19.06.2020, 10:50
Қараулар: 218
Жүйрік ойдың жемісі

Жүйрік ойдың жемісі

Қоғамда мүмкіндігі шектеулі жандарға деген ықылас бөлек. Олардың қоғамға етене енуне жағдай жасау күн тәртібінен түскен емес. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Біз оларды белсенді өмірге тартамыз, олар тек жәрдемақы алып қана қоймайды, сонымен бірге өздерін қоғамның мүшесі, пайдалы еңбеккер ретінде сезінетін болады», – деп, оларға барлық жағдайдың жасалу қажеттігін баса көрсетті. Ал адамның мәртебесін де, өресін де асыратын еңбек екендігі анық. Осы мақсатта арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында қамқорлыққа алынған жандар да еңбек терапиясына тартылып, азғантай болса да, артылған жауапкершілікті түйсініп, сол арқылы өздерінің қажеттілігін сезінуде. Күнделікті өтетін дәрістерде олар  қолөнерге шыңдалып, дастархандарын түрлі жеңсік тағаммен жайнатып, ұсақ моторика қабілеттерін дамытып, сонымен қатар өз бөлмелерін күнделікті тазартып отырады.

Жуырда осы сабақтардың бірінде ұлттық қолөнер үлгілерімен таныстыра отырып, ата мұрамызды қастерлеуге, үлгі тұтуға үйрету мақсатында «Жүйрік ойдың жемісі» тақырыбында шеберлік дәрісі өтті.

Ата-бабаларымыз ою-өрнекті бекерден бекерге сала бермеген, әр өрнектің өзіндік мағынасы бар. Сол себепті қамқорланушыларды «Қошқармүйіз» ою-өрнегінің шығу тарихымен таныстырып, артынша олар осы өрнекті қағаздан қиып жасады.

Халқымыздың  асыл қазынасын дәріптеп, қошқармүйізді епті, әрі шебер салған Арман Макаров, Асель Өтекова, Қамидолла Жұмаев, Гүлзада Шоңыраеваның еңбектері үлгі етуге лайық, ал ұсақ моторика сабағына Алина Нұрмұханова, Айза Бақтияр, Батыржан Молдағалиев белсене қатысты. «Ас адамның арқауы» деген,  асхана мәзірін дайындауда  Салтанат Өтегалиева, Любовь Бакалкина, Зәру Кенжебаева, Толқын Сариева алдына жан салмады.

Елімізде қазіргі уақытта мүмкіндігі шектеулі жандарға жасалатын қамқорлық аясы кеңейіп олардың әлеуметтік ахуалын жақсартуға мән беріліп келеді. Алдағы уақытта  қамқорланушыларымыздың қол өнер туындыларын көпшіліктің назарына ұсыну жоспарда.

Гүлдәурен БИСЕКОВА,

еңбек терапиясының нұсқаушысы.

ЧАПАЕВ