19.06.2020, 10:35
Қараулар: 71
Сауатсыздық – ғаламтор дерті

Сауатсыздық – ғаламтор дерті

Қазіргі кезде ақпараттық технологиялардың мәртебесі артып, дәурені салтанат құрып тұрғаны ақиқат.  Бұрын ата-аналарымыз алыс-жақынмен хат алмасып, хабар жолдаса, бүгінде ақпарат алмасу, қарым-қатынас орнату, хабарлама  алу – осының бәрі виртуалды жасалады. Соның ішінде интернет жастардың ең сенімді құралдардың біріне айналды десек, артық айтпаймыз. Олар өміріндегі әрбір маңызды жаңалығын әлеуметтік желіге салып, өзге де жаңалықтармен осы желінің парақшаларынан танысады. Осылайша  жастардың жүзбе-жүз сөйлесуі біртіндеп азайып, әлеуметтік жүйе қолданысы, керісінше, артып келеді.

Қазір ғаламтор қолданбайтын жастар сирек, «Менің Инстаграм, Фэйсбук, ВКонтактеде аккаунтым жоқ» деп айтқан қыз-жігітке мұражайдағы жәдігердей, таңырқай қарайтын күнге жеттік-ау, шамасы. «Таяқтың екі ұшы бар» бар дегендей, әлеуметтік желінің пайдалы және зиянды жақтары бар екенін көп жағдайда қаперімізге алмай да жататынымызды мойындау керек.

Өткен аптада газеттің редакторы Әлия Шарапиеваның «Әлеуметтік желіде сауатсыздар көбейді» мақаласында желінің тілімізге келтіріп жатқан нұқсаны анық жазылған. Тіпті автор бірқатар қателерді тайға таңба басқандай етіп көрсетіп, сын садағына алыпты. Расында да, ана тілімізді шұбарлатпай, барлық заңдылықтары сақтай отырып, өзгелерге осылайша үлгі көрсету – ұлттық мүдделеріміздің маңыздысы. Қазақы тіл мәдениеті десек, бірден ойға сөйлеу және жазу мәдениеті, оны жоғары деңгейге көтерудің басты заңдылығы – дұрыс айту және қатесіз жазу нормасы келеді. Техниканың өркендеген заманында әлеуметтік желілердің тіл мәдениетін дамытудағы әсері қазақ тіл білімінде жан-жақты зерттелуі тиіс деп ойлаймын

«Ана тілін жақсы білу — әркімнің азаматтық борышы. Егер әр бір сөзді орнымен жұмсай біліп, айтқан ойы мазмұнды, нысанаға дәл тиетіндей ұғымды шығып, тыңдаушысын баурап алардай әсерлі болса, ана тілінің құдіреті сонда ғана сезілер еді. Бұл әрине ауызша және жазбаша қарым-қатынасқа түсушілерге тікелей қатысты.

Менің ойымша, әлеуметтік желілердегі тіл мәдениетін сақтау үшін ең алдымен:

  1. Ақпараттық мәдениет жайында мәліметтер беріліп, сауатсыздыққа жол бермеу мақсатында ағарту жұмыстары жүргізіліп, олар кеңінен насихатталуы қажет;

2.Тілдің маңызы, оның қолданылуы жөнінде әлеуметтік желілерде талқыланып, тіл тазалығы, сауатты жазуға үндеген жарнамалар, патриоттық сезімдерін арттыратын суреттер жиі берілсе де, керемет.

  1. Әрбір әлеуметтік желіні пайдаланушы тіл мәселесіне бей-жай қарамай, сауатты жазуға талпынса, тілге құрмет артары анық.

Жоғарыда аталған ұсыныстар нақты дәрежеде іске асқан жағдайда, әлеуметтік желіде сауаттылық, жауапкершілік, төл дыбыстарды қолданып, тыныс белгіні дұрыс қойып жүрсе, айтылатын ой нақты болады және қазақ тілі шұбарланбас еді деп сенемін. Ал мектеп қабырғасында оқып жатқан оқушылар да диктантты жазуда қате жазбас еді, шығарма жазғанда, сөздік қоры молаяр еді деп ойлаймын. Ол үшін, әрине, әлеуметтік желіде ақпараттарды саралау үшін белгілі бір дәрежеде біліктілік керек.

Өткен ғасырдың басында қазақ ағартушысы  А. Байтұрсынов «Сөйлегенде сөздің жүйесін, қисынын келтіріп сөйлеу қандай керек болса, жазғанда да сөздің кестесін келтіріп жазу сондай керек» деген екен. Шынтуайтына келгенде, тіліміздің бұзылмай сақталуын тілесек, бұл мәселе қазақ деп соққан жүрегі бар әрбір азаматты толғандыруы керек деп ойлаймын. Сауатсыздық, артынша қателері өрген мәтінге көзі үйренген ұрпақтың өсуі, ең алдымен, соққыны бірінші қабылдайтын әдебиетіміз, өнеріміз сынды өркениеттің нәзік тұстары зардап шегуіне әкелетіні хақ.

Жаһандану заманында бұқаралық ақпараттар ағымы толассыз ағылуда. Бұл мәселені бір жақты қарауға болмайды. Қазір ақпаратты тек кітаптан ғана емес, ғаламтор көздерінен, бұқаралық ақпарат құралдарынан-ақ алуға болады. Бұл ғаламтордың ұрпақ тәрбиесіне келтірген залалының тағы бір ұшпағы көрінеді. Бүгінде кітаптың бетін ашып көрмеген ұрпақ өсіп-өніп келеді. Жастарға тәуліктің бір уақытын кітап оқуға арнау дағдысын кішкентайынан қалыптастыру керек. Жастарды рухани байлыққа жетелеу отбасынан бастау алса, нұр. Аудандық орталықтандырылған кітапханада жұмыс істейтіндіктен, ата-әжесінен бастап, немере-шөбереге дейін кітаппен достасқан отбасылармен мығым байланыс орнатқам. Өз қызметімде олардың үлгісін өзгелерге паш етіп, әлеуметтік желіде жиі жариялап тұрамын.

Жастардың рухани құндылықтары әлеуметтік желіде бір-бірінің айтқан тәжірибелері, ойлары арқылы қалыптасатын кезеңге таяған тұста, бір сәт кітаптың маңызын да ұғындырған жөн. Ал бұл міндетті тек кітапхана қызметкерлері ғана емес, бүкіл қоғам болып орындауымыз қажет.

Әнуар ҚАЙЫРЖАНОВ,

аудандық орталықтандырылған кітапхананың жасөспірімдермен жұмыс әдіскері.