26.06.2020, 15:45
Қараулар: 8
Мемлекеттік қызметшілерге қошемет

Мемлекеттік қызметшілерге қошемет

23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күніне орай аудандық әкімдіктің мәжіліс залында барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, құттықтау салтанаты өтті. Бұқараның сенімін ақтап, өркениетке қадам басқан мемлекетіміздің  озық идеясы мен саясатын алға жетелеуші сала өкілдеріне арналған шарада алдымен аудан әкімі аппаратының бас маман Абзал Мутигуллинов, аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің бас маманы Қайрат Нагибов салтанатты түрде ант қабылдады.

Осында аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов құттықтау сөз сөйледі.

-Мемлекеттік қызметшілердің ең басты міндеті – халыққа адал қызмет ету. Қашанда елмен етене жақын араласатын мәртебелі мамандық иелері үшін мемлекеттік мүдде қашанда бірінші тұруы тиіс. Олар қай кезде де биліктің биік бейнесін, іскерлік қабілетін көрсетеріне халқымыз сенеді,-деді ол өз сөзінде.

Аудан басшысы мемлекеттік қызмет саласында аудан көлеміндегі атқарылған жұмыстарға тоқталды. Қазір ауданда 200-ден астам мемқызметші бар. Олардың 158-і – жергілікті атқарушы органдарда, соның 23 пайызын жастар құраса, 50 пайызы – нәзік иықтылар.

Мемлекеттік қызметтегі мамандардың жетістіктері сараланған шарада бірқатар үздік мемқызметшілер марапатталды. Айталық, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Армат Хайруллин мен аудандық жер қатынастары бөлімінің бас маман-есепшісі Зайда Давлетова облыс әкімі Ғали Есқалиевтің  Алғысхатына, аудандық ксіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Әлібек Бакиров, аудан әкімі аппаратының бас маман-есепшісі Сымбат Айтқалиева, Тайпақ ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Зәуре Ғапуова ҚР Мемлекеттік қызметі істері Агенттігі БҚО бойынша департаментінің басшысының Алғысхатына ие болды. Сонымен қатар мемлекеттік қызмет істері агенттігі басшысы мен облыстық кәсіподақ төрағасының алғыс хатын аудандық ксіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Руслан Қайырманов пен Мерген ауылдық округ әкімі аппаратының бас маманы Түсіпқали Жұмашев иеленді. Сондай-ақ бір топ маман аудан әкімі Қ.Айтмұхамбетовтың Алғысхатымен көтермеленді.

Әсем ЕСБЕК

Суретті түсірген Азамат ҚАНАПИЯ