріп кеткен бауырмалдық сезім мен сыйластық желісі баянды бола бергей.

Алдаберген СӘРСЕКОВ,

өлкетанушы, тарих пәні мұғалімі,

ЧАПАЕВ