15.06.2020, 10:29
Қараулар: 135
Әлеуметтік желіде сауатсыздар көбейді

Әлеуметтік желіде сауатсыздар көбейді

Ақиқатын айтайық, қолымыз сәл босай қалса, телефонға үңіліп, әлеуметтік желідегі ақпаратты тергеп жатамыз. Қолымыз босағанда ұстасақ, ештеңе емес, көзімізді ұйқыдан тырмалап ашқан сәттен бастап, сол ұйқыға қайта кеткенше, қолынан түсірмейтіндер де бар арамызда. Ондайлардың айналасындағылармен ісі жоқ, сол әлеуметтік желінің виртуалды әлеміне бойлап еніп кеткен, саусағы саусағына жұқпай, хат-хабар алысып жатқаны. Тіпті көшеде келе жатқанда, қолынан түсірмей, желінің парақтарын ақтарып, жүре береді. Олардың көбі  — ертеңгі ел азаматтары, бүгінгі өрімдей ұл-қыздар. Осындайда олардың тілі «осы желіде сынып, сауатты жазып, сөйлеуді желіде үйреніп жүр-ау» деген ой оралады санаға.

Қазақтың әріптері ұмыт қалды

Әлеуметтік желідегі сауаттылық мәселесі – бүгін көтерілген мәселе емес, қаузалғанына біраз уақыт болды. Бірақ, мәселенің қаншалықты өзекті екендігіне әлі лайықты баға бере алмай келе жатқан сыңайлымыз. Байқап қарасаңыз, қазіргі жастар бір-бірімен хат алысқанда, сөйлемдер мен тіркестердің дұрыс құрылмақ түгілі, әріп қателеріне де мән бермей жатады. Бұл бүгінгі күннің шындығы.

Мысалы, «Қалайсыңдар?» деп  жазудың орнына «Калайсындар» деп, қазақша әріптерді орысшамен алмастырғанына көз әбден үйреніп кетті. Ал ең «сөзге шешендері» бір-бірімен «Каксын, нестеватсын» деп, хал сұрасып  жатады. Жуырда мен танитын бір жас жігіт Инстаграмда «Сәлем, инстаәлем! Қазақтың жері кең және ең деген осы шығар» деп пост жазыпты. Өзінше туған жердің табиғатына тамсанғаны-дағы. Ал мына бір постында ел алдында жүрген, жұрт мақтаған жастың бірі «Сахнада тұрып халықтың саған деген ыстык шапалалагынан артық ештеңе жоқ» деп, көпке ой салады. Сонда нені айтқысы келді. Түсініп, мағынасын шырамыту мүлде мүмкін емес. Оқырманға ескерте кетелік, мақалада келтірілген пост үзінділерінде авторлардың стилистикасы мен орфографиясы солайымен сақталды. Осындай посттардың астына замандастарының автордың «ғұламалығына» таңқалып, жарыса жазған комментарийлерін оқысаңыз, «бүгінгі ұрпақ сауатсыз ба?» деген ойға ырықсыз кеп тірелесің.

Осындай мысалдардың көптігі соншалық, тілді аса шұбарлатпаса, қынжылмай, саусақпен жылжытып, көз жүгіртіп өтетін деңгейге жеттік. Бұрын «шала орыс, шала қазақ» деген тіркес бар-тұғын, енді осыған «шала ағылшын» деген сөзді қосқым келеді де тұрады. Ойлап қараңызшы, «Құрметтеймін», «Жарайсың» деген сөздің орнына «Респект, уважуха», «Көшіре сал» демей «Репостить ете қой», «Жоғары жылжытыңыз» демей «Свайпать ет» деп жаза салады.

Осы жастардың ауызекі тілде қолданатын «тормозы ұстап қалды», «зависать етті», «блатнойсың ба?», «маяк тастады», «құлағыма  лапшаны іліп тұрсың ғо» (ғой емес, ғо), «сындырып тастадым», «қораға плотно кірді» тұрақты сөз тіркестерінің қайсысыбірінің мағынасын түсінесіңіз. Мұндай орашолақ сөздердің қатарын жалғастырса, ұзынсонар тізім болары анық. Үйдегі балаңызбен тілдессеңіз, жаргондардың сөздік қорын молайтуға осының өзі-ақ жетіп жатыр. Осындайда көркемдігі, байлығы жағынан әлем елдерінің арасында үшінші орынды иемденген қазақ тілінің сөздік қоры біздің жастарға аздық ете ме деп қайран қаласың да, шарасыздықтан қолды бір сілтейсің.

Әлеуметтік желідегі рейд

Бүгінде ірілі-ұсақты мекеме-бөлім, мектеп, кітапхана, өзге де нысандардың әлеуметтік желілерде өз аккаунттары, парақшалары, әлеуеті жеткендердің бірнеше мың оқырманның басын біріктірген топтары бар. Мемлекеттің саясатын жүзеге асырып, ел игілігіне қызмет атқарған соң, бұл да дұрыс. Жергілікті тұрғындар уақтылы ақпарат алып, ел жаңалықтарымен танысып отырады. Әрі қазір газеттен гөрі сол әлеужелінің оқырмандары көп. Дегенмен бір қынжылтатыны, кейде парақшалардағы аудан жаңалықтарымен халықтың құлағы, көзі һәм тіліне баланатын редакцияның көпшілік оқырмандармен бірге танысып жатамыз. Айталық, жуырда аудан орталығына облыс әкімінің орынбасары Аманжол Алпысбаев келіп кетіпті. Желідегі жазбаға қарағанда, қонақ ретінде емес, ресми сапармен келгенге ұқсайды. Бұл жөнінде «Ақжайық ауданы әкімдігі» аккаунтынан «Бүгін ауданда жұмыс сапарымен облыс әкімінің орынбасары А.Алпысбаев болып, «Ақжайық» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты» деп, қысқа қайырып қана ақпарат береді. Мейлі, газет тілшілерін шақырмай-ақ қойсын, бірақ білдей билік басшысының ауданға сапарының мақсаты қандай, көтерілген мәселелерді де жазып кетсе, артықтық етпес еді.

Өзге де «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі бірқатар мекемелердің парақшаларына «рейд» жасағанда, осындағы ақпараттардағы тіл сауатсыздығына анық  куә болдым. Қай тізімді бастасақ та, әліппенің алғашқы әрпі «А»-дан бастайтын әдетіміз емес пе?! Бірден «Ақжайық ауданы Алғабас А. о.» деген парақшаға кірдім. Парақшадағы атаудың өзі түсініксіз, әрі сауатсыз. Қай мекеме? А. о деген қандай мағынаны білдіреді? Мемлекеттік мекемелерде қызмет ететін шектеулі адамдар ауылдық округ тіркесінің а/о деп қысқартылып жазылатынын біледі, жалпы бұқара бұдан хабарсыз. Атауының өзі осылай басталған парақшадағы ауыл азаматтарының қайырымдылығы туралы постына көзім түсті. Жерлестерінің сауапты ісін көпке жария қылуды мақсат еткен екен, қош көрдік. Алайда «Жер шарының қай шетін алып қарасақта, әр қайыссының алаңдап отырғаны бір ғана проблема» деп басталған алғашқы сөйлемдегі өріп жүрген әріп қателері материалды әрі қарай оқуға деген бүкіл ықыласымды құртты. Тіпті болмағанда, осы посттың авторы түп тамыры ағылшын тілінен шыққан «проблеманың» қазақша мәселе деп аударылатынын білмегені ме?!

«Ақжайық Аудандық Мәдени-демалыс Орталығы» (атауындағы Ақжайықтан басқа сөздердің неліктен бас әріппен жазылғанын мекеменің өзі түсіндіре жатар) парақшасында еліміздегі мерейлі даталарға орай біршама посттар жарық көрді. Әрі індеттің таралуының алдын алу мақсатында қашықтан жұмыс істеген өнерпаздардың парақшалары жиі жаңартылып, ақжарылқап хабарлармен толығыпты. Сондай ақпараттардың бірі Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған. Постты оқи отыралық: «Ұлы Жеңістің 75жылдығына арналған «Ерлік –елге мұра,ұрпаққа ұран» жобасы аясында аудан бойынша Жеңіске 75 ән тарту жеңіс туралы соғыс жылдарындағы әндердіорындау челленджін Ақсуат а/округінің тұрғыны «Нұрбибі»әжелер ансамблінің мүшесі,еңбек ардагері Адиетова Салия Адиетқызы «Солдат сағынышы»әнін жолдайды». Посттағы бейнероликте Сәлия әжеміз қоңыр үнімен аталмыш әнді нақышына келтіре орындапты. Бәрін бүлдіріп тұрған жоғарыда келтірілген жазба. Біріншіден, алдындағы ескертуді осы жарияланымға қатысты да айтуға болады. «Ауылдық округін» «а/округі» деп қысқарта салғаны, саусақтарына салмақты көп түсірмейін дегені ме?! Екіншіден, Сәлия әжеміздің толық есімі мүмкін ресми құжаттарда орыс қаріптерімен жазылатын шығар, бірақ қазақшалап, Әдиетова Сәлия Әдиетқызы десек, оқуға ұнамдырақ болар ма еді. Үшіншіден, әріп қателері болмағанымен, сөз бен сөздің ортасында бос орын қалдыру керектігін автор мүлдем ұмытқан секілді. Үшіншіден, ағылшын тілінен енсе де, челлендж болған соң, оның келесі адамға жолдану керектігін бес жасар бала да біледі. Ән орындау кезегін ешкімге жолдамаған екен, челлендж демей-ақ, көрерменге ұсына қойса да, болар еді. Ең бастысы, бұл постты оқу, ал содан соң түсіну мүлдем қиын. Бұл ақпаратты керісінше «Ерлік –елге мұра,ұрпаққа ұран» жобасы аясында аудан өнерпаздары Ұлы Жеңіске 75 ән тарту етіп, соғыс жылдарындағы әндерді орындауда. Ақсуат ауылдық округінің тұрғыны, «Нұрбибі»әжелер ансамблінің мүшесі, еңбек ардагері Әдиетова Сәлия Әдиетқызы барша көрерменге  «Солдат сағынышы» әнін жолдайды» деп жазса, оқырманға түсінікті болатыны айдан анық.

Сондай-ақ, аудандық жастар ресурстық орталығының Фейсбуктегі «Juban jastary» парақшасына жүктеген «Студенттердің құрылыс және еңбек жасақтарына шақырамыз» тақырыбындағы жарнамасында да қате бар. Мұнда «Жұмысқа 18-29 аралығындағы студент ер балдар қатыса алады» делінген. «Балдар» деп ауызекі тілде сөйлегенімізбен, «балалар» деп жазылғанын оқырман да құптары сөзсіз.

Біз арнайы әлеуметтік желіні ақтарып, қате іздегеніміз жоқ. Нысанаға іліккендері – тек парақшаның басында тұрған ақпараттар ғана. Әлеуметтік желіде бұл мекемелерден өзге мекемелердің парақшаларында да ақпараттың сауатсыздығы жиі кездеседі. Мақаламызда тізбектеп көрсеткендегі ойымыз – намысқа басып, сауатты жазуға талпынар, өзгелер де осыдан сабақ алар деген ниет.

Әрине, мемлекеттік қызметкерлердің тілді жетік меңгермеуі, сауатсыздығы өзекті өртейді. Ауданда мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі бар. Осы мекеменің желіде жұмыс істейтін, ақпарат тарататын мамандармен жұмысы кемшін бе деп ойлайсың. Ал, оның салдарынан тіліміз дамымай, сауатсыз әрі қате ақпараттар өріп жүр. Әр ауылдық округ, әр ұжымда әлеуметтік желінің жұмысы белгілі бір адамға жүктелгені аян. Солардың басын қосып, оқыту курстарын ұйымдастыруға болады емес пе?!

Бүгінгі мақаламыздың мақсаты – атқарылып жатқан жұмыстарды жоққа шығару емес. Тек тіліміздің қолданыс аясының кеңеюіне, сауатсыздықтан арылуға және тілге деген құрметті қалыптастыруға үлес қосу. Біз сауатты жазып, сөйлей білсек қана, кейінгі ұрпақ та ана тілімізді құрметтеп, қазақ тілінің көсегесін көгертеді. Олай болмаса, сонау 20-ғасырдың басында «Сөзіміздің сазды үні бұзылады, Тіліміздің тамыры үзіледі» деп дабыл қаққан Міржақып Дулатұлының сөзі дәл келері анық. Тілімізді ардақтайық, құрметтей білейік, ағайын!

Әлия Шарапиева.

«Жайық таңы».