19.06.2020, 10:28
Қараулар: 71
Бірдейлендірудің маңызын түсінбейтіндер көп

Бірдейлендірудің маңызын түсінбейтіндер көп

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыру және ветеринария жүйесін жетілдіру – еліміздегі басым бағыттардың бірі.  Осы мақсатпен жыл сайын аудан көлемінде жұқпалы ауруларға қарсы ветеринариялық алдын ала егу, диагностикалау, бірдейлендіру бойынша жұмыс жүйелі қолға алынған. Малдың саулығына кепілдік беретін бірден-бір сала – ветеринария десек, осы сала бойынша аудандағы атқарылып жатқан жұмыс жөнінде білмек ниетпен аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Азамат Алхамбетовті әңгімеге тартқан едік.

– Азамат Серікқалиұлы, өзіңіз басқарып отырған мекеменің қызметі, төрт түлікті бірдейлендірудің маңызы жөнінде айтып берсеңіз?

Біздің мекеме 2011 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Мақсатымыз – жануарлардан алынатын өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, эпизоотиялық жағдайларды қалыптастыру, халықтың денсаулығын адам мен жануарларға ортақ жұқпалы аурулардан қорғау, ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, бірдейлендіру бойынша дерекқорды жүргізу және жануарларға ветеринарлық паспорт беру, қоршаған ортаны ластаудың алдын алу және оны жою.

Басқармада  өзіммен қосқанда 3 адам қызмет атқарып жүр. Әлі 4 инспектор жетіспейді. осы тұста маман тапшылығы да жұмысымызға біраз қолбайлау болып тұрғаны. Бұған қарамастан, мамандар жұмысты ақсатпай, ауданда ветеринарлық ахуалдың қалыпта болуын назарда ұстап отыр.

Ал бірдейлендіруге келер болсақ, ауылшаруашылық малдарын сырғалау, таңбалау және татуировкалау арқылы жеке бірдейлендіру нөмірін тасымалдаушыны берумен қатар паспорттауды жүргізу рәсімі. Малдарды бірдейлендіру рәсіміне жеке нөмір беру және ауыл шаруашылығы малдарын белгілеу, малға ветеринариялық паспорт беру, мәліметтерді ауыл шаруашылығы малдарын бірдейлендіру жөніндегі дерекқорға ветеринария саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен енгізу жатады.

Ауылшаруашылық малдарын бірдейлендіру ережесінің қолданысқа енгізілгеніне 10 жыл болса да, осыған мән бермей келе жатқан адамдар жеткілікті. Яғни, бұл тұрғындар өз малын тіркетуге, заңды есепке алуға, әртүрлі мал ауруларына қарсы егу жұмыстарына, қан алдыруға немқұрайлы қарайды. Малға сондай көзқарас алдымен өзінің амандығына, отбасының амандығына көзжұма қарау деген сөз. Одан қалса, малды егер ұры жетектеп әкетсе, оны табу өте қиын болмақ..

2019 жылдың қорытындысы бойынша Ақжайық ауданыңда 33149 бас МІҚ, 114000 бас ҰМҚ, 22 бас түйе, 80 бас шошқа, 8294 бас жылқы малы бірдейлендірілген. Былтыр солардан қан алынып, 681 бас мүйізді ірі қара және 514 бас уақ жандық бруцеллез аурына шалдыққан болып шықты. Әрине, бұлардың бәрі де жойылды. Ал әлгінде айтқандай, түліктерінің қанын алдырмайтын, демек, небір кеселден сақтанбайтын, ектірмейтін тұрғындардың аз емесін ескерсек, әлі қанша ауру малдың санаққа ілінбей қалғаны айтыңызшы. Сойылған, сатылған және әртүрлі жағдайда өліп қалған малды есептен шығаруға да жұртымыз салғырт қарайды. Қазіргі уақыт талабына сай қолда бар барлық ірі қара, уақ жандық тіркеліп, сырғаланып, сөйтіп, бірдейлендірудің дерек қорына енгізілуі тиіс. Бірдейлендіру дерек қорына енгізілмеген малға сату кезінде, тағы басқа жағдайлар бойынша құжаттар берілмейді. Ал  мұндай әуре сарсаң кімге керек. Сондықтан заман талабына, заңнамаға құлақ асу қажет қой.

Малы бар тұрғындар жылқы, түйе, мүйізді ірі қараның әр басына және қойларға ветеринариялық паспорт алулары керек. Тағы бір қаперге сала кететін мәселе, ертең жазда тұрғындардың көбі бойдақ малын, қойын жақын ауылдық округтердегі шаруа қожалықтарына апарады. Сол кезде барлық малды сырғалап, қанын алдырып, егу жұмыстарын жүргізулері міндетті.

– Төрт түлікті бірдейлендірудің арнайы уақыты бар ма, жануарларды таңбалаудың қандай түрлері бар және бұл рәсімнен мал иесіне пайда қандай?

Ірі қара және ұсақ малдардың төлдері, сондай-ақ боталар туғаннан кейін 7 күн өткен соң, құлындарды 4 айлық жасында бірдейлендіру қажет. Уақытында сырғаланбаудың салдарынан қожалық иелерінің көршілес жайылатын өзгенің малының төлін сырғалап, сотқа дейін барған жайттар да болды. Егер мал иесі бірдейлендіруді дер кезінде жасатса, осындай жайттар орын алмасы анық емес пе?!

Таңбалаудың түрлеріне келер болсақ, ауыл шаруашылығы малдарын белгілеу түріне байланысты мынадай тәсілдердің бірімен жүзеге асырылады: сырғалау (ірі қара малы, ұсақ мал, түйелер, шошқалар), ыстық және салқын таңбалау (жылқы);  чиптеу (электрондық бірдейлендіру түрі). Ыстық таңбалаған кезде малдың терісі жарақаттанады, құрт түсіп, еті де зақымдалуы әбден мүмкін. Сондықтан шығар, соңғы кезде Қамбар ата түлігінің иелері чипті көбірек таңдайтын болыпты. Чиптің артықшылығы, тері астына енгізілген құрылғыны арнайы сканермен оқып, дерекқорда кімнің атына жазылғанын анықтауға болады.

Ауыл шаруашылығы малдарын бірдейлендіру мемлекеттік маңызы бар шара. Малды бірдейлендіру арқылы олардың нақты есебін алу, дер кезінде мал дәрігерлік көмек көрсету, жұқпалы мал ауруларына қарсы егу, диагностикалық шаралар жүргізу уақытына сай өтеді. Сонымен қатар иелігіңіздегі мал қолды болып жатса, дер таңба, сырға, чип арқылы тауып, сізге тиесілі екенін дәлелдеуге болады.

Мысалы, 2018 жылы Жаңабұлақ ауылдық округіне қожалықтың қожайыны табынына бөтен ірі қараның қосылғанын айтып, иесін анықтап беруді өтінді. Лезде жетіп, сырғасындағы белгілерді дерекқорға енгіздік. Қабыршақты ауылдық округіндегі малды ағайынның түлігі болып шықты. Иесі жоғының із суытпай табылғанына қуанғаны, айтпаса да, түсінікті.

Тағы бір жағдай. Былтыр Ақжол ауылдық округіндегі шаруа қожалығының жайылымына бірнеше мал адасып түсіпті. Қожалық меңгерушісі дереу бізбен хабарласты. Сөйтсек, күн жел, тұманды болған соң, ыққан мал қожалықтан 30 шақырым жердегі Қабыл ауылының жеке тұрғындарының иелігінен екен. Мұндай мысалдар жетерлік.

Сонымен қатар малды бірдейлендіру, егер ол аса қауіпті кеселге шалдыққан жағдайда, өтемақы алуға мүмкіндік береді. Құтыруға шалдыққан түліктің құны түгел өтелсе, уақ жандықтан сарып анықталса, оның құнының 30 пайызына дейін өтемақы төленеді. Егер ірі қарада сарып әбден асқынған болса, өтемақы төлеу қарастырылған.

– Егер тұрғын малын уақытында таңбаламаса, қандай жауапкершілік қарастырылған?

ҚР «Ветеринария туралы» Заңының 25-бабы 5-тармағына сәйкес жеке және заңды тұлғалар ауыл шаруашылығы жануарларын міндетті түрде бірдейлендіруден өткізуі тиіс. Бұл талапты орындамаған жағдайда ветеринариялық ережелерді, талаптарды және ветеринариялық нормативтерді сақтамағаны үшін ҚР Әкімшілік құқық кодекісінің 406 бабының 15-тармағы бойынша жеке тұлғаларға он, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға жиырма бес, орта кәсіпкерлік субъектілеріне елу, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бір жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынатын болады.

Тағы бір ескере кетерлік жайт, осы Заңның 25 бабының 12 тармағына сәйкес жеке және заңды тұлғалар ветеринария саласындағы мамандардың ветеринариялық іс-шаралар өткізу бойынша қызметтiк мiндеттерiн орындауы кезінде оларға жәрдем көрсетуге міндетті.

«Ұзын арқан, кең тұсаудың» күні өткенінің бір дәлелі, былтыр малын бірдейлендірмегені үшін 8 жеке тұрғынға 101 000 теңге, биыл 2 жеке тұрғынға 26 510 теңгеге айыппұл салынды.

Төрт түлікпен біте қайнасып өмір сүріп жатқан соң, оған мән бермеуге болмайды. «Медицина – адамды, ал, ветеринария – бүкіл адамзатты емдейді» деген қанатты сөзге сүйенсек,  ветеринария саласы атүсті қарауға болмайтын, өте жауапты сала екендігін аңғаруға болады.

  • Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Әңгімелескен Әсем ЕСБЕК

«Жайық таңы»