15.06.2020, 9:48
Қараулар: 72
Мүмкіндік мол, серпіліс керек

Мүмкіндік мол, серпіліс керек

«Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез», – деп ұлы Абай айтқандай, ұстаз – әрқашан ілім мен ізгілікті алға қоятын тұлға. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ауыл-қалада орныққан игі істер, әрине, көңіл қуантады. Келешек ұрпақтың сапалы да саналы білім алуының қамы-дағы бұл. Өзім ұстаздық қызмет еткен жылдарда бізде қазіргідей жағдай болмады. Қабырғалары сөгілген, қыста суық мектепте оқушы түгілі, мұғалім де дірдектеп әрең отыратын. Ал қазіргінің білім ошағында жағдай мүлдем басқаша, барлық мүмкіндіктер бар.

21-ші ғасыр – бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман. Сондықтан елімізде балаларымыздың білім алуына, өсіп-өніп, дамуына қолдау зор. Оны зейнеткерлікке шықсақ та, күнделікті ел жаңалығына елеңдеп отыратын біз де анық сезіп отырмыз. Күні кеше Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде сөйлеген сөзінде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев білімге құйылатын қаржының 6, ғылымға бөлінетін қаражатты 7 есеге дейін арттыруды тапсырды. Бұл, түсіне білгенге еліміздің жарқын болашағын қамдаған көшбасшының ісі. Тіпті балабақшаға баратын бүлдіршіндерді де мектепке дайындау үрдісіне толықтырулар енгізіліп, көптеген бағдарламалар дайындалуда.

Бұл істердің барлығы да білімі терең, ойы озық ұрпақты тәрбиелейтін мұғалімдер қауымына  аса зор жауапкершілік жүктеледі, серпілетін уақыт келді. Сіздердің бүгінгі шәкірттеріңіз еліміздің жарқын болашағы екенін ұмытпағайсыздар.

Гүлшат Хабибуллина,

ардагер-ұстаз,

Алмалы.