26.06.2020, 16:22
Қараулар: 75
Әжемнің көз жасы

Әжемнің көз жасы

Сырттан кірген әкем кенже қызы Ұлболсынның  Сырбай Мәуленовтің «Соғыстан қайтқан солдаттар» өлеңін мәнерге салып, нақышпен  оқып, жат-қанын естіп, алға басқан қадамын лезде тоқтатып, дәлізде тұрып  қалды. Әншейінде ішке малдың жайын айта кіретін ұлының бұл іс-әрекетіне қайран қалған әжем маған иегімен әкемді нұсқады. Мен әкемді өте жақсы көремін, Ұлболсынның орнында өзім болмағаныма сәл өкініп те қалдым.

Әжем Дәметкеннің «Серікжан» деген кенеттен айтқан сөзіне селк еткен ол: «Апа,менің қызым өлеңді керемет оқиды,ә?!»-деді қуана. Сөйткенше кешкі дастарқан басында төрт көзіміз түгел жиналып, соғыс жайлы әңгіме қозғалып кетті. Әжем тыл ардагерлеріне көрсетілген көмек туралы айтса, мен «Жеңіс» саябағына барып, ескерткіш жанына сенбілік өткізгенімізді айттым. Әкемнің көңілін өзіме бөлгім келгендіктен, тарихшы Лариса апайымның көмегімен даярлаған жобамдағы кейбір деректермен бөлістім: «…Адамзат тарихында басына бұлт үйіріліп,ордалары отқа оранған халық аз емес. Сонау өткен ғасырдағы Ұлы Отан соғысын соғыстардың ішінде ең қасіреттісі  дер ек. Соғыспен қатар келген  қиындықтардың бірі-ашаршылық, жұт. Табиғи апат, қолайсыз ауа-райы салдарынан орын алған. Малдың 80%-ы қырылып қалған…» деп тоқтамастан, сөйлеп жаттым. Әкемнің де тарихты жақсы көретінін білемін ғой. Ішімнен «ешкім ойымды бұзбаса екен» деген ойлап та қоямын. Осылайша сайрап отырғанымда ойыма бір сұрақ сап етіп түсіп, жауабын өзім беріп, әрі қарай: «Халық күнкөріс үшін не істеді? Халық жағдайы нашарлап, азық-түлік тапшы болды, тұрғындардың бəрін тыл жұмыстарына салды. «Барлығы майдан үшін» деген ұранды еңбектеген баладан еңкейген кəріге дейін ұғынатын болды» деп үстемелете бердім. Балаларының қамы үшін қырда мал соңында жүрген әкемнің біздің күнде әкелетін «бестігіміздің» сапалы екендігіне ризалығын  жанарынан байқалды.

Әжем болса, отты жылдарда тыл еңбеккерлерінің өлшеусіз еңбегіне  баршамыздың қарыздар екенімізді еске салды. Ол естелігінде көкесінің соғыс басталысымен майдан шебіне  аттанғанын, бала болса да, таңның атысы мен күннің батысына шейін жұмыс жасағандарын айтты. «Бетімізді шала-пұла жуып, егіс алқабына аттанатынбыз. Қамыт-саймандарды реттеп, көлікті соқаға жегетінбіз. Содан күн көтеріліп қызғанша, жер жырту. Інілеріміз қолы босаған кезде ойнаудың орнына тышқан аулайтын.Тышқанның терісін сыпырып, кептіріп, дүкенге тапсыратын едік. Үкімет сол теріден киім тігіп, майданға жібереді деп естиміз ғой»,-деді ол көзіне жас алып. Жүзін әжім басқан асыл әжемнің әңгімесі менің жас жүрегімді толқытып, көзімнен аққан жасты тоқтата алмадым.

Қақ төрде тұрған домбыраны алдыртқан әкем «Жаутаңдап қарап дала тұр, Көз жасын сүртіп жаңа бір. Хабарсыз ұлын сұрауға Жолыңды тосып ана жүр» деп бастағанда, біз бүкіл отбасымызбен қосыла шырқадық. Әкем және біздер, оның өмірінің жалғасы бейбіт өмірдің ұрпақтарымыз, ал әжем және сол тұстағы балалар соғыстың кермек дәмін татқан жандар. Біріміз сұрапыл соғыстың зұлматын көзбен көргендер, біріміз олардың  ерліктеріне бас идік. Біз майдангерлердің жалғасымыз, ертең-ақ еліміздің мақтанышы боламыз.

Айару ӨТЕПБЕРГЕН,

оқушы,

Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектеп