15.06.2020, 9:35
Қараулар: 25
Мал шаруашылығындағы мәселелер талқыланды

Мал шаруашылығындағы мәселелер талқыланды

Өткен аптада аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов аудандық бөлім басшылары және ауылдық округ әкімдерімен жиын өткізді. Басқосуда бүгінгі күнге өзекті мәселелері, яғни мал бағымын ұйымдастыру, саланы цифрландыру бойынша ауыл шаруашылығындағы көрсеткіштер, шабындық науқанына кірісетін техникалардың дайындығы, жерді тиімді пайдалану, төрт түлікті бірдейлендіру жөнінде хабарламалар жасалып, тиісті шешімдер қабылданды.

Алдымен саладан дерек-дәйек келтірген ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мұрат Сердалин малды асылдандырудың беталысын саралады. Аудандағы қазақтың ақбас тұқымын өсіретін 52, Көшім жылқысын өсіретін 5 асыл тұқымды шаруашылық, Ақжайық етті-жүнді қой өсіретін 1, Еділбай тұқымын көбейткен 4 қожалық жұмыс жасауда.

Елімізде қабылданған ауыл шаруашылығы жобалары мен бағдарламалары бойынша да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Жыл сайын Үкімет тарапынан ауыл шаруашылығы саласына көмектің түрі де ұлғаюда. Осының нәтижесінде өткен жылы иеліктер асыл тұқымды 1581 ірі қара, 26 айғыр, 1073 қой, ағымдағы жылдың 5 айында 578 бұқа, 355 қашар сатып алды. Биыл шаруашылық құрылымдары бойынша 547 бас бұқаға қажеттілік туындаса, қазірдің өзінде табындарда 610 бас бұқа бар.

Селекциялық және асылдандыру жұмыстарына қатысатын шаруа қожалықтарының саны еселеп өсуде. 2019 жылы олардың 264-і 19692  аналықпен қатысса, биыл 24184 бас қамтылады деп жоспарлануда. Аудандағы шаруа құрылымдарында 22933 аналық бар болса, соның 21791 басы тұқымдық түрлендіруге қатынасқан. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде Үкімет тарапынан берілетін көмек қаржыны алушы ауылшаруашылық құрылымдары қатары көбеюде: қазірдің өзінде 197 қожалық 17179 басқа 171 млн 790 мың теңге демеуқаржы иеленген.

Баяндамада бұдан әрі М.Амангелдіұлы мал бағымын ұйымдастыру бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Биыл елдімекендерде ірі қара малының 80 бағымы қолға алынсағ олардың 24-і ауыл шаруашылық өндірістік кооперативіне тиесілі, 39 бағытта мал кезекпен бағылуда, 17 бағыт бойынша жеке тұрғындардың 1783 бас малының бағымына бақташы жалданған. Бұл қызметте жүрген адамдармен келісімшарт жасау міндеттелген болса, тек үшеуінде ғана тиісті құжаттар рәсімделген. Демек, бұл бағытта әлі де белсендірек жұмыс қажет.

Ауыл шаруашылығы саласында да заманауи бетбұрыстар аз емес. Айталық, ауданның 2019-2020 жылға бекітілген Жол картасына сәйкес, өткен жылы «Мұқаш», «Өркенде», «Дария», «Сәбит» шаруа қожалықтары 56 шақырымдық алқабын электронды бақташымен қоршаған. Биылдың өзінде де оның пайдасын ұғынған 5 құрылым заманауи құрылғыны 46,5 шақырым иелігіне орнатты. «Рахат» қожалығы иелігіндегі түлігін дронға сеніп тапсырса, 4 қожалық өз малының жүрген бағытын GPS-трекерлердің көмегімен анықтауда.

Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында бүгінде тіпті шалғайдағы қыстақтар баламалы энергия көздерімен қамтылуда. Соңғы үш жылда 29 модульды гибридтік сорғыс стансасы, қуаты 2 кВт-тан басталатын 114 күн сәулелі панель орнатқан. Ағымдағы жылдың 5 айында оның 75-і қыстақтардан орын тепті.

Жиында сөз алған аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұрғали Мүтиев ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлерді түгендеу, пайдаланылмайтын жерлерді қайтару жұмыстары туралы баяндады. 2019-2020 жылдары жүргізілген түгендеудің нәтижесінде 132,7 мың га алқаптың пайдаланылмай жатырғаны анықталып, оның 50 169 га учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды. Заң бұзушылыққа орын берген 5 қожалықтың тарапынан төленетін жер салығын 10 есеге көбейту жөнінде мемлекеттік кірістер басқармасына құжаттары жолданып, 4 азамат толығымен өтеді. Иелігіндегі жерін тиімді пайдаланбаған 71 қожалықтың құжаттары жер инспекторына жолданған.

Бүгінгі таңда  Qoldau.kz  порталында ауданға тиесілі 1 191 182 га жер учаскелерінің тек 1 002 321 гектары енгізілген. Н.Мүтиев бұл жерлердің болашақта  ғарыштық мониторинг арқылы түгенделетінін қаперге салып, ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлерін цифрландыру жұмыстарын толық аяқтау қажеттігін ескертті. Бұл шаруа Қарауылтөбе, Алғабас, Ақсуат округтерінде түгелдей аяқталған.

Бақша шаруашылығымен айналысатын қожалықтардың да иелігіндегі жер телімдерінің ұтымды пайдаланылуы назардан тыс қалған жоқ. Жуырда Тайпақ, Алмалы ауылдық округтері бойынша қоғамдық кеңес мүшелері далалық анықтау жұмыстарын қолға алмақ.  Сонымен қатар бөлім басшысы бақша егушілер тарапынан орын алатын кейбір мәселелерді де тілге тиек етті. Ол танапты қалпына келтірмеген, яғни жерді бүлдірген иеліктерге қатысты заң жүзінде шара алынып, 83 340 теңге көлемінде айыппұл салынатынын хабарлады.

Осында аудан әкімі жер қатынастарына байланысты істі сауатты орындаудың маңызын атап көрсете отырып, кәсіпкерлік мақсатында жер учаскелерін бөлуді аса ықтияттылықпен жүргізу қажеттілігін қаперге салды. Ол бұл мәселеде тиісті мекеме, округтердің ыждағаттылық танытуын талап етті.

Кеңестегі өз сөзінде аудандық ветеринариялық стансаның жергілікті мемлекеттік коммуналдық мекемесінің директоры Асхат Абдешов  мемлекет тарапынан жәрдемақша алу үшін түліктердің саулығы талапқа сай болуын еске салды. Өкінішке қарай,- деді ол,- бруцеллез кеселімен жағдай күрделі күйінде тұр, бұл тіпті адамдарға жұғуда. Өткен 5 айда былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда, мүйізді ірі қараның кеселге шалдығуы азайса, уақ жандықтың арасында ауру көп таралған. Яғни 243 бас ірі қара, 366 бас қой-ешкіден бруцеллез анықтылып, ет комбинаттарына тапсырылды. Малды ветеринариялық байқастаудың толық жүргізілмеуі, кеселді малдан мезгілінде арылмау көрсеткіштердің өсуіне әкелуде.

Сонымен қатар А.Абдешов ауыл шаруашылығы малдарын бірдейлендіру, бұралқы ит-мысықты аулау, мал моласын жасақтау мәселелеріне де жіті тоқталды.

Барлық дербес бөлімдердің есептері бойынша аудан басшысы көптеген салалардың қызметін жандандыру бойынша бірқатар тапсырмалар беріп, жұмысты бір жүйеге келтіру керектігін атап өтті. Жиналғандар баяндамашыларға сұрақ қойып, пікір алмасты.

Ә.СЕРІКҚЫЗЫ,

«Жайық таңы»