26.06.2020, 16:16
Қараулар: 10
«Жайық таңы»- жақыным!

«Жайық таңы»- жақыным!

Өз бауырыңды күніне сан мəрте еске аласың. Бауырымдай болған төл газетім-«Жайық таңы» – менің апта сайын күтіп жүретін сырласым. Бұл бала кезімнен қалыптасқан əдет. Біздің бала кезімізде əкеміз газет-журналдардың түр-түріне үзбей жазылатын. Әкеміздің бұл игі ісі отбасылық үрдіске айналып, əлі жалғасып келеді.

Жасыратыны жоқ,немерелер интернет арқылы керегін іздеп тауып отырады, бірақ мен оларға аудандық газеттің маңызын ұғындырып, тəрбиеге, білімге байланысты кейбір мақалаларды оқытып отырамын. Керек кезінде өздері де іздеп, мақалаларды тауып, бәйек болып жатады.

Ерке  Жайықты жағалай мекендеген аудан халқының, ауылдардың жағдайын осыдан 10-15 жылдан бұрынғымен салыстыруға әсте келмейді. Ауылдарға түгелге жуық газ, су, соңғы кездері интернет желілері тартылуда. Басты тауқымет – жол еді. Ол да ебін тауып, шешіліп келеді. Бірінші қадам жасалды, Жайықтың арғы бетіне қалқымалы көпір тартылды. Индер-Барбастау жолында жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп таныстық газеттен. Қиындықтардың көбі артқа қалды, әлбетте, ел болған соң, күрмеуі көп мәселелердің болатыны сөзсіз.

Жырақта жүрген ел азаматтарының, түлектердің туған жерге бет бұрып, ауыл-елді мекендерді көркейтіп жатқаны бəрінің көз алдында. Осының бəрі газет беттерінде жарияланып келеді, дала ұлдарының кең пейілін көріп, марқаясың.

Кəсіпкерлер мен құрылысшылар, жастар мен əлеуметтік қызметкерлер, халықты табиғи өніммен қамтып отырған ауыл шаруашылығы мамандарының еңбегін оқып, риза боламын.

Əлемге зардабын тигізген пандемияның бізге де біраз зардабы болды. Қазақта «Жығылғанға жұдырық жұмсамайды», «бүлінгеннен бүлдіргі алма» деген құдіретті сөз бар. Өткен сандарында аудандық газетте «Ағылған халық,құныққан таксиге тосқауыл керек» деген  құнды мақала шықты. Іле осыны оқыған жұртшылық əр аудан жолаушылары мен таксистері арасында осындай күрмеуін шешетін мəселе екендігін айтып, жабыла қолдады. Уақытша қиындықты пайдаланып, бұқараның қалтасын қаққысы келген пайдакүнемдерге дер кезінде тосқауыл қойылды.

«Жүйкені жұқартқан 4 — тоқсан» атты өзекті тақырып та ұстаз бен ата-ананың екі ай көрген қиындығын зерделеп берді. Қашықтан оқу тиімді болды деп жоғарғы жақтағылар сендіргісі келгенмен, халық көзі көргенін айтты. Əсіресе,ауыл балалары мен студенттерінің азабы əнге де, мазаққа да айналды. Қалтаға салмақ болған гигабайт мәселесі де өзі қалтасы жұқарған халықты біраз әбігерге салғаны рас.

Ұстаздың алдына бармаған баланың болашағы бұлыңғыр, енді екі айдан соң жаңа оқу жылы басталады. Аурудың күннен күнге өршуі тағы да қашықтан оқуға мəжбүрлейді. Бұл тақырып газеттің  күн тəртібінен түспейді. Осының бәрін газет ұжымы ешкімнен тайсалмай, саралап, жіктеп, ағын ақ, қарасын қара деп, халыққа жария еткені көпке мәлім.

Биылғы жыл мерейтойларға толы жыл, біздің аудан үшін ұлттың мақтанышы, асқақ рухтың иесі, халқымыздың қаһарман ұлы, ақын Ж.Молдағалиевтың 100 жылдығы барысында аудан кітапханалары мен мектептердің еңбегін жариялауда да газеттің еңбегі зор.

Басылым беттерінде өзіме ыстық бұрынғы қарымды қаламгерлер Болат Қосжанұлы, Сая Каримуллина, Дәулетжан Абдрахманұлы, Тілес Жазықбай, ақындар Мəлік пен Сағынтайдың қолтаңбаларын оқып, өткен жылдарға деген сағынышымды сеземін.

Жалпы, «Жайық таңының» əр бетінен аудан өмірі, өзекті мəселелерді дер кезінде қозғап, нəтиже шығарып отыратыны, халықтың мұңы мен өтінішін билікке жеткізіп, оң шешуге ықпал етуге талпынысы қуантады.

Сондықтан да мен өз басылымымды асыға күтіп, құрмет тұтамын.

Шер ағаң айтпақшы, «арқалағаны алтын, жегені жантақ» болса да, мойымай, төл басылымымыздың жалауын жықпаған аудан журналистеріне шалқар шабыт ,еселі еңбек тілеймін! Қаламдарың мұқалмасын!

Үзілдік ЕЛЕУБАЙҚЫЗЫ.

ақын, ардагер-ұстаз, жұбантанушы.