15.06.2020, 9:37
Қараулар: 75
Білім саласының жаңғыратыны сөзсіз

Білім саласының жаңғыратыны сөзсіз

Ел Президенті  Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру жүйесі мен ғылым саласына айрықша көңіл бөліп, бұл саладағы жұмыстарға қарқын үстеуде. Соның анық айғағы – Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде сөйлеген сөзі. «Жаңа ахуал білім және ғылым жүйесін түбегейлі реформалауды талап етіп отыр. Енді бұл саланың маңызы арта түсетіні анық. Тіпті экономиканың өзі соған тәуелді болмақ» деп, бүкіл мемлекеттік саясатты соған сәйкес жүзеге асыру қажеттігін мәлімдеді. Сонымен қатар ол қала мен ауылдағы мектептің айырмашылығын қысқарту, балалардың қауіпсіздігі, оқулықтардың жаңартылуы, өзге де салмақты мәселелердің күрмеуін шешу үшін айқын тапсырмаларды салмақтады.

Әрине, бұл міндеттелген жұмыстың барлығы өз деңгейінде орындалса, білім мен ғылымның дамуына үлкен серпін беретіні анық. Білімді қаржыландыруға бөлінетін қаражаттың алты-жеті есеге өсіп, соның ішінде «Педагог мәртебесі туралы» заң ауқымында  мұғалімдерді ынталандыру  шараларының қолға алынатыны сүйсіндіреді.

Білімнің сапасы тек мұғалімге емес, оқулыққа да тікелей байланысты. Еліміздегі оқулықтардың мазмұнына айрықша көңіл бөліп, сапасыз оқулықты жазған адам заң жүзінде жауапкершілікке алынса, енді орта білім саласының жаңаша форматта жаңғыратыны сөзсіз. Балалардың интеллектуалдық, спорттық шығармашылықтарын дамыту үшін қосымша білім берудің маңызыдылығы да қамтылды мәлімдемеде.

Пандемия кезінде бүкіл қоғам мұғалім мен дәрігер қызметінің маңызын, орнын ұғынды десек, артық айтқандығымыз емес. Білімін жетілдірілген, сол арқылы бүгінгі ұл-қыз, ертеңгі ел тұтқасын ұстар азаматтарымызды тәрбиелеген ел озады әрдайым. Президентіміздің дағдарыстың өзінде-ақ маңызды саланы дамытуға зор мүмкіндіктер бергенін қызу қолдаймын, себебі сапалы білім – жетістікке жетудің жолы, әрі экономиканы дамытудың басты құралы. Ал біз, ұстаздар қауымы өз тарапымыздан артылған жауапкершілік пен сенімнің үдесінен шығып, қарымды еңбекпен үн қатуымыз тиіс.

Ерлан Досалиев,

№1 орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі.

Чапаев.