26.06.2020, 16:14
Қараулар: 85
Мемлекеттік қызметші – мемлекеттің беделі

Мемлекеттік қызметші – мемлекеттің беделі

Қоғамымыздағы түрлі мәселелерге жаңаша көзқараспен қарап, оларды қазіргі кезеңнің талабы мен мүмкіндіктерін ескере отырып шешу аса маңызды. Қазіргі таңда мемлекеттік қызмет саласында халқымыздың мүддесі, талап-тілегін барынша ескеретін басым бағыттар, негізгі қадамдар өз деңгейінде жүзеге асып келеді. Мұның айқын мысалын мемлекеттік кәсіби аппарат құру, есеп беретін мемлекетті қалыптастыру, заң үстемдігін қамтамасыз ету қағидаттарынан туындайтын міндеттерді орындаудан айқын байқаймыз. Нәтижесінде мемлекеттік аппараттың кәсібилігі қамтамасыз етіліп, мемлекеттік қызметке қабылдау рәсімдері өзгертіліп, мансаптық модельге көшті.

Жалпы, лауазымын жоғарылатқысы келген әрбір қызметкер, жас маман тек өз қызметі бойынша ғана біліктілігін арттырып қоймай, өзінің дүниетанымын кеңейткендері абзал, ал бұл іс үздіксіз ізденісті талап ететіні ақиқат. Мемлекеттік қызметші мансабының жоғарылауы оңтайландырылған тәртіппен және қысқа мерзімде ішкі конкурс арқылы жүргізіледі. Іріктеуде білім, дағды және іскерлік ескеріледі.

Мемлекеттік қызметшінің шынайы тұлғасына келер болсақ, ол өз елінің, отанының шынайы патриоты, әділ әрі өз ісіне адал болуы қажет. Өйткені, олар мемлекеттік саясатты жүргізудегі ең басты және қозғаушы күш. Бүгінгінің талабы осы саладағы қызметкерге үлкен міндеттер жүктеп отыр. Мемлекеттік қызметшінің жұмысы терең білімділік пен іскерлікті ғана емес, үлкен жауапкершілікті де талап етеді. Сондықтан адам құндылығына қызмет ету мерейлі екенін ойласақ, өз тағдырын сеніп тапсырған халықтың көңілінен шығу оңай емес.

Қоғамның кез келген саласында кадр мәселесінің маңызы зор. Әсіресе, мемлекеттік қызметте жүрген мамандардың өз ісіне адал болуы мемлекеттік қызмет сапасының артуына тікелей ықпал ететіні сөзсіз. Өйткені, еліміздегі саяси, экономикалық жағдайдың тұрақтылығы мен қоғамдық қатынастардың қалыптасуы мемлекеттік қызметке тікелей байланысты. Бүгінде еліне, кіндік қаны тамған туған жеріне, халқына қалтқысыз қызмет етіп, бейнеттің зейнетіне маңдай тер, адал еңбекпен жеткен ардагер апа-ағаларымыз жеткілікті. Олардың еңбек жолы бізге үлгі. Міне, әділдіктің бағытынан жаңылмай, бармақ басты, көз қыстыға жол бермей, жақсылыққа жөн көрсететін де – алдыңғы буын өкілдері.

Мемлекеттік қызметкер болу – абыройлы іс. Еліміздің ертеңі олардың адамдық ұстанымы, сабырлық, парасаты мен ар-ождан және кәсібилігіне байланысты болғандықтан, біз адалдықтың ақ туын абыроймен ұстап, еліміздің болашағы жолында аянбай еңбек етуіміз қажет. Біздер  өзіміздің тікелей міндеттерімізді орындаудан басқа, отбасымызда, қоршаған ортаға, адамдармен ортақ тіл табысуға және жан-жақтыға үлгі болуға талпынуымыз тиіс. Кәсіби парызымыз осыған үндейді.

Осы орайда айтарым, біз өзіміздің халықтың қызметшісі екенімізді жадымыздан щығармаймыз. Мансапқорлыққа бой алдырмай, халыққа жақын, әр істе әділ болып, әрбір адамның мұң-мұқтажын қолдан келгенше түсініп, оны дәл сол кезде орындай алмасақ та, түсіндіріп, дұрыс жауап беріп, бағыт көрсету – біздің парызымыз.

Елім деп еміренер ер болса, елінің де ерім деп еміренері ақиқат. Мемлекеттік қызмет – қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенімнің белгісі. Өзінің барлық күш-жігерін, тәжірибесін, білім-білігін мемлекеттік қызметке арнап жүрген әріптестерімді және сала ардагерлерін кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын.

Гүлбаршын САЛИЕВА,

аудандық персоналды басқару қызметі бөлімінің бас маманы.