5.06.2020, 11:23
Қараулар: 29
Баянтөбедегі қоныстой

Баянтөбедегі қоныстой

Өткен аптада аудан орталығының тұрғыны республикалық қайырымдылық қорының қолдауымен баспаналы болды деп көпшіліктен сүйінші сұрадық, ал күні кеше Базаршолан ауылдық округіне қарасты Баянтөбе ауылында Жәрдем Шәріпов те қоныстойын тойлады.

Осыған дейін үш баласымен апатты үйді паналаған Жәрдем Шәріпов осы ауылда туып-өскен. Мұнда оның туыс-жақындары жоқ, дімкәстігі де сыр беріп, үйін жөндеуге қал-қадірі жетпей, біраз қиналыпты. «Ауылға айтсаң – асар, көршіге айтсаң – қосар» деген, ауылдас ағаларының басындағы ауыр жағдайға баянтөбелік жастар бей-жай қарай алмады. Олар әлеуметтік желіде көмек тобын ұйымдастырып, игі іске Алматы, Атырау, Орал, еліміздің басқа да қалаларында тұратын замандастарын жұмылдырады.

Ауылдың әр қазағы бір-біріне қарайлас, аз ғана уақыттың ішінде 400 мың теңгеден астам қаражатты жинаған олар үй сатып, оны жөндеп те қойыпты. Осылайша іші-сырты сыңғырлаған күйінде тұрғын үйді Ж.Шәріповке табыстады. Жаңа баспанаға қоныс аударған Жәрдемнің қуанышына бүкіл жерлестері ортақтасып, Базаршоланнан округ әкімі Ерлан темірғалиев, аудандық мәслихат депутаты Қанапия Таспай арнайы келді. Айта кетерлігі, ауылдық округ әкімдігі жастардың жарқын бастамасын қолдар, мұқтаж жанның баспанасына ауыз су да кіргізіпті. Қысқы отынын ауыл жастары өздері жеткізіп беруге уәде етіп отыр.

Әсел САҒЫН