19.06.2020, 9:59
Қараулар: 69
Құрылыстардың барысын байқастады

Құрылыстардың барысын байқастады

Өткен аптаның жұмасында облыс әкімі Ғали Есқалиев ауданымызда кезекті жұмыс сапарымен болды. Ол алдымен аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетовпен бірге Жаңабұлақ ауылына келді. Мұнда ол «Тоби» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп жатқан ауылдың кірме жол құрылысының жай-жапсарымен танысты. Жалпы ұзындығы 3,3 шақырым болатын жолға күрделі жөндеу маусым айының басында басталды, жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Сонымен қатар Жайық ауылына аудан орталығынан басталатын жолда да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Игі іс ауылды мекен еткен ағайынға қуаныш, жолын тақтайдай тегістеген «Тоби» ЖШС және бұл іске мұрындық болған әкімдікке ауыл тұрғындары ризашылығын білдіруде.

Жұмыс сапары бұдан соң аудан орталығында жалғасты. «Алтим» ЖШС жүргізіп жатқан  300 орындық мектеп пен 100 балаға арналған интернаттың құрылысымен танысу барысында мердігердің өкілдері құрылыс-монтаж жұмыстарының 75 пайызы орындалғанын, білім ордасының уақтылы қолданысқа берілуіне барын салатынын мәлімдеді. Ғали Нәжімедденұлы барлық жұмыстарды мерзімінде аяқтау қажеттігін, ауданның басқа да ауылдарында қолға алынған нысандардың көрсетілген уақытта пайдалануға берілуін қамтамасыз ету керектігін қаперге салды.

Облыс әкіміне жай-жапсарды толығымен баяндаған аудандық білім бөлімінің басшысы Дәурен Қайырбекұлы: «Апатты жағдайда тұрған бұрынғы ғимараттың іргесі 1965 жылы қаланған. Қазіргі таңда гимназияда 300- ге жуық бала білім алуда, қолданыстағы интернаттың ғимараты 30 оқушыға шақталған. Жаңадан салынып, бой көтергелі жатқан. нысанның құрылыс жұмыстарын мердігер компания уақытында аяқтаса, мектеп ұжымы жаңа ғимаратқа көшуге дайын. Жаңа нысан білім ордасында оқушылар санын арттырып, соған сай педагогтарды тартуға да мүмкіндікті молынан береді» – деді.

Осыдан соң Ғ.Есқалиев денешынықтыру және сауықтыру кешенінің басында болып, қазір «Алтим» ЖШС «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» компаниясы есебінен 503 млн. теңге бөлінген, 320 орындық кешенді көтеру кестеге сай жүріп жатқанын баяндады… Іргетасы құйылған құрылысты аралау барысында облыс әкімі техника қауіпсіздігін сақталуы, істің ырғағы мен сапасы назардан түспеуін қаперге салды.

Л.САМАТҚЫЗЫ