19.06.2020, 10:19
Қараулар: 81
Ұлы даланың ұлы

Ұлы даланың ұлы

Жұбан Молдағалиев!  Бұл  исі қазақ, алты алаштың аузынан тастамай, ғасырдан  ғасырға айтып жүретін аса ардақты есімдердің бірі. Бұлай деуімізге оның ақиық ақындығы, ғажайып эпикалық жанрдағы туындылардың авторы екендігі немесе біздің мәңгілік мақтанышымызға айналған жерлесіміз екендігі, яки болмаса, туғанына биыл 100 жыл толатындығы ғана себеп болмаса керек.

Әлімсақтан тарихты тұлғалар жасайтыны аян. Ал тұлғаны, хас талантты туған топырағы береді. Жұбан ақынның ел аузында аңызға айналып кеткен ерліктерінің («Жұбанның үш ерлігі» Қ.Жұмағалиев) түп-тамыры да туған топырағынан бастау алады. Қазақ халқының тарихында не бір баһадүрлердің аты қалған. Жұбан туған біздің өңір де ақын-жыраулары мен егеулі найза өңгерген ерлерге кенде болмаған! Әсіресе, сол Жұбан туған Жыланды маңы, Өлеңті өңірі өркениет ордасы болуымен де ерекшеленеді. Жұбанның ауылдасы, күні кеше арамыздан кеткен қоғам қайраткері, көрнекті қаламгер Бисен Жұмағалиев ағамыз со маңда 6 мешіт болғанын айтып еді. Соның ең маңыздысы – Мәулімберлі мешіті Жұбан туған Жыландыға, қазақы өлшеммен алсақ, «тиіп тұр»! Ал ол жерде кезінде ұстаздары Мысыр мен Бағдадтан оқып келген медресе болған. Сол өркениеттің негізін қалаған Мәулімберлі «Шейх» атағын алып, үш мәрте Меккеге барып, соңғы сапарынан қайтпай, сол жақта жерленген. Атақты ғалым Ханғали Сүйінішалиев, Жұбанның жан досы Сағынғали Сейітов ақын, тана Сүгір жырау, Шымыр ишан, жазушы Сайымжан Еркебаев секілді белгілі жерлестеріміз де сол жерлерде туып-өскен.

Жұбан ақынның батырлығы бір төбе екені белгілі. Оған мысал ретінде тоталитарлық жүйеден тайсалмай, «Мен қазақпын!» деп жар салуы мен 1986 жылғы желтоқсанда жебе боп жалғыз атылғанын айтсақ та, жеткілікті деп ойлаймын. ҰОС-ндағы қанмайданда бастан-аяқ қару мен қаламды қатар ұстағаны, «Жыр туралы жыр» жазғаны бөлек әңгіменің арқауы болар еді. Енді сол батырлық қасиет ерлікті аңсап тұратын ақберендік ақынға қайдан келді десек, тағы да туған жер топырағына жүгінеміз. Себеп: Жұбан туған жерден «қол созым» жерде атақты Науша, Байбарақ батырлар жатыр. Сәл әрірек, «иек астында» атақты Есімхан мен Сатай батыр да мәңгі мекенін тапқан. Ақжайығыма қарай келсек, Жантөре хан, Хамза,  Ораздар «менмұндалайды». Алаш тарихынан ойып тұрып орын алған осыншама ірілер туған топырақтан Жұбан қалай батыр болып жаралмасын!

Өткен жылы ақынның ғасыр тойына дайындық барысында Алатау өрлеп, Алматыға сапар шектік. Жұбанның жансерігі София жеңгемізді 90 жасымен құттықтап, Жазушылар Одағына бас сұқтық, Кеңсай зиратындағы ақын қабіріне тәу еттік. Бәрінен бұрынғы олжамыз – бүгінде сиреп қалған, Жұбан ақынды көзі көрген әдебиет корифейлерінің бірнешеуін іздеп тауып, сұхбаттасуымыз болды!

КСРО мемлекеттік сыйлығының иегері, ақсақал жазушы, абыз ата Әбдіжәміл Нұрпейісов: «Бұл қазақ Жұбанға қандай құрмет көрсетсе де, артық емес!» — деп қадап айтты! Осы сөздің өзі біраз нәрсені аңғартқандай, баһадүр шайырдың бағасын білдіргендей емес пе?

Ауруханада жатқанына қарамастан, аталы сөзін айтқан атақты ғалым Серік Қирабаев ағамызға да алғысымыз шексіз! Жұбан ақынмен жақын араласқан Серік аға шайырдың туған жерге деген шалқар махаббаты мен азаматтық келбетіне көбірек тоқталып еді. Белгілі қаламгер Мыңбай Рәш та түн жарымында мазалағанымызға ренжімей, талай сырды ағытқан. Бәрін тәппіштеуге көлем көтермейді. Сондықтан, кейбір кездесулерді сапарластарға қалдырдым және облыстық «Ақжайық» телеарнасының деректі фильм жасап жатқаны көңілге медеу…

Мен өзім Жұбан ақынмен кездескен адаммын. Біздің «Базартөбе» ауылында үш жерде саяжайы болды. Елге жылда келетін. Оған себеп совхоз директоры Досқалиев Бисен ағай соғыстан бұрын бірге оқыған досы болатын. Алғаш келген 60-шы жылдары, әрине, біз бала болдық, кездесе алмадық. Сондықтан сол кездерде көріп, бірге болған, бүгінде еңбек ардагері, партия, кеңес қызметінде болған «Ақжайық ауданы құрметті азаматы», көненің көзі, құймақұлақ ағамыз Әленғали Кереевке Жұбан ақынның өмірбаянынан, өзімізге белгісіздеу тұстарынан естелік айтуды өтінген едік. Әленғали аға біздің сұрақтарымызға ықыластана жауап беріп, білетін жайттарымен бөлісті. Енді Әлекеңнің естелік жазбаларына кезек берейін:

Ақынның 1961-1963 жылдары елге келген сапарларынан есімде сақталғаны – соғыс аяқталғаннан кейін ақын Алматыда тұрып қалды. София жеңгемізге үйленіп, 1949 жылға дейін ауылға жиі  келіп тұрды.  Әр келген сайын Зеріп анамыз елге деген сағынышын басып, жас келінді қазақы салт-дәстүрге, қарапайым ауыл өміріне дағдыландырды.

Мәселен, ол кезде қазіргідей дайын отын болмайды, ауыл маңынан жұрт тезек теріп әкеліп, жерошаққа от жағады, тамақ әзірлейді. Бұл үйден әлбетте, қонақ арылмайтын. Үлкен қаладан бірден ауылға келе қалған сондағы жап-жас София келін Зеріп анамыздың да, келім-кетім ауылдастардың да бабын тауып, көптің көңілінен шығатын, ақ баталарын алатын. «Баталы  арымас, батасыз жарымас» демекші, София жеңгеміздің бүгін кешкен ұзақ ғұмыры сондағы ауыл-елдің, енесінің алғыс-батасынан екені айдан анық.

Ақынның 1963 жылғы сапары ауылдастарының өміріне үлкен өзгеріс жасайды. Соның бірін ғана айтсам, осы келгенде Жұбағаң «Өлеңті» ауылына қолға түсе бермейтін екі бірдей дизель мотор алуға ықпал етеді, өстіп, әр үйде электр шамдары жағылады.

Әр кездесуде, ол мейлі қатардағы еңбек адамдары ма, ауыл, аудан, басшылары ма, бәрібір, ақын өз ойын бүкпесіз, ақтарыла айтып беретін, өз өмірінің қайсыбір сәттерін, өлке тарихын әсерлене әңгімелеуші еді. Солардың ақын аузынан жазып алынған бірқатарын келтірейін.

  • Қазақта «Жайпақ», «Тайпақ» деген сөздер бар. Бірақ кең жазық көл атын, көл арқылы аудан атын халық қолдап, «Тайпақ» жеңіп алған. Екінші дерек, қалмақтар біздің өңірге үш ғасыр мекендегенін тарихтан білеміз. Сол қалмақтар осы өңірде бау-бақша өсіріп, тірлік етіпті. Солар өсірген жүзімдерінің ішінде түсі ақ, баданадай, дәмі тіл үйіретін тәтті түрін «Тайпақ жүзімі» деп атапты-мыс.
  • Тайпақ ауданында алты кеңшар бар. Олар: «Краснояр», «Котельников», «Тайпақ», «Орал», «Есенсай», «Өлеңті». Мен соңғы кездері сапарларымда солардың төртеуін аралап, малшы-шопан, егіншілермен дидарласып, көптеген қуанышты жайттарды көрдім.

Азынабай-Тайпақ көлінің шығысында Жыланды деген жер бар. Мен дүниеге келгеннен кейін, өмірімнің алғашқы алты айын сол жерде өткізіппін. Содан соң ес білгелі мен бұл жерді көрген емес едім. Соның 1963 жылы ғана бір сәті түсті. Көлікте отырған Қалаш Аманқұл ағай «мынау пәленшенің қыстауының орны» деп, әр жердегі ескі жұрттарды көрсетіп келеді.

— Ал әне бір жол бойындағы төмпешік, ұмытпасам, сен туған қыстаудың орны болса керек, — дей берді де, оң жаққа келіп тоқтады.

— Жыланды дегеніміз осы, Қалеке, — деді автомобиль жүргізуші Мақсат, езу тартып бұрылып.

— Туған жеріңізде соңғы жылдары, шамасы, Сіз де болмағансыз-ау. Әйтпесе Жыландының өзен болып кеткенін білуге тиіс едіңіз.

— Апырай, — деді Қалекең, көзін бір сипап жіберіп, бізге бұрылып.

— Осы Жыланды жыландай ирелеңдеп, кеуіп жататын жылға, сай ғана болатын. Менің жігіт шағым осы жерлерде өтті, жақсы білемін. Анау дала су келмеген жылдары баяғы Кербала – бүгінде көлге айналып, жағасында төрт түлік мал қаптаған құтты мекенге айналыпты.

Қарап тұрмын. Әлгінде, туған қыстауымның орны мен күлдерін көргенде, кенет бір ерекше сезім билеп, тәй-тәй бастырмай жатып, дүние салған бейтаныс әке мен парызын қырық жыл қоса атқарған қайран ананың ыстық құшағы көзге елестегендей, өзім де еріксіз сәл тұнжырап қалған едім. Ал енді мына жаңа өзен, жаңарған туған өлкем жүрегімді жұмсартты. Қазіргі көңіл кірбіңін бір жуғандай, тұла бойыма әсер етіп, самал демімді аймалағандай, әп-сәтте сергітті. Оның үстіне көкорай шабындық пен бөгеттен бірер шақырым жердегі шағаладай шақырайған жаңа ауылды көргенде, ескі жұрт естен лезде ғайып болды.

  • 1962 жылы мен «Тайпақ» совхозының 100 шақырым қашықтықтағы «Дүйінбай» жайлауында болғанмын. Бұл жайлау Гурьев облысының «Қызылқоға», Ақтөбе облысының «Ойыл» аудандарының жерімен шектеседі. Совхоз директоры Жақия Исатаев сол жайлауға жеткенше, мені екі нәрсемен қайран қалдырды. Жақияның сөзді «белінен басып, сірісін жапырып» сөйлемейтінін, қайта әңгімешіл, мақалшыл, сайқымазақ би жігіт екенін бір көргеннен-ақ байқадым. Сол Жақия қазір ұзақ жылдар өткенде, ескі ауылдардың, баяғыда құлаған қыстаулардың қаншама жұрты кездессе, соның бәрінің бұрынғы тарихын біліп, әңгімелеп отыр. Анау пәлен рудың ауылы, мынау түгеннің түгеншесінің қыстауы»,- деп, қоныстардың тау-тау күлдеріне дейін тегіс көрсетіп келеді. Бұдан отыз-қырық жыл бұрынғы қоныстарды кезінде өз көзімен көрген адам дейін десем: Жақияның өзі оңтүстіктің жігіті, Шымкент облысының Киров ауданынан. 1955 жылы  Мәскеуден ауылшаруашылық институтын тәмамдап, ғалым-зоотехник мамандығын алған. Совхозды 10 жылдан бері үздіксіз басқарып келеді. Сол оңтүстіктік Жақия енді осы жердің шежіресі сияқты.

Жалғасы газетіміздің келесі санында