19.06.2020, 9:46
Қараулар: 76
«Жасыл елге» үміт артқан студенттер жұмыссыз жүр

«Жасыл елге» үміт артқан студенттер жұмыссыз жүр

Жыл сайын ауданда «Жасыл ел» еңбек жасақтары сапқа тұрып, өз жұмысын  бастайтын. Бірдей униформа киген студенттердің орманшылармен бірге қоршаған ортаны күтіп-баптауға, көгалдандыруға үлес қосып, аудан орталығындағы, ауылдардағы орманшылық мекемелердің аумағын көріктендіріп, саябақтарды тазалап жүргенінің өзі бір ғанибет еді. Жайық өзенінің жағалауы, арық бойларын қоқыстан арылту, тұқымбақтарды арамшөптерден тазарту, орман алаптарын қураған ағаштардан сирету, мемлекеттік орман қорларында, Орал-Атырау тас жолы бойындағы екпелерді күтіп-баптау дейсіз бе – осының бәріне жалынды жастар атсалысып, туған жерінің көркеюіне өз үлестерін қосатын. Әрине, жастардың жүрген еңбегіне лайықты еңбекақы да төленді. Алайда биыл бұл тірліктің бірін де көрмейсіз. Әдетте 10 маусымнан бастап жұмысқа кірісетін студент жасақтары биыл жұмыссыз қалды. Оған не себеп?

Жалақы төлейтін қаражат жоқ

Жыл сайын жазғы демалыстарын босқа өткізбей, қосымша қаражат тауып, осылайша ата-анасына салмақ түсірмеуді ойлаған студенттер сонау ақпан айларынан бастап, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталыққа келіп, тіркеледі. Сондықтан, ең алдымен, осы орталық басшысының міндетін уақытша атқарушы Ақұштап Сапарғалиеваға жоғарыдағы сауалымызды бағыттадық. «Аталмыш бағдарлама іске қосылған 2005 жылдан бері біздің аудан бойынша жаз айларында 2 кезеңде барлығы 100 студент жұмыспен қамтылатын. Олар  Чапаев, Бударин, Қаршы, Каленый, Тайпақ, Алмалы, Қарауылтөбе орманшылықтарына бөлінді. Яғни, аудан бойынша орман қоры бар елдімекендердің ұл-қыздар туған жерді көркейту ісіне үлес қосып, жан саясы – жасыл желекті күтіп-баптады. Оларға төленетін жалақы да қомақты: мысалы, былтыр әр студентке  1 ай еңбегі үшін 70000 теңгедей төленді. Ал биыл бұл сома 77894 теңгеге дейін көтерілді деп естідім. Әдеттегідей, жылдың басында студенттер орталыққа келіп, тіркеле бастаған, сол уақытта бізге облыстық ресурстық орталықтан хабарласып, тіркеуді уақытша тоқтата тұруымызды талап етті», – дейді Ақұштап Нұрлыбекқызы.

Мұның себебін сұраған оларға биыл «Жасыл ел» жасақтарының жұмыстарына қаражаттың қарастырылмай қалғанын айтыпты. А.Сапарғалиева «Жасыл ел» жасақтарының құрамында қызмет етуге ниетті жастардың көп екендігін, өткен жылдары 100 орынға кемінде 200-ден астам жастардың тілек білдіргенін жеткізді. Осыншама жас үміт артқан жарқын бағдарламаға неліктен қаражаттың бөлінбей қалғанынан орталық қызметкерлері хабарсыз.

Осыдан соң «Жасыл ел» штабының облыстық филиалының жетекшісі Аслан Тапишевке хабарластық. Оның берген мәліметіне сүйенсек, жыл сайын облыс көлемінде 1200-ге жуық қыз-жігіт бағдарлама аясында облыс орталығы және орман алқаптары бар аудандарда жұмысқа тартылады екен. «Жасыл елдің» жалақы екі бюджеттен төленеді. Бір бөлігі, яғни 35394 теңге,  аталмыш бағдарламаға басшылық ететін республикалық штабтан бөлінсе, ең төменгі жалақы (42500 теңге) мөлшеріндегі енді бір бөлігі облыстық бюджеттен қарастырылып, өңірдегі орман шаруашылықтары арқылы төленсе керек. «Биыл, өкінішке қарай, республикалық штаб жалақы қорын толықтай қарастырғанымен, облыстық бюджеттен қаржы бөлінбей, біраз қиналып отырғанымыз рас. Оның себебі – үш жыл мерзімге штаб пен аталмыш инспекция арасында жасалған келісімшарттың мерзімі аяқталған. Мен жылдың басында әрбір аудан әкімдеріне жағдайды хабарлап, ауданда жаз айларында қызметке кірісетін «жасыл елдіктердің» жалақысына қаражаттың бөлінуіне ықпал етіп, қолдау көрсетуін сұрап, хат жолдаған болатынмын. Бірқатар аудан басшылары жастардың әлеуетін арттыратын бұл істі аяқсыз қалдырмай, уақытында қаражат бөліп, жасақтар маусым айында жұмысқа кірісті. Атап айтсақ, Жаңақала, Бөкейорда, Казталов, Жәнібек аудандарында бұл жұмыс қарқынды жүзеге асып жатыр. Жуырда Бөрлі ауданының басшылығы хабарласып, жуырда тиісті қаражаттың бөлінгенін баяндады. Демек, бұл ауданда да 1 шілдеден бастап 31 тамызға дейін «Жасыл елдің» тірлігі қыз-қыз қайнайды. Біз де қол қусырып қарап отырудан аулақпыз. Күні кешек бағдарламаға қолдау білдіруін өтініп, облыс әкімі және облыстық қаржы басқармасына хат жолдадық. », – деп, ақпарат берді филиал жетекшісі.

Орманшылар студенттерін сағынады

«Жасыл ел» студент жасақтарының орман шаруашылығының жұмысын ілгерілетуге тигізер пайдасы орасан. Бұл жасақтар құрылғаннан бері ауданымызда 1500-ге тарта жас буын өкілдері жұмысқа тартылды. Оларға да, басқа жастарға да жасыл желек аумақтарының ұлғаюы жолында зор сенім жүктелгені анық. Өйткені, ормансыз, саябақсыз тіршілікті көзге елестету мүмкін емес» — деп, «сағынышын» ақтарды Чапаев орман және жануарлар дүниесін қорғау» мекемесінің басшысы Бауыржан Бақтыгерейұлы бізге берген сұхбатында.  Ол да облыстық филиал басшысының берген мәліметін растап, «Жасыл ел» жасақтарын жұмыспен қамту мақсатындағы келісімшарттың мерзімі аяқталғанын айтады.

Студенттер хал-қадірінше, жасыл желекке қамқорлық, күтіп-баптау барысында бір үйдің балаларындай болып, жұмыла еңбек етіпті. Бірлесіп жұмыс істеу олар үшін де, орманшылар  үшін де тиімді екенін мекеме басшысы мойындайды. Әр күнге студенттерге бір жаңа тапсырма беріліп, олар ұжыммен бірлесе аяқтауға атсалысатын. Екпе ағашқа толы тұқым бақта тиісті істер тындыратын «Жасыл елдің» 50 сарбазы арамшөптерді тазалап, ағаштардың тұқымын жинау, артынша оларды сұрыптап, кептіру, суаруда, әрине, көп көмек. Жайық өзені жағалауында өткізілген «Таза орман» акциясы аясында маңайды, ауылды қоқыстан арылтуда да осы жастардың еңбегі зор. Осыншама жұмыс күшінен айырылған орманшылар қазір маусымдық жұмыстарға қосымша жұмысшы жалдауға мәжбүр.

Әсемгүл Зоханова – Чапаев ауылының тұрғыны, Орал «Мақсат» медициналық колледжінде білім алуда. Былтыр аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталыққа тіркеліп, бір ай «Жасыл ел» жасақтарының қатарында жұмыс істеген. 1 ай жұмыстан соң 70 000 теңгеге жуық жалақысын алып, ата-анасына салмақ түсірмей, жаңа оқу жылына киім-кешек, керек-жарақтарын сатып алыпты. Қалада жұмыс көп, жаз айларында қаражат табудың мол мүмкіндігі бар, бірақ ауылға келіп, ата-анаңның қасында болып, әрі ауылдың жасылдануына өз үлесімді қосқым келді. Мұнда жұмыс қиын емес еді. Күнде табиғат аясына барып, орманшылардың нұсқауымен іс атқардық. Мысалы, ормандағы топ теректерді қураған ағаштардан тазарттық. Сонымен қатар жол бойындағы екпе ағаштар аумағын тазарту жұмыстарын атқардық. Чапаев, Бударин орманшылығы аумағындағы жас екпе талдарды арамшөптерден арылттық. Мұның бәрі түптеп келгенде, табиғатқа деген зор қамқорлық емес пе. Оған біз секілді жас күштің жұмылуы орманшыларға айтарлықтай көмек болды деп ойлаймын. Ал биыл осы жұмыстардың тоқтатылатынын білгенде, қаладан жұмыс іздестіретін едім», – дейді Әсемгүл.

Иә, онсыз да балаларымыз ауылда тұрақтамай, қалаға ұмтылып тұрғанда, ауылда еңбек етемін деген жастардың тауы жығылғаны өкінішті-ақ.

Өзге аудандарда ахуал қандай?

Филиал басшысы А.Тапишев өзге аудандар ебін тауып, «Жасыл елді» қатарға қосты деп сендірген соң, орман алқабы көлемді Бөкейорда ауданының жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық басшысы Исатай Құрмашевпен тілдестік. Оның айтуынша, мұнда жастарды жарқын істерге жұмылдыру мектебіне айналған «Жасыл елдің» жұмысы бір сәтке де тоқтамаған. Орман шаруашылықтары арқылы төленетін қаражаттың тоқтағанын естісімен орталық басшысы қолдауын өтініп, аудан әкіміне жолығыпты. Әкімшілік бұл істі өз бақылауына алып, тиісті қаражаттың бөлінуіне ықпал етеді. «Бұрын біздің ауданда 40 сарбаз жаз айларында орман алқаптарында қызмет ететін. Биыл 30 жауынгер жұмысқа кірісті. Әрине, қаражат қай саладан бөлінсе, студенттердің де солардың жұмысына араласатыны анық. Бұрын жасақ сарбаздары толығымен орман алқаптарында болатын, енді олардың  жартысы ауылдық округ аумағындағы гүлзар, саябақтарды күтіп ұстау жұмыстарына тартылса, келесі жартысы орман танаптарында». Осылай деген орталық басшысы аудан әкімдігінің қаражаттың заңды негізде қалай бөлінгенін де баяндап берді. Студенттердің жалақысы ауылдық округ әкімдігінен қарастырылыпты. Оларға маусымдық жұмыстарда істейтін қызметкер ретінде 42 500 теңге техникалық персоналдың еңбекақы қорынан төленбек.

Осылайша, осы күнге дейін жақсы нәтиже көрсеткен, ең бастысы, жылына біршама жасты осы іске тарта отырып, олардың арасындағы жұмыссыздықты төмендеткен бағдарламаның жалғасын табуы үшін әр аудан өзінше әрекет етуде. «Жасыл ел» бағдарламасы жақсы бастама ретінде бүгінгі күнге дейін өз өзектілігін жоғалтқан емес. Қаншама студенттерiмiз бос уақытын тиiмдi өткiзе отырып, еліне қызмет етіп жүр. Сондықтан бөкейордалықтардың  үлгілі ісін бізде де қолға алып, қоғамға пайдасын тигізерде аянып қалмайтын жастарымызға қолдау көрсететін кез келген сыңайлы…

Әлия ШАРАПИЕВА