15.06.2020, 10:16
Қараулар: 88
Әділдің әдемі әлемі

Әділдің әдемі әлемі

Кәсіпкер десе, көз алдыңа соңғы сән үлгісімен киінген, креслода отырып-ақ, шаруасын тындыратын, бір қолы телефоннан, екіншісі калькулятордан босамаған адам көз алдымызға келетіні анық. Теледидардың әсерінен қалыптасқан бұл стереотип ауылдағы бизнесменнің кейпіне келмейді ау. Себебі ауылда кәсібін ашып, тірлігін түлетуге нық қадам басқан кәсіп иесі – нағыз шаруаның адамы, өз ісінің қайнаған ортасында жүреді. Өз саласының жілігін әлдақашан шағып, қыр-сырын жазбай танып алған, бос уақыты жоқ, көбіне ой үстінде. Бүгінгі мақаламыздың кейіпкері Әділ Бақтығалиев те осындай жандардың қатарында. Шаруасына мығым жігіт бізбен тілдесуге уақытты шақ тапты, әңгімелескен кездің өзінде үстімізден бірнеше адам бас сұғып, тапсырыс беріп кетті.

Әділдің қолға алған кәсібі өзгелерге қарағанда ерекше, ол секілді ауданда баспа өнімдерін шығарып, кәсіби фотосалон ашқан басқа жан жоқ. Алғашында хобби ретінде бастаған кәсібі біртіндеп қанат жайып келеді. Аудан орталығының көрнекті тұстарына әр беріп, ажарландырып тұрған баннерлерді, дүкен алдындағы жарнамаларды көріп жүрген шығарсыз. Солардың ішінарасы – осы епті жігіттің қолынан шыққан туындылар.

Бәрі де қызығушылықтан басталады. Аудан орталығындағы колледжде электронды есептеуіш машина операторы мамандығына білім алып жүрген кезі. Жастықтың ерекшелігі де сол: жігерің тасып, арманыңа қарай еркін құлшынасың. Бала кезінен әсемдікке құмар Әділ де барлық жасөспірім сияқты бір фотоаппарат ұстап, көңіл көзімен көрген барлық ғажапты суретке шығаруды ерекше құмар болатын. Сол арманы орындалып, сол кезде ең сәнді деп бағаланатын, көптің арасында «мыльница» деген атаумен танымал шағын аппарат қолына түсті-ау, әйтеуір. Сондағы қуанышы әлі есінде, қайта-қайта фотоға түсіріп, шығарған суреті көңілінен шыққанша байыз таппайтын. Әділдің сол фотоаппаратындағы алғашқы кадрда түнгі айдың бейнесін айшықтапты. «Мүлгіген тыныштық. Тіршілік атаулының бәрі ұйқыда. Қараңғы түннің тұнығын тек айдың жарығы ғана нұрландырып тұр еді. Тартымды көрінгелі соншалық, камерамның шүріппесін жүз рет басқан шығармын. Көңіл, шіркін, талғампаз ғой, солардың ішінен тек бір-екеуі ғана ұнады», – дейді фотограф.

Компьютердің әліппесін меңгеріп жүрген студент сол кезде «фотография саласында қызмет етемін» дей ойламапты да. Дегенмен, ақ қанат арман жайына қалдырсын ба, фотоаппараты жастанып ұйықтайтын жігіт колледжді тәмамдаған соң, осы салада жұмысқа орналасады.

Әділдің кәсіби маман болып қалыптасуына Елордадағы «Konica Minolta» фотостудиясындағы қызметті аса ықпал етеді. Дәл осында фотоөнердің қыр-сырын жетік меңгеріп, алдындағы аға-апаларынан мол сабақ алады. Әрі компьютерлік курстарда алған білімін жетілдіріп, фотография саласында қажет бағдарламаларға әбден төселді. «Сырт көзге қарағанда, қарапайым көрінгенімен, суретке түсіру асқан шеберлікті талап етеді. Сәтті фото түсіру — фотография саласы үшін басты мәселе емес. Табиғаттың ерекше құбылысын көзден таса қалдырмай,  тіпті адамның көңіл-күйін объективтің нысанасына іліктіріп, дәл солай фотоға сақтау – кез-келген адамның қолынан келе бермейтін іс. Кейде бір кадрды түсіру үшін бірнеше фотопленка кетеді. Ал кей жағдайда арнайы дайындықсыз аяқ астынан түсірілген сурет көзтартарлықтай әдемі шығады», – деп ағынан жарылады Әділ.

Студияда 1 жыл жұмыс істеп, тәжірибе жинақтаған жас маман туған ауылы – Чапаевқа оралып, осыннан бір бөлмені жалға алады. Мақсаты – жергілікті тұрғындарға сапалы қызмет көрсететін жеке фотосалон ашу. Мұнда ол фотоға түсірумен қатар адамдардың өз камерасына түсірген суреттерін шығарып, шақыру билеттері, құттықтау хаттарын басып, құжаттардың көшірмесін жасап беретін. Қосымша табыс та артықтық етпейді, ниет білдірсе, тойлы ауылдың қызықтарын хаттап, альбом ретінде тойдың иесіне табыстайтын. Ұсынатын қызметтің аясы тар болса да, фотосуретке шебер түсіретін Әділдің қызметіне сұраныс көбейді. Тынымсыз күн, ұйқысыз түндерде алғаш түсірген айдың суретіне қарап, бір тыныстап қалатын.

Біртіндеп аудан орталығында фотоқызметті ұсынатындардың қатары көбейген соң Әділ жаңа саланы меңгеруді ойластырады. Жарнамалық баспа құралдарын шығарудың мән-мәнісін өзімен бір салада жүрген жора-жолдастарынан сұрастырып, жетпеген тұстарын интернеттегі ақпараттармен толықтырып, шағын полиграфиялық баспахана ашуды ниет етеді. Табанды азамат діттеген мақсатына кәсіпкерлікті қолдаған «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасының арқасында қол жеткізді. 2012 жылы жеңілдетілген несие алған ол баннер шығаратын кең көлемді баспа құрылғысын, жаңадан фотоаппарат, өзге де қажет құрал-жабдықтарды сатып алады.

«Фотосалонның жұмысына төселіп қалғанда, полиграфиялық өнімдерді шығаратын цех ашып, тыңнан түрен салу оңай болған жоқ. Бастапқыда баспа аппаратынан шыққан өнімдердің түстерін келтіре алмай, біресе өлшемі келмей, қиналдым. Дегенмен, істі бастаған екенсің, орта жолдан тайып кетуге болмайды. Қай істі де табандылығың, төзімділігің және төккен терің баянды етеді. Қазір тапсырыспен ішкі-сыртқы жарнама түрлерін, той-томалаққа арналған атаулы қорапшалар, виньеткалар, поливинилхлорид (ПВХ) тақтайшаларынан  стенд жасап жүрмін. Тойдың сәнін келтіріп, безендіруді де қолға алдым», – дейді бесаспап кәсіпкер

Елімізде орнаған төтенше жағдай Әділдің кәсібіне де әсер етпей қоймады. Цехты жабуға тура келгенімен, тығырықтан шығар жол тауып, тұтынушыларынан тапсырыстарды онлайн қабылдады. Әр қиындықты өз пайдасына жаратып үйренген Әділ енді жұмысын тек аудан орталығының тұрғындарының тапсырысымен шектемей, шалғай елдімекендерден тапсырысты қашықтан қабылдамақ.

Тірлігі ширақ жігіт бізбен әңгіме барысында алдағы жоспарларымен де бөлісті. Сәтін салса, түрлі киімдерге тұтынушының талғамына сай сурет басып шығармақ. Керек десеңіз, арнайы құрылғысын да алып қойыпты. Қазір байқап көрмек оймен саптыаяқтарды тапсырыс берушілердің қалауынша түрлі фотосуреттермен әрлей бастады. Иә, еңбегімен сүйсіндірген осындай жандарға қарап, «Жұмысы көптің ырысы көп» деп айтылғаны анық. Олай деуге негіз де жоқ емес. Басында өзі қызмет етіп, өзі көтерген шағын бизнесі бүгін отбасылық табыс көзіне айналды. Тапсырыс көбейгенде, жолдасы  Бану  жарына көмекке келіп, қолынан келген істі өзі де шыр айналдырып кетеді.

Бұл цехта қас қарайғанша жұмыс тоқтамайды. Кәсіпкерлікке ден қойған жанның ерекшелігі, бір нүктеде тоқтап қалмайды, мақсаты биік. Біздің кейіпкеріміз де өз ісін әрі қарай кеңейтіп, жаңа қызметтермен толықтырғысы келеді. Бірақ қазіргі жалдап отырған орынында бұған мүмкіндік әсте жоқ. «Өзім ашқан бизнесімді ешкімге салмақ еткім келмейді. Қажет болса, жеке салонның ғимаратын салуға қауқарым жетеді. Бұл мақсатымды жүзеге асыру үшін Чапаевтың орталық көшелерінен жер керек. Осы ретте аудан әкімдігінің тарапынан сәл ғана қолдау болса, жетіп жатыр. Осында көлемді жер учаскесін иемденіп, өзі де қимылдамай, өзгеге де көзі қимай отырғандар жеткілікті. Елімізде жергілікті кәсіпкерлікті дамытуға баса назар бөлінеді. Бірақ мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған конкурстарға еліміздің кез-келген кәсіпкерінің қатысып, лотты ұтып алуға қақысы бар. Осындайда бұрыннан осы салада қомақты тәжірибе жинағандардың бағы озып, біз секілді енді-енді аяғына тұрып келе жатқан кәсіпкерлерге біраз қиындықтар туындайды. Аудан бойынша жарияланған полиграфиялық қызметтердің барлығы дерлік облыс орталығындағы цехтардың қанжығасында кетеді. Ауылдағы бизнесті сонда қалай түлетеміз. Ауыл десе, мал шаруашылығы ойға оралатын кез әлдеқашан кетті. Ауылдың әлеуеті артып келеді. сондықтан сервистік саладағы  жергілікті бизнеске де қолдау көрсететін кез келді», – деп, базынасын айтты Әділ.

Біз де азғантай демеу болса, арманы ақиқатқа айналдырар жастың бар тілегінің орындалғанын тілейміз.

Ләззат ӨТЕГЕНОВА,

«Жайық таңы».

Суретті түсірген Азамат ҚАНАПИЯ