26.06.2020, 16:19
Қараулар: 108
Жаныма жақын жандар көп

Жаныма жақын жандар көп

Есімғали МЕҢДІҒАЛИЕВ

«Көшеге шықсам, жантақ көрген түйедей, редакцияға мойын бұрмай кете алмаймын»,- деп өзіміздің Рахаң – ардагер журналист, марқұм Рамазан Ахметов айтқандай, мен осы бір еңселі үйге бас сұқпай өткен емен. Мен үшін аса қасиетті осы шаңырақта жас айырмашылығы әжептәуір алшақ болғанмен, әзіл-қалжыңымыз жарасқан іні-қарындастар жұмыс істейді. Қашанда құрақ ұшып қарсы алады.

Оқтай түзу жол, келіп-келіп, кілт бұрылатыны бар. Сол сияқты, 1967 жылдың күзінде мендік сара жол да ойламаған жерден шұғыл бұрылыс жасады. Оған қарап жүрмей редакцияға үш-төрт шумақ өлең жолдағаным себепші.

Ол кезде автобазада шопыр болатынмын. Жүктеген жүгіңді діттеген жеріңе уақытында жеткізсең, машинаң лыпып тұрса, жолың тегіс болса, жүргізушінің де көңілі шалқып, қиялы шартарапты шарлайды-ақ. Желпініп, әнге басасың (қасында ешкім болмаса), одан жалықсаң, ой тұңғиығына бойлайсың, ұйқас іздеп, өлең жұптайсың, ерік өзінде!

Жеме-жемге келгенде, екінің бірі ақын болып кететін қазақы табиғаттылықтан ба, осы қасиет бойыма ана сүтімен сіңгендей-ақ. Өлеңге бала кезден құмартқаным шын.

Сонымен әлгі өлең «Еңбекте» жарияланды. Тіпті өзгертілген түгі жоқ. Бұл мен үшін үш ұйықтағанда түске енбейтін жай. Кәдімгідей қанаттанып, көтеріліп қалдым.

Мұрағат жинаудағы қазекемнің салақтығы менің басыма аумай-ақ қонған. Әйтпесе, журналистік ұзақ жылғы жолыма «беташар» болған сол өлең бойтұмарымдай сақталуы тиіс еді. Өкінішке қарай, көз жазып қалдым. Тек мәтіннің жалпылама мазмұны, соңғы екі жолы есімде: қарны аш, иығы жалаңаш ойын баласы аяқ астынан тойынып, киініп шыға келеді. Мәз-мәйрам. Тосын құбылыстың тылсым сыры есейе келе ашылады.  Бақса, соғыста оққа ұшқан сарбаздардың жанұясына өтемақы төленіпті.

Соңғы ақша ауысқан киім, тамаққа,

Білмедік қой әкейдің құны екенін-деп, өкіне аяқталады өлең.

Мүмкін осы жолдар редакциядағы ағалардың да көңілінен шықты ма, кім біледі, көп кешікпей «Редактор шақырып жатыр» деген хабар жетті…

Карелияның батпағында ізі қалған әскери керзі етік, үстімде май сіңді боз күртке. Мереке немесе демалыс күндерінде иыққа ілер бір киер жоқ емес. Бірақ жұмысқа барыңды киіп, сыланып-сипанып шығуға дағдыланбаған басым оны ойлап та жатпаппын.

Кең бөлменің төріндегі айлапат стол редактордың орынбасары Рамазан Ахметовтың орны екен. Сол қапталына соның жартысындай кішкенесі қойылды. Есебі – маған арналған.

Қабырғаға арқа тірей, қаумалап отырған он шақты адам, бірі жазып, бірі оқып дегендей, өздерімен-өздері. Бәрі де кербез киінген, сылқым да сырбаз, іштерінде жыртық жабуы түспеген тайлақтай оғаш көрінетін мен екем. Қысылмай көр. Отырғышқа үйренбеген құйрығы құрғыр да байыз табар емес.

– Әзірге мынаны қазақшаға аудара отыр, – Рахаң жарты беттей жазба ұсынып, алдыма қалыңдығы төрт елідей сөздік қойды. – Түсінбеген сөзіңді қарап аларсың, жолдардың арасын тығылыстырмайғ кеңдеу жаз, — деп қосып қойды.

Нағыз азап енді басталды. Сөйлемнің жалпы нобайын түсінгенмен, сөздің баламасын таппай әлекпін. Жазуымнан сөздікке қарауым көп. Ақ тер, көк тер боп түске дейін отырғаным есімде. Жазғанымды жүрексіне Рахаңа ұсынам ғой баяғы. Ол болса мәтінге анда-санда көз салып қойып, жолдың ашық жерлеріне сүйкектете жөнелді. Бар-жоғы он минуттың ояқ-бұяғында қолыма қайта ұстатты.

— Машинкаға апар,- деді қысқа қайырып.

Бара жатып көз салсам, менің қолтаңбам түгелге жуық сызылып, қайта жазылыпты. Кеңдеу жаз дегеннің сыры енді түсінікті болды. Көрші бөлмеге жердің үстімен барып, астымен қайтқандаймын. Сең соққан балықтай мең-зең, мәңгіріп отырмын. «Жоқ, жазу менің қолымнан келмейтін болды, ұятқа қалмай тұрғанда кету керек». Бұл менің іштей түйгенім.

— Қобалжитындай ештеңе жоқ,- деді Рахаң, менің ойымды анық оқығандай. – Бәріміз де жазуға бірден төселіп кеткен жоқпыз. Ақырындап үйренесің, төселесің, тек шын пейілің, ынтаң болсын. – Бұл сөздерді ол өзгелердің құлағына жетпейтіндей, бәсең үнмен айтқаны есімде. Сірә, жұрт алдында қысылып, қызармасын дегені шығар.

Қамқор ағаның тоқтам сөзіне ерінбеген етікшілік қосылып, аудармаға да төселе бастадық, қысқа қайырым мақалалар жазатын болдық. Сәл де болса еңсе тіктеп, еркін жүретін дәрежеге жеткендейміз.

Қарсы есіктегі баспаханаға теруге материалдар апаруға, одан газеттердің оттискісін әкелуге тақайырсызбын. Онда көпшілігі – келіншек-қыздар, бірі құрдас, бірі жеңге дегендей. Бүгінде зейнеткер Марфуға Жанаева, Бақыт Еслямғалиева өзімізбен шамалас болса, Раушан Ғаббасова (марқұм), Күлән Үмбетова, Иба Жанжабиева әзіл-қалжыңымыз жарасқан жеңге іспетті. Реті келгенде айта кеткен жөн. Күлән Үмбетова аудан, қала берді облыс полиграфистері арасында бірінше болып, «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталды.

Баспахананың бастығы – қырықтарға келіп қалған, қошқар мұрынды, мінезі тым жұмсақ Афанасий Агафонов (марқұм). Бастық деген аты ғана, қажет кезінде білек түріп, әріп тереді, бет құрады. Еңбек жолын осында соғыс кезінде, 14-15 жас шамасында бастаса керек. Білмейтіні жоқ, өзі ісінің хас маманы.

Осында кіре бергенде оң жақтағы кішкене бөлмеде сырт-сырт, сарт-сұрт үні бір толастамайтын, кеспірі қызық бір машина жұмыс істейді. Оның кәдімгі жазу машинкаларына ұқсайтын нүктелерінен аумайтын клавиштеріне үңіліп, орта бойлы, жасы өзіммен құралыптас, бояуы қалың жігіт отырады. Бұрын көрмеген адамға әріп теретін линотиптің жұмысын түсіну қиын, әрі қызық. Сол әуестікпен осында келген сайын бір соқпай өтпеймін. «Пультте» отырған жігіттің мойын бұруға мұршасы жоғын ескерер мен емес. Әрлім-берлім сауал қоям, қысқа жауап қайтарады. Тәкәппар ма деп қалам. Кейіннен түсініскендей, оның да механизатор әулетінен шыққанын, кейін 15 жыл баспахана ұжымын басқаратынын, күні бүгінге дейін іргеміз құтты көрші тұратымызды болжап білу қайда. Сәбит Шүйінішқалиевпен осылайша танысқанбыз. Сәкеңнің мерейлі жасына өлең арнаппын.

О, Сәбит! Сәл үлкенсің, Сәке деймін,

Дәл бүгін не жүктесең, көтерейін.

Енді бір отыз жылды артқа салсаң,

Мен сені Сәке демей, көке деймін!

Көңілдің тазалығын, жақсылыққа тілеулес екенімді осыдан түсінген шығар.

Журналистика әліппесіне Р.Ахметов баулыса, баспахананың сан қырлы жұмысына Сәбиттің ағасы Ғабит Шүйінішқалиевтің жаттықтырғанын айтпай кетсем, аруағын сыйламағандық болар еді. Бір қарағанда, түсі суық, реңі қоңыр болғанмен, өзім дегенге жаны жадырап жүре беретін ағаның жақсылығынан басқа, жамандығын өз басым көрген емеспін.

Жазу жұмысын өзіміздей, штаттан тыс тілшілік жұмыстан бастаған Ғабекең сатылай өрлей келіп, редакцияның жауапты хатшысы жұмысын атқарды. Жауапты хатшы мұнда – «штаб бастығы» іспеттес. Демек, бар іс-қимылды, «шабуылды» бейімдеп, басқаруды үйлестіретін сол.

Үш жылға жуық қол астында қызмет еткенде, сол кездегі редактор Қ.Зекеновтің біреудің арына тиіп, сөгуі түгілі, дауыс көтеріп ұрысқанын көрмеппін. Осы кеңдігіне, кешірімділігіне орай газет те жаман емес сияқты. Кеңшілікті пайдаланып, ауа жайылатын бала емеспіз. Шама-шарқымызша жазып жатамыз.

Оның үстіне ауылдағы тілшілердің көмегі үлкен демеу. Кем дегенде апта сайын лбішіндік Х.Ұбановтан, сарыөмірлік И.Жиенбаевтан, қызылжарлық Х.Салахаевтан,қожехарлық Д.Қабановтан, болдыревтық Н.Айтжановтан, еңбектік Ғалиевтан, партсъездік Қартбаевтан мақала-хат келіп жатады. Көпшілігі шаруашылық, мәдени хабарлар жазса, мектеп директорлары Х.Салахиев, Н.Айтжанов насихатшылық, ұстаздық тәжірибелерін тақырып қылып ұсынады.

Ұмытпасам, жетпісінші жылдың қыркүйек айында редактор болып Рафхат Ғалимуллин келді. «Жаңа сыпырғыш таза сыпырады» дегендей, біздің бұдан бұрынғы беймарал тірлігімізден мән кетті.

Жаңа редактордың терең пайымдаулары, материал ұйымдастыруда тапқырлығы мен алғырлығы амалсыз мойындатады. Жылдың белгілі бір күніне арнап «Ауданның бір күні» нөмірінің жарық көруі, жарысушы ауданмен бет алмасу, егін орағы сияқты қауырт науқанда газетті күн сайын (екі беттік) шығару, тағы сол сияқты жаңалықтарды өмірге енгізуге бастамашы – Рахаң.

Жалпы, беделді, іскер басшы – ұжымның бағы. Бұрын газетке немқұрайды қарайтын кейбір шаруашылық, мекеме, кәсіпорын басшылары аяқтарын тарта бастады. Қазақша, орысша екі тілде бірдей шешен сөйлейтін Рахаң редакцияның, оның қызметкерлерінің мүддесін қорғауда әлгіндей шенеуніктермен аянбай айқасты-ақ.

Он бес жыл қол астында жұмыс істегенде, бір қарағанда тәкәппар, аса кірпияз көрінетін Рафхат ағаның жан жылуын, қамқорлығын аз көргенім жоқ. Пәтер тауқыметін көп көргендердің бірі болсам, 1976 жылы үш бөлмелі (ол кезде кең сарайда) баспанаға ие болдым. Сол жылы сырттай болса да, әйтіп-бүйтіп жоғарғы оқу орнын түгестім. Бәрін тізіп жатып қайтем. Соның қай-қайсысында да редактордың қолдау-көмегі тигенін ұмытпаймын.

Осындай қамқорлықты көрген бір ғана мен емес.

Ағайын-тумаң көрсете алмайтын қамқорлық, адамгершілік деген, әне, сол. «Бәріміз де Шерханның шекпенінен шықтық» демекші, Р.Ғалимуллинің тәрбиесін көріп, өнегесін ұстанған талай азамат, кезінде жауапты жұмыстың басында болды. Олар Ә.Сапарғалиев, О.Жәненова,  У.Мазғұтов, А.Құрманғалиев, К.Әбдірахманов, Ж.Меңдібаев. Ал азулы ақсақалымыздың «шыбыртқысының» дәмін татып шираған Болат Есқалиевтің өзі де редактор атанды.

Кейіннен Бақтығали Қоспаев редактор болып келеді. «Москвичке» сыйғанша тиеліп  аламыз. Ең алыс нүкте – бастық, әрі жүргізуші Бақтығалидің еншісінде. Жолшыбай біздерді ауылдарға «шашып» кетеді, қайтарда «жинап» алады. Ол оралғанша біршама шаруа тындырып үлгереміз. Соған орай газет те жаман шыққан жоқ.

Бірқалыпты жайлы мінезден ауытқымайтын, жұрт сияқты желпіне сөйлеуді, қарқылдап күлуді білмейтін Бақтығали ақырын жүріп, талай жақсы бастамаларды жүзеге асырды. Басқасын айтпағанда, 1991 жылы газеттің алпыс жылдық мерейтойы құрметіне аудан ақындары мен жыршы-термешілердің сайысын өткізуге мұрындық болуы үлкен азаматтық еді. Бұл мен білсем, аудан өмірінде өткен бірінші айтыс.

(автордың «Жолдар мен жылдар» кітабындағы естеліктен үзінді)