26.06.2020, 16:08
Қараулар: 56
Құдық қазып, сауабын еселеді

Құдық қазып, сауабын еселеді

Сәрсенбінің сәтінде аудандық мешіт ауласында ауыз су құдығы мен субұрқақ орнатылды. Бұл игі іс Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жылдығына орай «30 құдық қазу» республикалық қайырымдылық жобасы аясында жүзеге асты. Дінбасылардың бастамасына осылайша үнқатқан ауданның  бас имамы Ерлан Айтеновке Чапаев ауылының 1986 жылғы азаматтары қолдау көрсетіпті. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» демекші, осыған орай өткізілген салтанатқа Батыс Қазақстан облысының бас имамы Мұратбек Қыстаубаев, наиб имам  Мейрамбек Абдрахманов  арнайы келді.

Жамағат игілігі үшін жасалған іске ұйытқы болған жандарға Мұратбек Мұхтарұлы ризашылығын білдіре отырып, «Біздің діни басқармамыздың 30 жылдық мерейтойы қарсаңында көптеген іс шаралар ұйымдастырылуда. Алладан шөлге құдық қазған, өзенге көпір салған, жолға ағаш еккен жанның сауап алатыны аян. «Бір кісі қазған құдықтан мың кісіге дейін су ішеді»,- дейді дана халқымыз. Бұндай пайдасы мол іс жасаған қайырымды азаматтарға алғыс айтамын, осындай әрекеттер көп болсын»,- деп, отбасыларына бақыт-береке тіледі.

Мешіт ауласынан қазылған табиғи артезианды су халық қолданысына, мешіт ауласын абаттандыруға, құлшылық жасауға келген адамдардың пайдасына жаратылмақ. Сауапты іске жомарт азаматтар 800 мың теңге көлемінде қаражатын арнапты. Болашақта субұрқақтың ішінде түрлі-түсті шамдар орнату да жоспарда.

Ляззат САМАТҚЫЗЫ