19.06.2020, 10:23
Қараулар: 87
Полиция қызметі: абырой мен міндет

Полиция қызметі: абырой мен міндет

Полиция қызметкері – халықтың қорғаны десек, еш қателеспейтініміз анық. Елдің амандығы, халықтың тыныштығы үшін күні-түні аянбай қызмет ететін осы сала қызметкерінің жұмысы қандай екенін білесіз бе? Қарапайым адамға жай қызмет болып көрінуі мүмкін, алайда үлкен жауапкершілікті талап ететін қызметтің кейбір тұстарына үңіліп көрелік. Көшедегі кейбір тентектерге тосқауыл қойып, аса ауыр қылмыстардың алдын алуды, болып жатқан жағдайда қылмыскердің ізін суытпай табылып, заң аясында жазаға тартылуын, қоғамның тыныштығы мен бейбіт күннің сақталуын көздеген ақжайықтық полицейлер туралы бірер сөз.

Ақжайық аудандық полициясында бүгінгі таңда 50-ден аса қызметкер жұмыс істейді, олар әрдайым ел тыныштығы мен адам қауіпсіздігінің сапында тұр. Олардың қызметі ел арасында, қалың бұқараның ортасында. Дегенмен, қай-қай тәртіп сақшысының әр таңы ішкі істер бөлімінің ғимаратынан басталады. Өткен ғасырдың 78-жылдары іргесі қаланған бұл ғимараттың арнайы бөлмесінде бөлімнің тарихы қатталып, оны басқарған азаматтар мен сала майталмандары жөнінде құнды деректер, жәдігерлер сақталған. Әрине, өткенін ұлағат етіп, алдыңғы ұрпақ-аға буынның өңірдің мызғымас тыныштығын сақтауға бар саналы ғұмырын арнаған еңбек жолын ұлықтау – құптарлық іс. Олардың бейбіт күндегі ел тұтастығын сақтаудағы еңбегі қызметіне енді кіріскен жас мамандарға керемет үлгі.

Иә, тәртіптің күзетінде тұрған әрбір полицейдің күнінің өзі белгілі бір тәртіпке бағынғандай. Әрбір жұмыс күні кезекшінің басшылық құрамға тәуліктік жағдайды тәптіштеп баяндауынан басталады. Ауылда қандай оқиға орын алса да, құқық қорғаушылардың назарынан ештеңе тыс қалмайды. Өзінен жоғары шендіге ахуалды баяндағанда, еш оқиғаны тасада қалдырмай жеткізу – бүгінгі күннің еш келеңсіздіксіз өтуінің бір кепілі.

Таң ертемен аудандық ішкі істер бөлімінің алдынан өте қалсаңыз, сымдай тізілген полицейлерді көресіз. Олар саптық байқауға тұрып, жеке құрамда сапта жүру тәртібін ыждағаттауда. Әр қадамын темірдей бұйрыққа  бағындырып, бірдей қимылдаған тәртіп сақшыларының осы тұста әрқайсысының жеке және топтық дайындықтары жіті тексеріледі, бүгінгі жұмыс күнінің міндеттері мен тапсырмалары беріледі.  Осылайша полиция қызметкерлерін топтық рухқа, бір мақсатқа жұмылдырады.

Осыдан соң автокөліктер мен жүргізушілердің құжаттары мұқият тексеріліп, олқылықтардың алдын алу мақсатында бүге-шүгесіне дейін тексеріледі. Тек осы рәсімдерден кейін ғана олар өздерінен қырағылық пен сақтықты талап ететін жұмыстарына, яғни қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге аттанады.

Полиция қызметкері болу үшін білім де, білік те, білек те керек. Сабыр, төзім және қажыр-қайрат қажет. Жұмыс барысында  түрлі жағдай орын алады. Біреу бөгде адамның құқығына нұқсан келтіріп, енді біреулер айналасындағыларға қауіп төндіруі мүмкін. Осының бәрі тәртіп сақшыларының жіті бақылауында. Тіпті күн санап көбейіп жатқан автокөліктердің де жол ережелерін бұзбай, ешкімге қауіп төндірмеуі де бекем бақылауда. Осы орайда жол полиция қызметкерінің тынымсыз еңбегін атап өту керек. Себебі көлік қозғалысын реттеуде полицейлердің рөлі зор. Күнделікті жол ережесінің бұзылуын болдырмау үшін олар кірпік қақпай еңбек етеді.

Олардың жұмысындағы басты ұстаным – кішіпейілділік пен адамгершілік. Ұстамды болуы, азаматтармен тіл табыса білуі, сыпайы болуы да аса маңызды. Осындай толып жатқан талаптардың үдесінен шыға білген ақжайықтық полицейлерді жиі кездестіреміз. Байқасаңыз, олар бірде көлігін оталдыра алмаған жерлесіне қол ұшын созып жатса, енді бірде толассыз көлік ағылған жолдан өтуге жүрексінген қария мен балаға жәрдем етіп жатады. Тіпті кейде мұғалімнің кейпіне де енуге мәжбүр. Рұқсат етілмеген жерден жолды кескен адамдарға ескерту айтып, ертең ата-анасының осы қылығын қайталаған баланың көлікке қағылуы мүмкін екенін қаперге салады. Мұның барлығы адамдардың қауіпсіздігі үшін атқарылатын жұмыс.

Ауа райы қолайсыз болған жағдайда полицейлермен бірге олардың серігі – сәйгүліктер де қоғамдық тәртіптің сапына тұрады. Бабына келіп, жаратылған тұлпар мінген азаматтардан құралған патрульдік топтар да қоғамдық тәртіпті бақылау іс-шараларын жүргізеді. Осындайда ер жігіттің айбыны, еліміздің мақтаны болар сәйгүліктері астарында ойнақтаған қазіргі заман полицейлерінің халық сенімінің үдесінен шығатынына анық көзің жетеді.

Полицейдің жанында үнемі қару жүретіні белгілі. Себебі қару – оның қорғаны. Ал қаруды ұстаған адам нысанаға дәл тигізуі керек. Өйткені, мүлт кеткен бір қателіктің соңы үлкен өкінішке ұласуы ғажап емес. Жай адам қателескенмен, полицей қателеспеуі тиіс. Сондықтан олар үнемі практикалық атыс сабақтарына қатысып, мергендігін шыңдай түседі.

Шапшаңдық пен жылдамдық, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу қабілеті полицейге қажетті басты қасиеттердің қатарында. Сондықтан физикалық дайындықтың, шынығудың полиция қызметкері үшін маңызы зор. Себебі, ол кез келген жағдайда қылмыскермен жекпе-жекке шығып қалуы мүмкін. Сол кезде дайын болу үшін олар үздіксіз өз біліктіліктерін шыңдап, қоян-қолтық ұрыс элементтерін меңгере отырып, спорттық дайындық жұмыстарын жүргізеді.

Сырт көзге қарағанда, полиция қызметкерлерінің жұмыстан басқаға алаңы жоқтай боп көрінетіні рас. Дегенмен  қызмет бабында да, жұмыстан тыс уақытта да қоғам қауіпсіздігін сақтайтын тәртіп сақшылары қолы қалт етсе, түрлі мәдени-спорттық,  шаралардан тыс қалмай, халықтың бел ортасынан табылуды қалайды. Ән әуелетіп, домбыраның құлағында ойнап, көрермендерін тамсандырған да бар олардың арасында. Ал үздіксіз жаттығулардың арқасында шыныққан жігіттер спорттық бәсекелерде алдына жан салмай, жүлдегерлердің қатарынан көрініп жүр.

Айта кетелік, аудандық полиция бөлімінің жанында сала ардагерлерінің кеңесі жұмыс істейді. Олар бүгінгі ізбасарларымен жүздесіп,  жастармен құнды тәжірибесімен бөлісуге дайын және бөлісіп те келеді.  Әр маман өз жұмысын сүйіп атқарса, жақсы көрсе ғана жақсы қызметкер бола алады. Осы сөзді басты ұстанымына айналдырған ардагерлер бүгінгі полиция қызметкерлеріне антына адал, лауазымына берік болуды ұлықтайды.

Балғын кезінде полицей болуды армандамаған жан кемде-кем шығар. Расында да, қолымызға ойыншық қару ұстап, қарақшының рөлі бұйырған достарымызды тас-талқан етіп, әділдіктің орнағанына шексіз қуанатынбыз. Бүгінде полиция қызметкері болу үшін не істеуіміз керек дейтін мектеп түлектері аз емес. Олардың сұрағына жауап беру, ішкі істер органдарының оқу орындарына үміткерлерді дайындау мақсатында түрлі жиындар өткізіліп, онда сала ардагерлері, тәжірибелі қызметкерлер мәртебелі мамандықтың қыр-сырын түсіндіреді.

Төтенше жағдай, карантин кезінде полицейлер дәрігерлермен қатар мойындарына ауыр жүкті арқалап, алдыңғы шепте індеттің таралуының алдын алуға жұмылды. Індетпен күрес – көптеген адамдардың бірлесе атқарып жатқан жауапкершілігі орасан жұмыс екенін ескерсек, бұл сын сағаттарда басын қатерге тігіп, үлкен жауапкершілікпен жұмыс жатқандарын атап өту керек. Айталық, аудан аумағындағы 6 блок-бекетте учаскелік полиция инспекторларымен бірге      полиция қызметкері уақытпен санаспай, қызмет атқарды. Мұның бәрін қауіпті індетті жоюдың жолы деп қабылдаған олар артылған міндеттің үдесінен шыға білді.

Елі мен азаматтардың нағыз қорғаушысы, полиция қызметкері өз борышын абыроймен орындайды. Олар қылмысқа қарсы сенімді құрық қойып, құқық бұзушылықтың алдын алу, жасалған қылмыстардың ізін суытпай ашу, азаматтардың заңды құқықтарын қорғауды өзінің басты міндеттері деп сезінеді.

Әсел САҒЫН.