15.06.2020, 10:15
Қараулар: 16
Шабындыққа шығар кез таяу

Шабындыққа шығар кез таяу

«Қыстың қамын жаз ойла» деген, мал баққан шаруаның қыстық жемшөп даярлауға  қамданатын кезi жақындап келеді. Өздерiңiзге аян, көктемде жауын-шашын болғанымен шөп биыл бiтiк шықпады. Соған қарамастан, ауылдағы ағайын бар мүмкіндігінше  «жасыл орақты» қамданысты құнттауда.

Алдағы қысқа аудан бойынша 132 330 шартты мал басы кіреді деп күтілуде, яғни иеліктегі түлікке қажет 239 893 тонна мал азығының қорын дайындауымыз қажет, дейді мамандар. Қожалықтарда өткен қыстан 75 047 тонна  шөп қалған.

Биыл шабындықтарда шөптің шығымы қалыпты, қоюлығы орташа болғанымен, көктің бойының  аласа болуына  байланысты шаруалар шөп шабуға кірісе қоймапты.

Аудан бойынша  өткен жылы 1360 га көлтабанға су шығарылса,  биыл 22 шаруашылық  көлтабандардың 1065 гектарына орақ салады. «Атамұра» шаруа қожалығы жылдағы үрдіс бойынша 50 га суармалы алқапқа жүгері егіп, сүрлем бастыруға кіріспек. Ақжол ауылдық округінен «Али» шаруа қожалығы суармалы жерге 100 га судан шөбін екті.

Мал азығын дайындау науқанына аудан бойынша 700-ге жуық ауыл шаруашылық техникасы жұмылдырылады деп жоспарлануда. Техникалар жөнделіп, науқанға әзірленуде.  Мамырдың 11-інен бастап  өрт қауіпсіздігінің алдын алу, техникалық жағдайын анықтау мақсатында ауылдық округтерге шығып техникалық байқау өткізу ұйымдастырылуда. Осы күнге 270 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы байқаудан өткізілді. Шаруаларға зор қолдау – науқан барысына бағасы  163 теңгемен 160 тонна дизель отыны бөлініп, оның 117 тоннасын иеліктер пайдасына жаратты.

Әсел САҒЫН