19.06.2020, 10:11
Қараулар: 76
Қамданған қапы қалмайды

Қамданған қапы қалмайды

Облысымызда 15 мамырдан карантин режимі аяқталды. Бірақ коронавирус карантинмен бірге жойылып кеткен жоқ, індеттің қарқыны одан бетер. Ауданымызда да вирус жұқтырғаннауқастар анықталып, емін алуда. Коронавирус пандемиясының таралуының алдын алу мақсатында шектеу шаралары әлі де жалғасады ма? Осы және өзге де сұрақтарға аудандық тауарларды және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Ерлан Қанатбаев жауап берді.

Ерлан Кенжеғалиұлының айтуынша, аудан бойынша коронавирус жұқтырған 18 жағдай тіркелді. Олардың 5-еуі мамыр айында анықталған болса, маусымда 13 науқастың ПТР сараптамасы оң нәтиже көрсетіп, олар облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына емделуге жатқызылды. Алғашқы жағдайлар аудан орталығы Чапаев ауылында орын алса, соңынан ауру ошақтары Ақсуат, Қабыл, Алғабас, Жаңажол, Жаңабұлақ, Чапаев ауылының Мұнай базасы шағын ауданынан анықталды. Кесел түрлі жолдармен таралған. Бірінде Теңіз кен орнынан вахталық әдіспен қызметтен оралған азамат таратса, енді бірінде науқастар Орал қаласына жолға шығып, сол жақтан жұқтырған деген болжам бар. Сонымен қатар ауруды жұқтырған екі пациент аудандық емханаға дәрігерге қабылдауға келіп, өкінішке қарай, соның салдарынан екі медициналық қызметкер індеттің шеңгеліне ілігіпті. Осыған  орай аудандық емхананың жұмысын уақытша тоқтатуға тура келді.

Шектеу шараларына келер болсақ, облыстың бас мемлекеттік санитар дәрігерінің №20 қаулысы бойынша олар анық көрсетілген. Атап айтқанда, адам көп жиналатын отбасылық той, өзге де іс-шараларды өткізуге тыйым салынады. «Аурудың қаупін әлі де жіті түсіне қоймаған тұрғындар отбасылық мерекелерін жасырын тойлап жатқанын естіп жатырмыз, Барлық жерлестеріме аурудың көпшілік ортада лезде тарайтынын, бір күндік қызықты тойлаймын деп, келген адамдардың саулығына қауіп төнетінін тағы да ескерткім келеді. Ауа арқылы жұғатын кеселдің таралу ауқымы күннен-күнге күш алып келеді, сондықтан әзірге өз-өзімізді шектеп, артық жүрісті тоқтата тұрсақ, абзал», – дейді Е.Қанатбаев.

Сонымен қатар балабақшаларда тек кезекші топтардың ғана жұмыс істеуіне рұқсат. Сондай-ақ,  балалардың сауықтыру және мектеп жанындағы лагерьлері, мешіттердің қызметі тоқтатылды. Қаулыда барлық мекеме, кәсіпорындардың санитарлық-эпидемиологиялық тәртіпті қатаң сақтау қажеттілігі де көрсетілген. Айталық, мекеме қызметкерлері жеке қорғаныс құралдарымен, яғни бетперде, қолғаппен қамтамасыз етіліп, нысанға кіретін және шығатын жерлеріне санитайзерлер орнатылуы тиіс. Дүкен және өзге де ғимараттарға бетпердесіз кіруге болмайды, ғимараттың ішінде 20 шаршы метрге 1 адамнан артық жұмыс істемеуі керек. Кезекте 5 адамға дейін тұруы бұрынғыдай бақыланады.

Мекемелердің жұмыс тәртібіне тоқталар болсақ, түрлі іс-шараларды селекторлық режимде және бейнебайланыспен өткізген жөн, сонымен бірге қызметкерлердің 80 пайызы қашықтан жұмыс істеуге көшу қажет. Барлық нысандардың жұмыс режиміне де шектеу қойылды.

«Қамданған қапы қалмайды» деген. Денсаулық сақшыларының ескертпелерін бұлжытпай орындап, өзімізді және отбасымызды екпінінен күллі жер жүзі үрейленген індеттен қорғайық.

Әлия ШАРАПИЕВА.