15.06.2020, 9:51
Қараулар: 168
Еңбекті бағалаудың үлгісі

Еңбекті бағалаудың үлгісі

Қай саланың болмасын, өзіне тән ауыртпалығы да, қызығы да болады. Әлемді індет жайлаған қазіргідей күрделі кезеңде дәрігерлерге артылған жауапкершіліктің салмағы артқаны аян. Адам өмірі мен денсаулығы үшін күресу басты қағидамыз, сондықтан біз бұл салмақты, аурудың таралуын болдырмау үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз. Десе де қоғам арасында дәрігерлер туралы жаңсақ әрі негізсіз пікірлер тарағаны жасырын емес. Өз ісіне адал маман иелері талай жанның өмірін сақтап, ауруын емдеді емес пе? Кеңесте осы мәселеге назар аударған Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлерінің де беделін, еңбектерін бағалау, әлеуметтік жағдайларын көтеру мәселелеріне тоқталды.  Қарусыз майданда көпшіліктің саулығы үшін күн-түн демей, отбасыларынан жырақта жүріп, көрінбейтін жаумен күрескен әріптестеріміздің еңбегі елеулі, соған сай бағаланды да. Антына адал маманның  мәртебесін асырған Президентімізге ризашылығымыз мол.

Ел тәуелсіздігінде бұрын-соңды болмаған осындай кезеңде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарсақ, індетпен күрестің пәрмені артатыны шүбәсіз. Ел болып, халық болып, бір-біріміздің еңбегімізді бағалап, бір-бірімізге көмек қолын созсақ, нұр үстіне нұр.  Осы орайда ел Президентінің кеңестегі сөзі жанымызға жылу ұялатты.  Міне, бұл ақ халатты абзал жандардың  еңбегінің еш болмағанының айқын көрінісі, дәлелі.

Ажар Бақытқызы,

аудандық орталық аурухананың сәулелік-диагностика дәрігері.