19.06.2020, 10:05
Қараулар: 105
Тәртіпке бағынған құл болмайды

Тәртіпке бағынған құл болмайды

Өткен аптада Тайпақ ауылының тыныс-тіршілігі, карантин кезіндегі хал-ахуалын білу  мақсатында іс-сапарға шығып, бірқатар нысандарды аралап, жерлестермен сұхбаттасқан едік.

Бізді қарсылап алған округ әкімінің орынбасары Марат Есениязов ауылдағы жай-жапсарды бүкпесіз баяндап берді: «Бұл коронавирус індеті көпшілікке оңайға тиген жоқ, осындай уақытта ауыл тұрғындарын сабырға шақырып, таралуының алдын алып, санитарлық ережелерді бұлжытпай сақтау мақсатында ауылдың қоғамдық ұйымдары мен аға буын өкілдері азық-түлік дүкендеріне апта сайын рейд жұмыстарын жүргізді. Олар тұрғындарға әлеуметтік арақашықтықтың қатаң сақталуын, бетперде, қолғапсыз еш жерге кіруге болмайтынын ескертті. Осындай қиын-қыстау кезеңде көмекке мұқтаж жандарға көмектесіп, барымен бөліскен  ауыл кәсіпкерлерінің ниеті де айрықша». Әңгімені осылай бастаған Марат Сәлімгерейұлымен бірге аптап ыстықта Тайпақтың көшелерін аралап шықтық. Расында да, көшеде бетпердесіз жүрген бір адам жоқ. «Індет жоқ» деп көлгірсігендердің жетегінде кетпей, тек тәртіптің арқасында ғана індетті ойсырата жеңуге болатынын ұғынған көпшілікке қарап, риза болдық.

Жомарттықтың үлгісі

Қайырымдылық пен шарапат – қазақ халқына тән қасиет. Тайпақтық қайырымды азаматтар төтенше жағдай орнағалы бері халыққа демеу болып, жан-жақты қолдау көрсетіп келеді екен.  Ауылдың жомарттары әлеуметтік жағдайы төмен , көпбалалы отбасыларды қамқорлығына алып, 1 айға жететін азық-түлік және киім-кешек, шаруашылық тауарлармен қамтамасыз етіп, зекет таратты. Жалпы, Тайпақ ауылының 15 кәсіпкердің шарапатын аз қамтылған 131 тұрғын көрді. Жайсаң жандылар мұнымен шектелмей, жалғызбасты қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандарды да назардан тыс қалдырмапты. Сонымен бірге Шабдаржап ауылдық округінің жеке кәсіпкері, «Айлана» асханасының иесі Асылбек Аткеев блок-бекеттегі полиция қызметкерлерін ыстық тамақпен қамтамасыз еткен. Өз несібесінен жырып, 2 миллион теңгеге жуық қаражат шығарып, қолдауға мұқтаж ауылдастарына жәрдемдескен тайпақтықтардың кеңдігі мақтауға тұрарлық.

Осы ретте тігін тігумен айналысатын жеке кәсіпкер Ләззат Николайқызының да жақсылығын айта кеткен жөн. Шебер тігінші 150 бетпердені ауыл тұрғындарына тегін үлестірген екен. «2015 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының екінші бағыты бойынша 1 500 000 теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, тігін кәсібін бастадым. Шүкір, қазір ісім оңғарылып, қызметіме сұраныс көбейіп келеді. қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған осындай заманда бұл келеңсіздік халықты есеңгіреткені рас. Көзге көрінбейтін дұшпанмен жалғыз арпалысу мүмкін емес, елдің бірлігі, жұмылған қарекеті қажет. Сондықтан ауыл тұрғындарына аз да болса, көмек болсын деп, тегін тараттым. Бағасын қойып, саудаға шығарсам да, мұқтаж адамдар алатыны анық. Дегенмен, жақсылықтың шегі болмайды, менің де халыққа пайдам тисін деген ниет!»,- деді ол.

Іскер,  дархан мiнездi, кеңпейіл жандардың бұл қадамына ауыл тұрғындарының алғысы шексіз.

Еріктілердің еңбегі

2020 жылдың «Еріктілер жылы» деп жарияланғаны көпке аян. Еріктілік – жастардың белсенділігін көтеріп, тәжірибе жинауға мол мүмкіндік беретін іс. Тайпақта төтенше жағдай кезінде еріктілердің жұмысы ерекше қарқын алды. Карантин уақытында Тайпақ пен Шабдаржап  ауылының 100-ден астам еріктілері өздері бастама көтеріп, қоғамдық ұйымдар мен ауыл әкімдігінен  рұқсат алып, ауыл маңында 6 жерге блок-бекет орнатты. Атап айтсақ, Тайпақ ауылына кіреберіс екі жол, тоғайдың ішкі жолы, Жайықтың арғы бетіне шығатын өткел, Шабдаржап ауылына кіретін жолда, Индер ауданымен шектесетін шекараны жастар күн-түн демей күзетті. Келім-кетім көліктер мен жолаушыларды тоқтатып, тексеріс жүргізді.

Осы ретте әскер қатарынан оралған запастағы офицер Ерлан Бигелдиевтің, қатардағы сарбаздар Қанат Жүзжасаров  пен Айбол Иманғалидің өз еріктерімен блок-бекетте қызмет атқарғанын да атап өту керек. Төтенше жағдайда тәртіптің тізгінін қолына алып, сақтық шараларының бұлжытпай орындалуын қадағалаған жергілікті полицейлердің де еңбегі орасан зор.

Талап пен міндет

Ауылдық аурухананың меңгерушісі Сабира Сүндетова: «Контактіде және вахталық әдіспен жұмыстан келген 20 адам 14 күндік карантин режимде болып, режим біткен соң үйлеріне босатылды. Қолдарына міндетті түрде рұқсат қағаздарын бердік. Дәрігерлердің бақылауында үнемі болып, видео тексеру арқылы  бақылау жасалды», – дейді . Ауруханада  фильтрлік бөлімше ашылған. Қызуы көтеріліп, ауырып келген науқастарды көпшіліктен бөлек осы жерде қабылдайды. Сараптама нәтижесі теріс болса, үйіне қайтарылады. Ауруханада ем қабылдап жатқан науқастардың жағдайы да үнемі бақылауда, тұрақты.

Ауылдағы «Нұржанай» азық-түлік дүкеніне де жолшыбай бас сұқтық. Дүкеннің барлық санитарлық талаптарға сай екені тайға таңба басқандай анық байқалады. Дүкеншілер де ауыз-мұрнын бетпердемен тұмшалап, қолдарына қолғаптарын киген. Кірген бойда санитайзермен қолымызды дезинфекциялауды өтінген сатушы Бибігүл Сүндетованы әңгімеге тартып, біраз сұхбаттастық.

«Нұржанай» дүкенінде карантин уақытында азық-түлік тауарларына тапшылық болған жоқ. Әлеуметтік маңызы бар тауарларды, тағамдарды, күнделікті сатып алынатын заттардың бағасы тұрақты, халыққа қолжетімді. Індетті пайдаланып, сұранысқа ие өнімдердің бағасын негізсіз көтеріп жатқан саудагерлердің амалы жаға ұстатады. Тәртіп бәрімізге ортақ,  ауылдастарымыздың қалтасына салмақ түсіргеннен не табамыз?!  Санитарлық талаптардың сақтаймыз,  әлеуметтік қашықтықты сақтау үшін  белгілерді де сызып қойдық. Дүкенннің иесі  бәрімізді бір реттік бетперде мен қолғап, антисептикпен қамтып отыр. Дүкенге бетпердесіз ешкімге кіруге болмайды.  Карантин режимі орнағалы бері халық тәртіпке үйренді,-дейді Бибігүл Қазбекқызы.

Әрқашан  ел болып ұйымдасқан Тайпақ ауылына сапарымызда осындай тірлік-тынысты байқадық. Тұрмысы берекелі ағайынның қиын уақытта көпті қолдап жасаған жақсылықтары – көпке үлгі.

Ләззат САМАТҚЫЗЫ,

«Жайық таңы»