26.06.2020, 16:15
Қараулар: 93
Ұлы даланың ұлы

Ұлы даланың ұлы

(Жалғасы. Басы газетіміздің өткен санында)

Қариялармен кездесу. Біз үйге кіргенде ымырт еді. Ағаш үйдің төріне төсеген қызыл кілем, масаты көрпе мың құбылып көзді ұялтады. Үй иесі, еті де, қайраты да қайтпаған төрт таған нағыз қара шал Сәрсен Ысмағұлов аман-сау сұрасқаннан кейін бәрімізді таныстырды: «Мына төрде отырған қара мұртты интеллигент қария – осы ауылдың өз қонағы Ғабдолла Махамбетов, Орынбордың мұғалімдер семинариясын 1909 жылы бітірген. 50 жыл мұғалім болған, кемінде үш-төрт ұрпақтың ұстазы. Екі рет Ленин орденімен марапатталды. Дербес республикалық дәрежедегі зейнеткер». Менің де тұңғыш ұстаздарымның бірі болған Ғабекең баяғы сол салмақты мінезімен жұрттың әңгімесіне оқта-текте ғана бір сөз қыстырып қойып, тыңдап қана отырды. Өзге қарттар: Социалистік Еңбек Ері Тілеуіш Жұмақұлов, совхозды өз қолдарымен құрасқан Ораз Белгібаев, Өтеп Тұрымбетов, Жәңгір Ермағамбетов, Басар Тәжібаевтар бірінің аузынан шыққан сөзді екіншісі іліп алып, әңгіме дүкенінің астына от жаққандай қыздыра жөнелді. Әсіресе үй иесі Сәрсекең мақалдап-мәтелдеп, орып-орып сөйлейді. О жағынан бір, бұ жағынан бір шығып, алды-артыңды ораған майталман жүйрікке ұқсайды.

— Мынау менің өз үйім, — деді Сәрсекең, — мақтанғаным емес,  мұндай үйді әртеліңіз жасай алмайды. Есіме «Өлеңті» совхозында көрген ескілеу қараша киіз үй түсті. Қалыңдығы қос елі, қожалақ-қожалақ қара киіз, бірі – шатыраш, бірі – шапыраш кереге, сұрықсыз уық.

— Киіз үйді артель емес, әр совхоздың халқы өзі жасауы керек,- деді Сәрсекең, — жасағанда мына қарттардың, мына менің кемпірімдей кісілердің көздерінің тірі кезінде жасау керек. Жастар солардан үйреніп алсын. Әйтпесе, мәселен, бау, бас құр тоқуды кейінгі қыз-қырқындар кімнен көреді.

Аталы сөз-ау! Құрлар мен баулардың киіз үйдің үлкен қажеті, нағыз көркі екені былай тұрсын, онда халқымыздың тамаша өрнек өнері, тоқу өнері жатыр ғой. Оны өлтірмеу былай тұрсын, жаңа түр, жаңа мазмұнмен байыту, өркендете беру керек емес пе? Сол дәстүрді жаңғыртып, жаңартып жатқан көнекөз қариялар мен жастарымыздың сирек те болса істерін көріп қалып жатамыз. Шіркін, әрбір елдімекенде, мәдениет үйлерінде т.б. арнаулы орындарда мұражай ашып, оны дәстүрлі киіз үйдің барлық сән-салтанатымен жасақтап, жас ұрпаққа үлгі-өнеге етсек нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Құдық қазып, жайылым қуалап, көшулерін су, қонарын шөп білетін әр малшыға әр жерден кірпіш құйып, қыстау салып беру оңай емес. Ал киіз үй болса, жазда қыстауыңның қажеті аз. Іргесі түрулі, түндігі ашық түнгі саяға не жетсін. Нағыз қазақ оның тігіп. Жығуын да ешбір қиынсынбайды. «Тайпақ» совхозындағылар осыны жақсы ұғыпты. Киіз үйі, қымызы мен шұбаты жоқ малшы кездесе қойған жоқ.

Әңгімемен шәй ішіліп, ас жеп болған соң сыртқа шыққанда құланиектеніп таң да атып қалған екен. Самалға тербелген тәтті ұйқы арман күйінде қалды. Бірақ қариялардың ақылгөй әңгімелері мен дуалы дастарханы ұйқыдан дәмсіз де, тиімсіз де болған жоқ. Мен осыны еске алған сайын сол дана қарттарға бас иіп, тәжім етіп, перзенттік сәлемімді жолдағым келе береді.

Зеріп әжеміз туралы. Ұлы Отан соғысы жылдарында колхоз басқармасы болған елге сыйлы Әбілхалық Бектұрсыновтың әңгімесінен:

Зеріп батырлар жырын жатқа білетін, әр сөзін мақалдап сөйлейтін шешен, дініне берік, ұстамды жан болатын. Күнделікті тұрмыста көпшіл, тура айтатын мінезі де бар еді, Отағасы ерте дүние салған кейін ағайын-туыс жиылып, Молдағалидың ағалары мен інілерінің біріне әмеңгерлік жолмен қосу жайлы айтқанда Зеріп анамыз мүлдем көнбей қояды. Бар арманы Молдағалидан қалған жалғыз тұяқты аман өсіріп, қатарға қосу болған. Бұл жолда әйел затынан екінің бірі төзе бермейтін қиындықтарды бастан кешті, ер азаматтарша еңбек етті, шыдады, колхозда қой бөлімшесінің меңгерушісі болды. Соғыс жылдарындағы әр шаңырақтың жайы белгілі ғой. Әскерге алынған әкесінің, ұлының, ағасы мен інісінің, сүйген жарының «қаралы қағазын» алып күңіренгендерге сүйеу болды, қолдан келгенше қамқорлап, қайғы-қасіретін бір адамдай бөлісті. Жұбан бойындағы дара-дарынөрлік пен өжеттілік сол ана сүтімен берілгеніне сұрапыл соғыс жылдары Зеріппен жұмыстас болған біз куәміз. Жұбан бала күнінен азсөзді, ойға көп берілетін, ісіне тындырымды, мектепте озат оқушы болды. Техникумдағы оқуын тәмамдап мал дәрігері мамандығын меңгерді. Қаршадайынан өлең жазуға құштар-тұғын Отан қорғауға бастан-аяқ қатысып, қаруымен де, қаламымен де жеңісті жақындатты. Майданда жүріп қазақ тілінде газет шығарды, онда жалынды жырларымен қазақ жауынгерлерін жеңіске жігерлендірді. Ақиық ақын, халық жазушысы, Қазақтың Жұбаны болғанын біз мақтан тұтамыз. Елге келген сайын соғады, хал-жағдайыңды біліп тұрады. Анасы Алматыға көшіп барып, немерелерін көрді, ұлының бүкіл елге танымалы ақын болғанын көріп дүниеден озды. Арман бар ма? Иманы жолдас болған»

Жыланды. Ақжайық ауданының Қарауылтөбе ауылдық округіне қарасты «Жыланды» ауылында Жұбан ақын дүниеге келген. Бүгінгі таңда сол жерде көп шұңқырлардың орыны мен төмпешіктер және жазуы оқылмайтын құлаған құлпытастар сақталған. Ел «Мыңшұңқыр» деп атайды. Бағзы заманнан қалың ел ұзыны 20 шақырымдай осы Жыланды сайының жағалауын мекендепті. Құлпытастарға қарағанда бұл өңір негізінен «Құл» тайпасының атакүлдігі. Ойылдың суы мол жылдары Жыланды кемерінен асып жайлып, шөп шығымы, шабындықтар жақсаратын болған. Соғыс жылдары сай бойы шаруашылық мақсатқа аз-кем пайдаланылады да, артынша мемлекеттік жер қорына көшеді. 1962 жылға дейін «Есенсай», одан әрі «Орал» қаракүл совхоздары аумағына берілген. 1980 жылы 10 қазанда 60-қа толған мерейжасына орай жерлестерімен болған кездесуде ақын өзінің кір жуып, кіндік кескен Жыландысы жайында былай деген:

«Жыланды ата-бабамыздың ежелгі қонысы. Алайда қуаңшылық жылдарында олар қолайлы қоныс іздеп, Жыланды бойы әлденеше мәрте «әдірә қалатын» болған. Менің кіндік қаным тамған жер болғанымен, алты айлығынан бастап ес білгелі Сайқұдықта тұрып, анамның арқасында ер жеттім. Солай болғанымен «Жыланды» маған ерекше ыстық. Қайда жүрсем де ойымда. Келген сайын ерекше күш қуат алып шабыттанып, қайтамын. Бабаларым жайлаған осы бір құтты қонысты төрт түлік малға толтырып, төңірегіне терек егіп, мал шаруашылығын өркендетуге зор үлес қосып жатқан жерлестеріммен қуаныштымын. Сіздерге мың рахмет».

Осы алпысжылдық мерейтой қарсаңында Жыландыға үй салынып, ол көпбалалы отбасы, озат малшы Қабдолла Өтегенов ақсақалға берілді. Сол үйде бүгінде «Еңбек Қызыл Ту» «Қазан революциясы» ордендерінің иегері Жұмағалиева Жұмазия апайдың немересі, кәсіпкер Асылбек Орынтайұлы тұрады.

Ақынның 70, 80, 90 жылдық мерекелері де ауыл, аудан, облыс көлемінде лайықты атап өтілді. Соңғысындағы атқарылған шаралардың есімде сақталғанын атасам: Сайқұдыққа Тәу-тұғар орнатылды; жаңа үлгідегі мектеп салынды; аудан орталығында ақынның еңселі ескерткіші бой көтерді; «Қазақтың Жұбаны» атты естелік басылым шығарылды; т.с.с.

Ал бүгінгі таңда ақынның 100 жылдығына бүкіл қазақ даласы дайындық үстінде. Соның аясында ақжайықтықтардың да қолға алған ізгі істері әдеттегідей ауқымды. Соған қуанамын. Мерейтойдың ойдағыдай өтуін тілеймін. Жылдар өткен сайын бар қазақ Жұбанына, Жұбан ақын «мың өліп, мың тірілген» жұртына жақындай түсеріне, есімі әр қазақтың жүрегінен өшпестей орын аларына сенемін.

Сағынтай БИСЕНҒАЛИЕВ

Қазақстан Ақын-жыршылар Одағының мүшесі