26.06.2020, 16:05
Қараулар: 386
Індетпен бетпе-бет күрескен дәрігер

Індетпен бетпе-бет күрескен дәрігер

Гүлфайруз Арманқызы бала шағынан білімге зерек болды, жаңаға ұмтылып тұратын. Көркем мінезі, қарапайымдылығы талдырмаш бітіміне әсте жарасып тұр. Сол кездің өзінде-ақ адамзатқа  адал қызмет етсем деген балаң арман алға жетелеп, қиялына қанат бітіретін. Қызмет қағидалары қиындыққа батыл бару, аурдың емін тауып, жазу, түп мақсаты баршаға бақыт сыйлау боп табылатын дәрігер мамандығын таңдағаны да сондықтан.

Арманы алдамапты. Қиындығы да, қуанышы да қатар жүретін қасиетті мамандық ақыры алдынан есігін ашты. Ол 2008 жылы Базартөбе орта мектебін бітірген соң Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы медициналық университетке түседі.

Университет қабырғасында білім алғанда, сырқат адамды емдеудің, түрлі кесел-дерттің алдын алудың қыр-сырын мықтап жадына түйген оның өзіне қойған талабы біліктілігін тіптен шыңдай түсті.

2015 жылы университетті ойдағыдай бітірген соң, еш күмәндасбастан жас түлек туған жерге оралды. Бүгінде аудандық орталық аурухананың терапевт бөлімшесінің меңгерушісі болып қызмет ететін ол алғашында тәжірибелі ұстаздардан тәлім алып, жұмысқа үлкен ынтамен кірісті.

Қазіргідей әлемді індет жайлаған кезеңде басты жауапкершілік дәрігерлерге жүктелгені аян. Гүлфайруз да алғашқылардың бірі болып, ауданда бастапқыда провизорлық орталық ретінде ашылған, артынан вирусқа шалдыққан науқастарды емдейтін жұқпалы аурулар ауруханасында жұмысқа кірісті. Қауіпті індетпен бетпе-бет келу оңай болған жоқ, әрине! Ол қауіпті дерт жұқтырған жандардың өмірі үшін жанын шүберекке түйіп қызмет етуде

«Менің 5 жылдық жұмыс өтілімде мынандай қиын кезеңдерді өткеріп көрмеппін. Себебі, дәл осындай қауіпті вируспен ақжелеңділер қауымының алғаш рет бетпе-бет келуі. Әрине, саулығын өзіңе тапсырып, алдыңа келген әр науқастың жазылып кетуі әр уақытта дәрігердің қолынан келе бермейді. Дегенмен, қай дәрігер де емделушісінің ауруынан құлан-таза айығуына бәрін салады. Ал қазіргі жағдайда жауапкершілік салмағы мүлдем ауырлады, бүкіл халықтың денсаулығына жауапты болып отырмыз», – дейді дәрігер.

Гүлфайруз алғашында бойын қорқыныш билегенін жасырмайды. Індет енді қарқын ала бастаған кезде провизорлық орталықта әріптестерімен ауысып қызмет еткен ол бақылауға алынған әрбір науқастың жағдайын жіті қадағалап, вирус анықталса, тиісті ем алу үшін облыс орталығына жолдайтын. Енді аурулар санының көбеюіне байланысты Чапаев ауылында да жұқпалы аурулар ауруханасында вирус жұқтырғандармен тікелей жұмыс істеп жатыр.

«Жұқпалы аурулар ауруханасының науқастарды қабылдай бастағанына 28 күн болды. Өзімнің осы жерден тысқа шықпағаныма 14 күн болды. Үйдегілермен тек телефон арқылы хабарласып отырамыз. Әрине, үйіңді, отбасыңды сағынасың. Бірақ жеке бастың мүддесінен халықтың саулығын жоғары қойып, өз қызметімізді адал атқаруға барымызды салып жатырмыз», – деп бөлісті ауруханадағы ахуалмен білікті маман.

Оның айтуынша, аурухананың жұқпалы аурулармен күресетін бөлімі үш аймаққа бөлінген. Бір бөлігін қызметкерлер фильтр деп атайды. Мұнда дәрігерлер арнайы киімдерін киіп-шешеді екен.  Қорғаныс костюмі, көзілдірік, респиратор, бір реттік медициналық қолғаппен қаруланған олар науқастарға ем-домын осылай көрсетеді. Екінші бөлікте науқастар ем алады. Мұнда дәрігерлер аурудың дене қызуын, вирустың симптомдарын тексереді. Бүкіл ем шараларын аяқтаған соң ғана, қайтадан фильтрден шешініп, беті-қолын дезинфекциялайды. Үшінші бөлікте дәрігерлер жүргізілген бақылаудың нәтижелерін сараптап, мәліметтерді компьютерлік базаға енгізеді. Дәл осы рәсім 2 апта сайын қайталанады.

Үнемі арнайы костюм, көзілдірік, қолғап киіп жүрген ыңғайсыз екені белгілі. Қапырық ыстықта ауа өткізбейді, терлетеді. Ал медбикелерге тіптен қиын, олар осындай киіммен науқастың тамырын дөп тауып, дәрілерін уақтылы егуі қажет. Соған қарамастан, Гүлфайруз бен оның әріптестері адам жанына араша түсу үшін бәріне шыдап, төзіп келеді.

Ақжелеңділердің осындай күрделі кезеңде өзіне де, өзгеге де талап қоя білуі де қандай да қошеметке лайық. Індетпен күресте Гүлфайруз Арманқызы сынды мамандарға барша жұрт сенім артады.

Әлия ШАРАПИЕВА