19.06.2020, 9:52
Қараулар: 88
Ауылдастардың  сауапты ісі

Ауылдастардың  сауапты ісі

«Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген дана халқымыз. Осы сөздің растығын жуырда аудан орталығының тап іргесінде орналасқан Жайық ауылының тұрғындары дәлелдеді. Ауызбіршілігі жарасқан ауылдастар  көп жылдар бойы қоршаусыз тұрған қорымды қоршады. Ауыл тұрғындары  Қоблан Ержанов пен Жаслан Күнбатыров бастаған,  үлкендері мен жастары қостаған қарекет қасиетті жұмада мәреленді.

Жақсы істің басында жүрген Ж.Күнбатыровтың айтуынша, зиратты қоршау көптен күрмеуі табылмай жүрген мәселе екен. Өздері көтерген бастаманы ауыл адамдары бір ауыздан мақұлдап, әр үйден қаражат  жиналды. Ауылдан жыраққа көшкен жерлестер Сәбит Өтеулиев, Гүлбану Садықова мен Ақылбек Мұқтаровтар сауапты істен сырт қалмай,   өз үлестерін қосты. Аз ғана күннің ішінде  294 мың теңге жиналып, оған  құрылыс материалдары сатып алынды. Ал ауылдың 1984-1985 жылғы азаматтары 100 мың теңгеге зиратты қоршайтын бағананы жеткізді.  Ауыл түлегі, Ақжайық аграрлық-техникалық колледжінің директоры Қуандық Ғабдушев дәнекерлеу жұмысына ток көзін жеткізіп,  Ғабит Аралов қақпаны дәнекерлеп берді. Ауыл азаматтары да қол қусырып қарап отырмай, құрылыс жұмыстарын еш қаражат шығармай, өздерінің мойнына алыпты.

«Көп түкірсе көл» деген, бірлесіп әрекет еткен игілікті істің екі күн ішінде аяқталғанына ауылдың тұрғындары дән риза.

Л.ӨТЕГЕНОВА

Ақжайық ауданы