26.06.2020, 16:12
Қараулар: 93
Елім мені мақтан етсе…

Елім мені мақтан етсе…

Күні кеше салтанатты ант қабылдап, туған жерінің гүлденуі жолында жастық жігерімен еңбек етуге, бар білімі мен қабілетін халыққа қызмет етуге уәде еткен мемлекеттік қызметшілердің бірі – Абзал Мутигуллинов. Жас та болса, осыған дейін бірқатар салада қызмет етіп, өзінің қарым-қабілетін көрсете білген маманды айналасындағылар жан-жақты жігіт ретінде таниды.

Қай сала болмасын, адам оны шын жүрегімен ұғынса, оның тереңіне бойлай беретінін Абзал өз қызметімен толық дәлелдеді.  Осыдан 5 жыл бұрын жоғарғы оқу орнын ойдағыдай тәмамдаған ол мемлекеттік «Жастар тәжірибесі» бағдарламасының игілігін көріпті. Еш жұмыс өтілі жоқ жас алғашында аудандағы әділет басқармасында қызмет ететін заң мамандарынан тәлім алып, дәрісте меңгерген білімін тәжірибемен шыңдайды. Өзгелер секілді 6 айым өтсе, болды деп, енжарланбай, жұмысқа бар ынтасымен кіріскен маманды мұндағылар қатарына қосуға ықылас танытқанымен, кабинетте отырып емес, халыққа қызмет көрсетуге ұмтылған ол аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің статисі қызметіне орналасады.

Түрлі мұң-мұқтажымен ағылған тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, олардың көңілін тауып, әрқайсысына медеу болған ол қоғамдық істердің де бел ортасынан табылып, көпшілдігін көрсетті. Жан-жақты дейтініміз де сондықтан, бала кезінде «Сымбат» би тобының қатарында еліміздің үздік сахналарында өнер көрсеткен Абзал ауданда өткен дүбірлі шараларда көркемсөз оқып, әнді де шырқап салып беретін. Жуырда мемлекеттік қызметшілердің патриоттық әндерді орындау чэлленджінде Дөнеділ Қажымовтың «Ақжайық – ару мекенім» әнін тебірене шырқап, көпшілікті тағы бір тамсандырды. Жанып тұрған жалындай жігері, ұйымдастырушылық қабілеті мол жігітке енді жастар саясатында қызмет етуге қолқа салады.

Бойындағы белсенділік, соны бастамашылдықпен қызметке кіріскен білікті маман аудандық жастар ресурстық орталығында бірқатар жаңа идеяларды жүзеге асырып, аудандағы қыз-жігіттердің басын біріктіретін игі шараларға ұйытқы болды. Атап айтар болсақ, әл-ауқаты төмен жандарға арналған «Шарапат» қайырымдылық дүкенінің ашылуына, аудан орталығындағы «Өркен» коворкинг орталығында азаманауи форматтағы семинар-тренингтерді өткізілуіне мұрындық болған осы жігіт.

Бүгінде ол  Ақжайық ауданы әкімі аппаратының құқық қорғау органдарымен жұмыс және құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы. Оның міндетінде – құқықбұзушылықтың алдын алу шаралары, сыбайлас-жемқорлыққа қарсы күрес, кәмәлетке толмағандардың істерін қадағалау, өзге де салмақты жұмыстар.

«Әрине жұмыс болған соң, қиындықсыз болмайды. Бірақ әрбір жұмыс күнінен соң «мен бүгін еліме не істедім, менің осы қызметімнің арқасында қандай жақсылық орнады» деп өзіме-өзім есеп беруді дағдыға айналдырдым. Атқарған қызметіме көңілім толған күндерден әлі де ізденіс, әлі де қажыр танытсам, артық болмас еді деген сәттерім көп. Себебі мемлекеттік қызметтегі әр адамның жұмысы ел мүддесіне арналуы тиіс. Тек  артылған міндетке селқос қарамай, бар жауапкершілікпен атқарсақ қана, парызымыздың орындалғаны. Мен еліммен мақтансам, елімнің менімен мақтануы үшін қызмет етемін»,-дейді ол.

Ләззат САМАТҚЫЗЫ