19.06.2020, 10:57
Қараулар: 252
Су болмаса, кім кінәлі?

Су болмаса, кім кінәлі?

Тіршілікте судың қандай маңызы бар екенін айтып жату артық. Халқымызда «Судың да сұрауы бар» деп бекерден-бекер айтылмаса керек, әрине. Осы ауыз су мәселесі басқа жерде қайдам, Чапаев ауылында жаз айларында күйіп тұр. Бұл жөнінде ауыз судың тапшылығы, тіршілік нәрінің сапасын сын садағына алған материалдар газетімізде үздіксіз беріліп келеді. Өткен аптаның сенбі-жексенбісінде өзі сыздықтап әзер аққан су тоқтап, ауыл тұрғындары біраз әбігерге түсті. Әлеуметтік желіде ауылдастарымыз судың тоқтатылғанына наразылық білдіріп, біраз дүрбелең туды.

Осы орайда, ауыз су мәселесі бойынша сауалымызды «Жайықтехсервис» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының басшысы Әлжан Досмақовқа жолдадық.

«Демалыс күндері ауыз судың тоқтатылған себебі – мұнарадағы су деңгейі ең шектік көрсеткішке дейін түсіп кетті. Атап айтсақ, Чапаев су стансасының басында 2 қойма бар. Сыйымдылығы 500 текше метр қоймада су деңгейі 7 сатыға, ал 1000 текше метрлік қоймада бұл көрсеткіш мүлдем 10 сатыға төмендеген. Осының салдарынан станса басындағы сорғылардың жанып кету қаупі туындады,  әрі құбырлардан лай су ағады. Сондықтан қоймадағы көрсеткіш қалыпты деңгейге жеткенше,  судың берілуін уақытша тоқтатуға мәжбүр болдық. Аудан орталығында қыс мезгілінде су құбырына тәулігіне 380 текше метр су жіберілсе, көктемде 450 текше метр, ал қазіргі уақытта 610 текше метрге дейін су жіберілуде.  Өкінішке қарай, кейбір жерде ауыз суды бақша суару үшін пайдалану ұшырасып қалуда. Өткен аптада рейдке шыққанда ауыз суды осындай мақсатына жаратып отырған бірқатар үй иелерін анықтадық. Бірақ оларды жауапқа тарта алмаймыз, мұндай құзірет бізде де, ауылдық округ әкімдігінде де, тіпті құқық қорғау органдардың өкілдерінде жоқ.  Ал бұл дегеніңіз  барып тұрған масқара емес пе. Тұщы су қоры тек бізде ғана емес, бүкіл елімізде кеміп келеді», – дейді Әлжан Нұржанұлы. Оның айтуынша енді аудан орталығымен қатар барлық елдімекендерде су белгілі бір уақытта беріледі. Егер су қоры жеткілікті деңгейге көтерілсе, демалыс күндері таңғы 7 ден кешкі 8-ге дейін айырмау үшін барымызды саламыз.

«Жылдан-жылға жерасты суларының көлемі де азайып келеді. Сондықтан округ әкімдіктері мәселенің ақырын күтпей, қазірден бастап қамдануы тиіс, – дейді кәсіпорын басшысы, – ескі құдықтарды жаңартып, жаңа құдықтар қазып, тірлік ету керек. Осыны аудандық аурухананың басшылығы да қаперге алса екен. Қазіргідей төтенше жағдай кезінде судың аса қажет екені рас. Дегенмен, аулаларында бір құдық қазылып, мұнара орнатылса, бұл суды айырған кезде, біраз қолдау болары анық.

Аудан әкімінің есепті кездесуіне қатысқан облыс әкімі Ғали Есқалиев көптен күрмеуін таппай келе жатқан су мәселесін шешуге қолдау көрсетуге мейлінше ықпал етуге уәде берген болатын. Осының ретін білмек ниетпен аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Жәлел Жолдығалиевке хабарластық. «Биыл Чапаев ауылының су құбырлары жүйесін қайта жаңғырту үшін қажет жобалық-сметалық құжатты даярлауға қаражат бөлінді. Құжаттарды жасақтауға мемлекеттік сатып алу порталына конкурс жарияланды. Шілденің аяғында жеңімпаз анықталмақ. Реконструкция жұмыстары бірнеше миллиард қаражатты қажет ететіндігі анық, ал мұны еңсеруге аудандық бюджеттің қауқары жетпейді. Бұл жағдай облыс әкімінің тікелей бақылауында, қолдауға дайын екендігін де айтқан болатын, сондықтан келесі жылы қайта жаңғырту жұмыстары басталады деген үміттеміз», деді ол.

Су қысымының төмендігі соншалық, әдетте үйдің қожайындары жоары жерге орналастыратын жылыту құрылғыларына жетпей жатыр. Осындайда көпқабатты баспаналардың жоғарғы қабаттардың тұрғындары қалай амалдауда. Осы жөнінде қойылған сауалға Чапаев ауылдық округінің әкімі Нұртаза Нәбиденов жауап берді. Оның берген мәліметіне жүгінсек, аудан орталығының көпқабатты үйлер шоғырланған Достық шағын ауданы, Қонаев көшесінде 58-пәтерлік үй, сонымен қатар Исаев көшесінің тұстарына 3,5 тонналық су таситын көлікпен күн сайын ауыз су жеткізілуде. Суға мұқтаж жандар сол жерден таңғы сағат тоғыздан қас қарайғанша суды ала алады.

Тұрғындардан сұрар сүйіншіміз де бар. Нұртаза Нұрхатұлының айтуынша, келесі аптада су тарататын бекет басынан қосымша ұңғыма қазылып,  бір ұңғыма тазартылмақ. «Осы ісіміз оңғарылса, берілетін судың қысымы да көбейіп, үздіксіз таратылады», – дейді округ басшысы.

Билік басындағылардың уәдесі мол, су жүйесі келесі жылы қайта жаңғыртылады, жаңа ұңғыма қазылып, су кестесіз беріледі деген уәделері қуантады, әрине. Дегенмен, ауласының алдында арық арқырап ағып жатқанда, ауыз сумен бау-бақшасын жайқалтып, кілем-төсемдерін жуып, малына да жырып беріп отырсақ, қайтадан осы күнге оралуымыз ғажап емес. Ендеше, әлгіндей әдетті тыю керек. Күннен-күнге сұрауы артып келе жатқан байлықтың қадірін білген абзал.

Әлия СЕРІКҚЫЗЫ,