19.06.2020, 10:33
Қараулар: 99
Әлжелінің пайдасы да, зияны да жетерлік

Әлжелінің пайдасы да, зияны да жетерлік

Күні кеше газетте жарық көрген «Әлеуметтік желіде сауатсыздар көбейді» деп дабыл қаққан мақаланы оқып, таныстым. Автор бұл саланы толық зерделеп, мысалдармен жан-жақты толықтырып беріпті, көпке ұғынықты. Газеттің тұрақты оқырманы ретінде мақалада көтерілген мәселеге үнқатып, ғаламтордың зияны мен пайдасын ажыратып, хат жолдауды жөн көрдім.

Бүгінде әлеуметтік желілерге байланып, бар уақытын, тіпті ақшасын жұмсап жататын адамдар көп және олардың бұл әрекетіне ешкім онша таңырқай қоймайтын деңгейге жеттік. Осылайша ғаламтордың жеке адамға, жалпы қоғамға ықпалы барған сайын күшейіп келеді. Пайдасына келетін болсақ, желі арқылы соңғы жаңалықтар мен оқиғалардан хабардар бола отырып, сол оқиғаға қатысты адамдардың пікірлерімен санасасың. Осы желі арқылы тіпті өз бизнесін де дөңгелетіп отырғандар да баршылық.

Таяқтың екі ұшы болатыны сияқты, әлеуметтік желінің де залалы жетерлік. Әлеуметтік желі ең алдымен, адамның алтын уақытын жейді. «Уақыттың бос өткені – өмірдің бос кеткені» деп келген қазағымыздың қыз-жігіттері қазірде телефонның экранына телмірумен өмірін өткізіп жатқаны жасырын емес.

Уақыт – Алланың адамға берген ең үлкен байлығы және баға жетпес құндылығы. Жоғалтқан уақытты ешқандай жолмен қайтара алмаймыз. Жалпы әлеуметтік желіні мен «уақытыңды ұрлату» деп түсінемін. Адамның желіге тәуелділігі соншалық, бас алмастан отырып, минуттардың, тіпті сағаттардың қалай жылжып өткенін де байқамай қалады. Сондағы ұтатыны – қателері өрген, қалай болса, солай сауатсыз шытпақталған ақпараттар ма?!

Психологиялық тұрғыдан қарастырсақ, ғаламтор, ұялы телефон, желі байланыстарының әсері аса зор. Балалар кішкентайынан ой-өрісін дамыту, ойлау, сергу ойыншықтарына емес, ата-анасының ұялы телефонына ұмтылып жатады. Бұл әрекет баланың дүниетанымына, қоршаған ортаны сезіп білуіне, айналадағы құбылыстарды сезінуіне кедергі жасайды. Уақытында тамағын ішпей, тәбеті бұзылып, көру қабілетінің нашарлауы, белгілі бір режімдерден ауытқитыны жасырын емес. Әрі Youtube каналдарындағы өзге тілде шүлдірлейтін мультфильмдерді көріп өскен ұрпақтың тілі сол тілде шығатыны анық. Осы тұста сауатты жазудан бөлек тағы мәселе де айқын байқалып тұр. Отандық өндірісімізде балаларды қызықтыратын ана тіліндегі туындылардың аясы әлі де кеңімей тұр. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген, асылы, ғаламтор заманның талабына айналған екен, Үкімет басындағылар ана тіліміздегі контенттің саны мен сапасын арттыру керек. Сонда ғана әр ата-ана баласына Маша менен аюдың хикаясын емес, өзіміздің ертегі кейіпкерлерімен таныстыруға талпынады.

Шындығына келгенде, бүгінгі таңда балалардың ертегі тыңдап, шахмат, дойбы, не қимыл ойындарын ойнауы сиреп кетті. Тіпті жастардың әдеби кітаптар оқып, ондағы даналардың сөздерін өз кәделеріне жаратуы да сирек. Әрине көпке топырақ шаша алмаймыз, десе де өз ойларын ауызша жеткізуде ақын-жазушылардың өлеңдерінен, шығармаларынан үзінділер келтіріп, мақал-мәтел, нақыл сөздер арқылы ойларын түйіндеп айта алса, нұр үстіне нұр болар еді. Қарапайым ұлы Абайдың қара сөздерінің өзі өскелең ұрпаққа мол азық емес пе? Осыны әлеуметтік желі беттерінде халыққа ақпарат жеткізетін азаматтарымыз, аға буын өкілдері ұлықтаса, артықтық етпейді.

Бұрындары әртүрлі тақырыпта (махаббат, достық, адалдық) диспуттар өткізіліп, әркім өз пікірін ортаға салып, сол тақырыпқа сәйкес адамдар өмірінен мысалдар келтіріп, талданушы еді. Сол кезде пікір айту үшін ақын-жазушылардың кітаптарының парақтарын ақтарушы едік. Ал қазіргі жастар ғаламторша сөйлеп, тіпті сондағы қисынсыз сөздер мен кереғар мәтіндерді оқып, мәз болып жатады.

Иә, заманына қарай амалы деп, өз алға тартатындар да табылар, десек те әр нәрсені өз орнымен, өз уақытымен, белгілі бір шектеумен қолдануын қадағалауға ең алдымен үлкендер өзіміз мән беріп, содан кейін балаларымыздың тәрбиесіне көңіл аударып, алдын алса дейміз. Себебі, үйдегі бала – біздің болашағымыз. Сондықтан да ұрпағымыздың келешегіне жауапкершілікпен қараған жөн.

Қазақта «Түйе көп болса, жүк сыймас» деген қисынды сөз бар. Күн өткен сайын жаңаға үңілеміз деп, зиянынан опық жеп жүрмейік. Өткенімізді ұмытып, ата-бабамыздың сара жолынан адасып қалмасақ болғаны да.  Қалай болғанда да әлеуметтік желінің пайдасы да, зияны да бар. Біз тек пайдалысын алып, зиянынан алыстап отырғанымыз абзал болар.

Сая САҒИҚЫЗЫ,

БАЗАРШОЛАН.