15.06.2020, 9:29
Қараулар: 78
Театр ұжымы — ауданда

Театр ұжымы — ауданда

Кеше ауданға Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театры ұжымы келді. Алдымен сахна саңлақтары жыр жебесі – Жұбан ақынның ескерткішіне тәу етіп, аудан әкімі Қалияр Айтмұханбетов қабылдауында болды. Театр ұжымы есімі алашқа әйгілі Жұбан ақынның 100 жылдық тойына  орай ақын туған өңірмен танысуға келген. Кездесу барысында театрдың директоры Салтанат Абуғазиева театр ұжымы  «Жұбанша-манифест» атты пьесаға дайындық жұмыстарына кіріскенін, ақынның рөлін талантты актер Темірхан Матаев сомдайтынын айтты. Төтенше жағдай режимі аяқталысымен ақынның өмірі мен шығармашылығын айшықтайтын қойылым көрерменге жол табады. Қаржылық қолдау көрсетілсе, еліміздің басқа да қалаларына гастрольмен шықпақ.

Қалияр Шадиярұлы Жұбан Молдағалиевті дәріптеген шығармашылық ұжымға ақжайықтықтардың атынан ризашылығын білдіре отырып, «Мен қазақпын» деп, күллі әлемге жайған ақиық ақынның мерейтойына арналған іс-шаралар жоспарымен таныстырды. Үш күнге созылатын шаралар легі  облыс орталығынан бастау алмақ. Мұнда ақынның ескерткішін ашылып, ғылыми конференция ұйымдастырылады. Осыдан соң еске алу шаралары ақынның туған жері Сайқұдық пен Жұбан ауылдарында жалғаспақ. Соңынан мерейтой дала қызықтарына ұласып, республикамызға танымал өнерпаздардың концерті, от шашумен мәреленбек. Аудан басшысы театр әртістеріне шығармашылық табыс тілеп, мағыналы қойылымның Жұбанның 100-жылдығына керемет тарту екендігін айтты.

Осыдан соң сахна майталмандары ақынның туған жері – Қурайлысай ауылдық округінде болып, оның көзін көрген ел ақсақалдарымен жүздесті.

Ләззат САМАТҚЫЗЫ,

«Жайық таңы»