26.06.2020, 16:17
Қараулар: 11
Өмірімнің мектебі

Өмірімнің мектебі

Мен аудандық газеттің редакциясына әдеби қызметкер болып, 1986 жылдың мамыр айының 16-шы жұлдызында сол кездегі редактор Сайлау Абылаевтың бұйрығымен жұмысқа қабылдандым. Чапаев аудандық «Еңбек» газетінің басшысы мені редакция ұжымына таныстырып, бұрын мектепте мұғалім болып істегенімді, ақпарат құралдарына мақалаларым, өлеңдерім шығып тұратынын айтты. Бұл салтанатты таныстырудан соң, әу бастан осы журналистикаға деген құштарлығымнан болар, менің төбем көкке екі елі жетпей тұрған болатын. Лездеме біткеннен кейін басқалармен бірге дәлізге шығып бара жатыр едім, редактор кідіре тұруымды өтінді. Аудандық газеттің екі тілде, орысша және қазақша шығатыны, қиындықтары, міндеттерімен таныстырды. Сондағы Сайлау Абылайұлы өзінің де осы жұмысқа жаңадан келгенін, Қаратөбе, Орал редакцияларында жұмыс істегенін, іс-тәжірибесін қысқаша айта келіп, менің осал жерге келмегенімді, алдымда биік-биік белестер күтіп тұрғанын қызықтыра, майын тамызып әңгімелегені әлі күнге көз алдымда. Сөзге шешен, іс-қимылы ширақ, өнерлі азамат екені өн бойынан көрініп-ақ тұр. (Бұрын бір-екі қонақтықта дастархандас болып, домбырамен ән салғанын да көргем.Әп-әдемі қоңыр даусы бар…)

Азғантай шегініс жасап әңгімемді одан әрі жалғастырайын; екеуміз әңгімелесіп болған соң мені ілестіріп, редактордың орынбасарлары отыратын кабинетке алып келді. Жаңа жоғарыда айтып кеттім ғой, қазақша және орысша шығатын аудандық газеттердің редакторларының орынбасарлары Рамазан Ахметов мен Ғизат Шанаевтыңқасына келдім.

Мені жетектеп келгендей жеңімнен ұстап тұрған редактор Рахаңа қарап, сөз бастады:-Раха, Сіз темекі тартпайсыз ғой, мына жаңадан келген әріптесіміз де тартпайды екен, қасыңызға отырсын. Осы сөзді айтуы мұң екен, өзі тез-тез қимылдап есік жақтағы орындық пен жылтыр үстелді маған отыруға ыңғайлай қойды. — Міне, жаңа орның құтты болсын! Іске сәт!, — деп шапшаң қимылдап, жаңа бастығым кабинеттен шыға жөнелді. Тіпті «рахмет!»деуге үлгермей қалдым. Бөлмеде қалғандарымыз бірімізбен-біріміз танысып, бірден шүйіркелесіп кеттік.

Ғизат Шанайұлы руы Алаша екен , менің жарым осы рудан болғасын, « О, күйеу болдың ғой маған! Күйеу баланы пайғамбар да сыйлаған,»- деп алдында тұрған желдеткішін сыйламасы бар ма…

Бір ауылдың адамдарымыз ғой, Рамазан ағамыз әке-шешеммен бір-екі қонақтықта бірге болғанын айтып, қо тіпті хал-жағдайларын сұрап мені риза қылды. Осындай асыл ағалармен бірге болған күндер естен кетер ме шіркін?!…

Ғиззат ағамыз темекі шегеді. Ол сыртқа темекі тартуға шығып кеткен кезде, кабинетте қалған Рамазан ағамыз екеуміз әңгіменің басын ағытамыз кеп. «Қайдасың, қайран Ақеркем!», «Гиндукуш аспанында», «Менің ауылдастарым» секілді кітаптарының тараулары осы кезде жазылған сияқты. Соңынан ойланып отырсам, сол кездегі ағадан естіген әңгімелерімнің сол кітаптардағы жазылған жәйттерге ұқсас келеді екен…

Артынша ұжымдағы әріптестерім Есімғали Меңдіғалиұлы, Ғабит Шүйіншәлиев, Қоңыр Әбдрахманов, Болат Есқалиев, Марат Мырзағалиев, Кәрима Мырзағалиева, Елена Телағысова, Сұлушаш Телағысова, Меңсұлу Нұрмұханова, Радик Ғалимуллин, Дүйсенбі Нұржанов тағы басқалармен де тонның ішкі бауындай араласып кеттім. Міне, осылайша менің бала кезгі «журналист болсам!,»- деген арманым орындалып, аудандық газеттің редакциясында бақандай алты жыл жұмыс істеппін.

Есімде қалған сол жылдарға өкпем жоқ! Үлкен өмір мектебінен өттім. Тәжірибелі ағалардың алдынан тәлім алдым. Қаламы жүйрік жазушы, не журналист болып кетпесем де, ауылдан келген қарапайым қара бала дәрежесінен салиқалы, оң-солын танитын азамат деңгейіне жеттім. Үлкен өмір мектебінен өткеніме шүкіршілік етем.!

Қайта құру кезеңінің қарбалас сәттеріндегі бұралаң-бұлтарыстарынан қаймықпай өткен аудандық үн қағазымыз ел үшін жасалып жатқан игі істерге үн қосып, белсене араласып, қашанда халықпен бірге екенін танытып алдыңғы саптан көрінді. Тағы бір айтайын дегенім; аудандық газеттің редакция ұжымы Ұлы Отан соғысы жылдарындағы дәстүрді сақтап, баспахана ұжымымен қоян-қолтық, бірлесе жұмыс істеді. Осы жылдарда баспахана басшысы болған Ақсан Құрманғалиев аудандық газетті республика көлеміне танытты. А.Құрманғалиев ізденімпаз маман, білікті басшы бола білді. Ол азамат басшы болған жылдарда ұжым мүшелерінің әлеуметтік, тұрмыстық жағдайлары да жақсарды.

Есімде қалған сол жылдардан азын-аулақ әңгіме шерттім. Қысқасынан қайырдым. Алыста қалған сағынышты жылдар, бұл күндері қасымызда жоқ, марқұм болған, сағымға айналған асыл бейнелер әлі көз алдымда! Бел-белестердің тасасында қалған, көзге ыстық көзайым болған күндерді, жадыраған жаздай жайдары жылдарды сағына еске аламын!

Алдаберген СӘРСЕКОВ,

ұстаз