15.06.2020, 10:26
Қараулар: 68
Ноғайлының кенже жырауы

Ноғайлының кенже жырауы

Қазтуған Сүйінішұлы тарихи деректер бойынша 1420 жылы Астрахань облысына қарайтын Красный Яр қаласының төңірегінде, Бозан, Ақтұба өзендерінің бойында дүниеге келгені туралы деректер келтірілгенімен, толғауларындағы жыр шумақтарынан жыраудың Ақжайық өлкесі, нақтырақ айтсақ, қазір Қабыршақты ауылдық округі орналасқан аймақта өмір сүрген деп тұспалдауға болады. Көшпелі тірлік салтын ұстанған ықпалды әулеттен шыққан ол айтулы жорық жырауы, әскербасы, батыр болған. Ел арасында «Қарға бойлы Қазтуған» атанып кеткен.

Әкесі Сүйініштің Қазтуғаннан бөлек Азамат және Әдіжі есімді тағы екі ұлы болған. Оның арғы ата-бабалары Ноғай Ордасының билеушілері еді. Әкесі Сүйініш Абдоллаұлы Еділ бойында өмір сүрген, кейін Қобан жаққа өтіп кеткен. Яғни, Қазақ хандығына қоныс аударған.

Қазтуған жыраудың туған және қайтыс болған жылдары күні бүгінгі дейін белгісіз. Кейбір деректерде ХV ғасырда өмір сүргені жазылса, енді бірінде ХVІІ ғасырдың перзенті екені айтылады.

Мәселен Әнес Сарайдың «Ноғайлының рухани өмірі» атты еңбегінде:

«Қазтуған – Ноғайлы жырауларының ең кенжесі: XVII ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген тұлға. Жыраудың өмір сүрген кезеңін анықтауға Ноғайлы шежірелері септеседі», – дейді.

Жазушы М.Әуезов: «Қазтуған шежіресі былай түзіледі: Ысмайыл – Дінбай – Тінікей – Абдол – Сүйініш – Қазтуған. Ысмайыл Мұса бидің ортаншы ұлдарының бірі болғандықтан, 1480 жылдар шамасында дүниеге келді деп болжауға болады. Ал өлген жылы – 1563 жыл. Оның төртінші ұлы Дінбай Орыс би заманының 1578-1590 жылдары атыс-шабыстың бел ортасында болды. Қазтуған – Ысмайылдың бесінші ұрпағы. Әр ұрпаққа 20-25 жастан бергенде Қазтуған 1600 жылдар шамасында дүниеге келген болады»,- деп жазды.

Қазтуған жырларынан жыраудың өзінен жасы үлкен Асан Қайғының көзін көргенін аңғаруға болады. Кейін Асан Қайғының баласы Абатпен үзеңгілес болып, ел ісінде мақсат-мүдделерін ортақтастырған. Тарихи еңбектерде Қазтуған жыраудың XV ғасыр аясында сексен жасқа жақын ғұмыр кешкені жазылады.

Қазтуған жыраудың шығармашылық мұрасы зерттеуді қажет етеді. Оны артында атамекен, туған ел жайлы және әскери тұрмысқа қатысты сан алуан жырдан құралған мол мұра қалды. Бірақ жырларының көпшілігі сақталмаған. Бізге жеткен шығармаларынан қазіргі кезде «Бұдырайған екі шекелі», «Алаң да алаң, алаң жұрт», «Белгілі биік көк сеңгір» атты толғауларын атауға болады. Дегенмен, бұл шығармаларының өзі-ақ Қазтуған жыраудың қазақ әдебиеті тарихының төрінен орын алуына негіз бола алды. Қиялының ұшқырлығы, кеңдігі, суреттеу тәсілдерінің байлығы мен әсемдігі орта ғасырларда қазақтың ақындық өнерінің жоғары дәрежеде және өзіндік сипатқа толы болғанын аңғартады. Ұлттық бояуы ашық, өршіл романтикаға толы, көркем тіркестерге бай Қазтуған жырлары бірнеше ғасырлар бойы қазақ ақындарына үлгі, өнеге мектебі болған.

Қазтуған жырау өлеңдері көп ғасырлық өнер мектебі мен әдеби үлгі ретінде санамыздан орын алды. Қазтуған жыраудың «Мадақ жыры», «Туған жермен қоштасу» сынды туындыларын ежелгі қазақ поэзиясының таңдаулы үлгілеріне жатқызуға болады. Ақынның халыққа жыр арқылы жеткен бірқатар толғаулары И.Березиннің «Түрік хрестоматиясында» (1862), Ғабдолла Мүштақтың 1910 жылы шыққан «Шайыр, яки қазақ ақындарының басты жырлары» жинағында, М.Мағауиннің «Алдаспан» кітабында (1970) жарияланыпты.

Қазтуғанның бізге жеткен Мадақ жырына тоқталалық. Мұны «Бұдырайған екі шекелі» деп те атап жүр. Осындағы сөздік қорға қарап отырып,  жырдың бұдан бірнеше ғасыр бұрын айтылғанын дәйектейміз. Оны «Адырнасы шайы жібек оққа кірісті», «Буыршынның бұта шайнар азуы» сияқты тіркестер жырдың көнелігін айғақтайды. Жырда Би ұлының кенжесі атанған Қазтуғанның өзі өмір сүрген ортаны «Айдаса қойдың көсемі, Сөйлесе – қызыл тілдің шешені» немесе «Мұнар болған күнді ашқан. Мұсылман мен кәпірдің арасын өтіп бұзып, дінді ашқан Сүйінішұлы Қазтуған» дей келіп, өзі туралы шындықты бүкпесіз жайып салады.

Көзіміздің қияғына шалынған осы суреттеуден Қазтуғанның өз уақытында беделге ие болған адам екеніне шүбәсіз сенесіз. Айналасындағы жандар түгіл, сол аймаққа атағы жайылған, шашасына шаң жұқпаған «бас кеспек  болса да, тіл кеспек жоқ» дегенді мықтап ұстанған жан екені айдан анық көрініп тұр. Оны осы мадақ жырында бейнелі сөз қолданыстарынан танимыз. Біріншіден, жыр уақыттың сыны мен шынына, дәуірдің сан құбылған құйтырқы алдамшылығына алдырмай, ауыздан-ауызға көшкен. Екіншіден, сөз қолданыстары мен өткірлігі еріксіз есіңде қалады. Уақыт оздырып жаттап алайыншы деп жатпайсың, еркіңнен тыс есте сақталады. Қырағы халықтың қылау шалмас. тас-түйін зердесі жақсы мен жаманды терең түйсікке қондырған,  жазу-сызуы жоқ заманының қондырған өткірін-өткір деп, өтпесін өрге сүйремеген. Сөйтіп, осылардың айнақатесіз жолы жылдарды артқа тастап, ғасырдан-ғасырға қол артқан. Бізге жеткен. Міне, сөздің құдіреті осы, құйылысы терең. Көріпкелдігі керемет.

Қазтуған жырларында өзіндік өрнекке толы, шашасынан сұлу сөз құйылған, жалау жалды, ою-өрнекті, бояуы қалың бірқатар жырлар әр кез есігіңді қағып тұрары қақ. «Алаң да алаң, алаң жұрт» деген топтамасында:

Жабағылы жас тайлақ,

Жардай атан болған жер.

Жатып қалған бір тоқты,

Жайылып мың бір тоқты

Жарлысы мен байы тең,

Жабысы мен тайы тең,

Жары менен сайы тең,-

деп дауыссыз дыбыстардың қайталауы арқылы әдеби тілді ажарлап келуін, сөйтіп ойдың реңін келтіретін, өлең өрімін құбылтып жеткізетін тәсілі қазір аллитерация деп аталады. Міне, бұдан 5 ғасыр бұрын тілдік бағамдаудың анықтамасын аңғармағанмен, тілдің көркемдік жағын тап басуы жыршының от ауызды, орақ тілді, ділмәр жан екенін еріксіз мойындатады. Тіл байлығы шетсіз-шексіз.

Тарихтың қазақ халқын көмкерген қалың шаңының астында қалған кезінің қайсібірін айтасың. Бірақ тарих тағылымы өткенін ұмытпақ емес. Солардың бірі XV ғасырдың орта шамасында қарға бойлы Қазтуған Аштарханды тастап, Еділдің бергі бетіне, қазағы мол Жайық жағына бет алады. Озбырлық пен теңсіздіктің, көп ұлттың аз ұлтқа көрсетер зорлық-зомбылығын әріден болжай білетін терең ойлы жорық жырауы соңына ерген елін жылата да білді, жұбата да білді.

Еділді қоныс етпеңіз,

Жағалай қалмақ алады.

Жайықты қоныс етпеңіз,

Сыдыра біткен көкжиек.

Кәпірлер қала салады,

Аштарханды қоныс етпеңіз.

Шәћәрін оның алады…

болмаса:

Жолдасын жолай іздеген,

Өзіне тиген дұшпанын

Қарт бурадай тіздеген –

Мен – Қарға бойлы Қатуған,

Ноғайлы –қазақ елінен,-

деген жыр жолдары атамекен жұрттан айырған сол дәуірдің өткір шындығын көлденең қояды. Шұрайлы жерден, қалың елден кетсе де, олардың бүгіні мен ертеңін ойлап еңірейді. Көзсіз батырлығын көріпкелдігі жеңіп, іргесін көтереді. Бұл Қазтуғанның жеңілгендігі емес, арғы-бергіні ойлап, уақытша шегініс алғаны. Халқымыздың сан ғұмырында туғанына биыл 600 жыл толған Қазтуғандай жандардың болуы елдің азаттықты аңсауының анық айғағы.

Тілес ЖАЗЫҚБАЙ,

ардагер-журналист.

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі