19.06.2020, 10:02
Қараулар: 21
Партияішілік таңдау – белсенді депутаттарды бағамдау

Партияішілік таңдау – белсенді депутаттарды бағамдау

Қазіргі кезеңде қоғам сындарлы сәтті бастан кешіп жатса да, еліміз үшін алдағы аса маңызды саяси науқан – Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихат депутаттарын сайлау уақыты жақындап қалғаны назардан тыс қалдырмасы анық.

Жылдар өткен сайын біздің қоғам әлемдік өркениет елдерінің қатарына қосылу үшін баршаға ортақ қағида – демократиялық даму жолына бейімделіп келе жатқаныдығы да белгілі. Бұл бағытта, әрине, қолданыстағы заңдарды жетілдіру мен ізгілендіру, азаматтардың саяси, қоғами белсенділігін  арттыру маңызды болмақ.

Алдағы сайлауда жергілікті мәслихат депутаттары да партиялық тізім арқылы жасақталатын болады. Бұл өзгеріс, сөз жоқ, саяси партиялардың белсенді іс-қимылды талап етеді. Осы орайда «Нұр Отан» партиясы 2020 жылғы 17 тамыз бен 3 қазан аралығында праймериз (әр өңірде өткізілетін ішкі сайлау, таңдау) өткізу туралы шешім қабылдап, оның ережесін жария етті. Бұл жауапты шараны өткізуде бастауыш партия ұйымдары зор ұйымдастырушылық іс-қимыл биігінен көрінулері керек. Сонымен қатар аталмыш шараның заң аясында әділетті, әрі ашық жария түрінде өтуі де маңызды.

Болашақ депутаттар өз белсенділіктерін таныта алуы тиіс, яғни олар көпшілік алдында өз ойын толық жеткізіп, өз бағдарламасын қорғай алуы, халық қалаулысы ретінде міндетін үлкен абыроймен атқара алатындықтарына жұртшылықты сендіре алуы керек. Өйткені қазіргі қоғам саяси сауатты, өркениет мен демократиялық дамудың негізгі қағидаларынан толық хабардар, сылдыр сөз бен жалаң ұран, құрғақ уәде мен жасанды белсенділіктің аражігін анық айыра алардай дәрежеге жетті. Сондықтан үміткерлер өздерінің пайымы мен парасатын, ой-өрісінің жан-жақтылығын, рухани және қоғам алдындағы тазалығын дәлелдеуі қажет. Бұл оңай шаруа емес. Өйткені депутаттың ең бірінші міндеті – халықпен үнемі тығыз байланыста болу, олардың өтініш – тілектерін тыңдай білу, өрелі ойлары мен орынды ұсыныстарын атқарушы билік алдына дер кезінде қоя білу және олардың жүзеге асуына тікелей араласып, билік пен халық арасында мықты дәнекер болу. Сонда ғана әр депутат «Партия жүктеген тапсырманы атқара алдым», – деп өз-өзіне оң баға бере алады.

Мен осыдан 20 жыл уақыт бұрын ауданда «Нұр Отан» (ол кезде «Отан» саяси партиясы) партиясының жұмысын алғашқы ұйымдастырушы ретінде, кейіннен екі шақырылым мерзімде аудандық мәслихаттың хатшысы қызметінде партия мүшесі – депутаттың белсенділігінің қаншалықты маңызды екендігіне талай рет көз жеткізген болатынмын. Осы ойымды ортаға сала отырып, кезінде менімен партиялас, мәслихатта әріптес болған көптеген белсенді азаматтардың өз міндеттерін абыроймен атқарғандықтарына, батыл да жаңашыл бастамаларына ризашылығымды білдіремін.

Әрине, қоғам бір орында тұрмайды, дамиды, ізденісте болады. Жаңа заман жаңа талаптар қояды. «Сайлау туралы Заңға» енгізілген өзгертулерге сәйкес болашақта жасақталатын өкілді билік құрамына (депутаттық корпусқа) жастар мен әйелдерге 30 проценттік орын берілмек. Бұл талапқа жай сандық көрсеткіш деп қарамай, оның ішкі мазмұнына тереңірек үңілу керек, себебі қазіргі жастар – біздің мемлекетіміздің болашақ лауазымды қызметкерлері. Ал әйелдер – әлемдік жаһандану жағдайында қоғамдағы белсенді қозғаушы күштердің бірі ретінде саяси сахнаға батыл қадам басып, қай салада болмасын, ер азаматтармен тең дәрежеде қызмет атқаруда. Әрине, саяси ортаға белсенді бейімделіп, тәжірибе алып үлгере қоймаған жастарға да, әйелдерге де депутаттық мандатты заман талабына сай алып жүру оңай емес. Бұл орайда оларға саяси жұмыстарда тәжірибе жинаған, қоғами ортада алған тағылымы мол, еңбек жолы мағыналы, ел алдында бедел-абыройы мойындалған аға буын өкілдері жан-жақты қолдау, көмек көрсетулері керек деп ойлаймын. Ұрпақтар сабақтастығының шынайы көрінісі де осындайда анық байқалуы тиіс. Тәжірибе ісімен бөлісіп, қол ұшын беріп жатқан аға буын жеке адамға емес, болашақ қоғамға қызмет жасап жатырмын деген ұстанымда болуы керек. Сонда ғана келешегіміз кемел, болашағымыз баянды болмақ.

Мемлекеттік қызмет және партия ардагері ретінде саяси сахна төріне қадам басар әр азаматқа ақжол тілеймін. Біртұтас ұлт болып қалыптасу, біртұтас ел болып өмір сүруді жүзеге асыру Сіздерге байланысты.

Ел үмітін ақтау – азаматтық парыз, халық алдындағы қарыз екенін естен шығармайық.

Дәулетжан ЖАҚСЫБАЕВ,

мемлекеттік қызмет ардагері,

«Нұр Отан» («Отан») партиясының І съезінің делегаты