26.06.2020, 16:10
Қараулар: 20
Адал еңбек құрметке бөлейді

Адал еңбек құрметке бөлейді

Ел игілі үшін адал қызмет ету парыз.  Осы ұранмен халқының игілігі үшін  40 жылдан астам еңбек еткен Қуаныш Панғалиев  ауылдастарының арасында беделге ие азаматтардың  бірі.

Өз саласында нәтижелі еңбегімен құрметке ие болған ол Қарауылтөбе ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы болып 22 жыл қатарынан қызмет атқарып келеді. Оның еңбек жолына үңілсек, ауыл-елдің экономикасын дамытуға бар саналы ғұмырын арнапты. 1980 жылы Батыс Қазақстан ауылшаруашылық институтын тәмамдасымен аудандағы Сайқұдық мал бордақылау бірлестігіне бақылаушы механик боп жұмысқа орналасады. Кейін осы бірлестіктің меңгерушісіне дейін көтеріліп, КСРО-ның 50 жылдығы атындағы кеңшардың ауылшаруашылық машиналарын пайдалану инженері, кейіннен Тайпақ аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы болып қызмет атқарды.  Тапсырылған жұмысты тыңғылықты атқарған жас маманның жауапкершілігі басшылық тарапынан лайықты бағаланып, сол еңбегінің арқасында оған Есенсай кеңшарының партия комитетінің хатшысы, кеңшар директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары, техника қауіпсіздігі инженері және меңгерушісі лауазымдарын сеніп тапсырды.

Елдік мұрат, қоғам мүддесі жолында еңбекқорлығымен танылған Қуаныш  Сайынұлы жоғарыда айтқанымыздай, мемлекеттік қызметке 1998 жылы келіп, содан бері туған ауылы Қарауылтөбеде әкім аппаратының бас маманы лауазымын абыроймен атқарып келеді. Осы міндетті атқарған маманға ауылда артылмайтын жұмыс аз. Тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық ахуалы дейсіз бе, жас маманның жұмысқа орналасуы ма, тіпті әскери борышын өтейтін жігіттерге насихат жұмысын жүргізу, ауыл-елді игі іске жұмылдыру – осы шаралардың басы-қасында жүреді.

Мәселен, жастарды қолдауға бағытталған «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен осы жылы 4 жас маман көтерме жәрдемақы және несиеге қол жеткізген. Аудан, ауылдық округі әкімінің есепті кездесулері барысында түскен тұрғындардың өтініш-тілектері орындалып, биыл Қарауылтөбе ауылдық медициналық амбулатория күрделі жөндеуден өтуде. Жұмыс барысында мемлекеттік қызметтің оң имиджін, сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілікті, құқықтық мәдениетті қалыптастыру бағытында қызметкерлермен үнемі құқықтық оқулар ұйымдастырады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында демеушілердің қаржылай қолдауымен Қарауылтөбе ауылындағы 800 метрді құрайтын саябақ қоршалуда. Аталмыш шаралардың жоғары деңгейде ұйымдастырылуында  Қуаныш Сайынұлының еңбегі орасан. Биылғы еліміз бойынша енгізілген төтенше жағдай уақытында Қуаныш Сайынұлы тұрғындарға түсіндіру шараларына белсене атсалысып, ауызбіршілік, сабырлық, түсіністік танытуға шақырды. Аз қамтылған, мұқтаж, көп балалы отбасылар мен қарияларға қайырымдылық көмектер ұйымдастыруға кәсіпкерлер мен шаруа қожалық басшыларын жұмылдырды. Маман үшін осындай қарбалас тірлік жетіп жатыр. Немесе жұмыс қолы жөнінде жай-күйді талдап отырудың өзі біраз күш-жігер жұмсауды талап етеді. Жұмыс берушілер мен олардың көмекшілері арасында еңбек қатынастарын заңдастырып отыру да өте маңызды болып табылады.

Жан-жақтылығының, іске жауаптылығының арқасында халықтың да, басшылықтың да құрметіне, алғысына бөленіп жүрген оның еңбегі лайықты марапатпен бағаланғанына көп куә.  2015 жылы «Қазақстан Республикасының Конституциясына 20 жыл» мерекелік медалін иеленсе, күні кеше өңіріне таққан «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісінен жылдар жүзіндегі қызметінің жемісін аңғаруға болады.

Елге абыройлы азамат  Қуаныш Сайынұлы қызметте өзін кәсіби әрі өнегелі қызметкер, сыйлы да парасатты әріптес ретінде танытса, жеке өмірде жарасымды отағасы, төрт баланың әкесі, немерелерінің атасы.

Ләйлім ШЫРАҚ