15.06.2020, 10:10
Қараулар: 18
Судың да сұрауы бар

Судың да сұрауы бар

Су-тіршілік көзі. Аудан орталығында жаз шыққан бойда ауыз су қажеттілігі күн сайын артып,  соның салдарынан судың жетіспей жатқандығы байқалады. Тіпті тұрғындар тарапынан ауыз судың лайланып, кешкі уақыттарда қысымның азайып, кейде шүмектен тамшылап аққан суға телміріп қалатыны жөнінде арыз-шағым көптеп түседі. Газетімізде де бірнеше мәрте ауыз судың жетіспеуі жөнінде мәселе көтеріп, жарықтандырған едік.

Өткен аптада  мемлекеттік мекеме, қоғамдық ұйым өкілдері, ауыл тұрғындарынан құралған комиссия мүшелері Чапаев ауылының Исаев, Кенеев, Исатай, Бауырластар, Тауқалаков, Тәуелсіздік көшелерін аралап, тұрғындардың суды мақсатты пайдалануын тексеріп, рейд  жүргізді.  Бір сорақысы, тексерілген 11 үйдің алтауы ауыз суды техникалық судың орнын пайдаланып, бақшасын жайқалтып қойыпты. Арасында  ауласының алдында арық арқырап ағып жатса да, шелекпен тасуға ерініп,  үйге кірген ауыз суды бағына ағызғандар да бар.

Атап айтсақ, Тауқалақов көшесіндегі 16 және 2/2, Братская көшесі, 13/2, Кенеев көшесіндегі  9/1, Тәуелсіздік көшесіндегі 53 үй тұрғындарына ескерту жасалып, осындай жайт тағы да орын алса, ауызсудан айырып, айыппұл салынатындығы айтылды.

«Жазғы уақытта тұрғындардың ауыз суды мақсатсыз пайдалануының салдарынан судың қысымы азайып, лайланып, ішуге жарамсыз болып жатады. Қысымы азайғандықтан көппәтерлі баспаналардың жоғарғы қабаттарына су көтерілмей жатады. Қажеттілік көбейіп, көтерме және ұңғыма су айдау сорғылары үздіксіз жұмыс жасағаннан кейін, құрылғылар мерзімінен бұрын істен шығып, жаз басталғалы бірнешеуін ауыстырдық та. Қыс мезгілінде судың шығымы 380 куб болса, жаз айларында бұл көрсеткіш екі есеге жуық көбейіп, күніне 580-610 кубқа дейін көтеріледі. Бұның барлығы тұрғындардың суды бақша суаруға пайдаланғанының салдары. Сүзгі суды тазартып үлгере алмай, халыққа лай суды тұтынуға мәжбүр»,- дейді «Жайықтехсервис» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының су құбырының шебері Тимур Борисұлы.

Ләззат САМАТҚЫЗЫ,

«Жайық таңы»