26.06.2020, 16:23
Қараулар: 99
Әйелді қорғау – елді қорғау

Әйелді қорғау – елді қорғау

Соңғы кезде тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі өткір тұрғаны жасырын емес. Осы күрмеуі мол тақырып «Жайық таңы» газетінің өткен санында көтеріліп, мәселе сан қырынан талданды. Бір өкініштісі, осындай жағдайда көбінесе отбасының шырқын бұзған адамнан ең жақыны, яғни әйел-ана, бауыр еті баласы зардап шегеді. Біздің ауданда мұндай келеңсіз жағдайлардың алдын алу мақсатында кешенді жұмыс қолға алынды.

Осы орайда мемлекет тарапынан нәзік жандылардың, балалардың құқығын қорғауға ерекше көңіл бөлінуде. Себебі қоғамның барлық саласында гендерлік теңдік мәселесінің алдыңғы орынға шығуы тұрмыстық зорлық зомбылықтың да алдын алуға мүмкіндік беретіні анық. Ауданда отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу бойынша аудан әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық — демографиялық саясат жөніндегі комиссия, құзіретті органдар, ішкі саясат бөлімі, «Шуақ» әйелдер қоғамдық бірлестігі жұмыс жасауда.

Соңғы деректерге сүйенсек, ауданымыздағы халық санының 49 пайызы әйелдер. Олар барлық салада ауыл-елдімекендерінің ахуалын жақсартуға үлесін қосып келеді. Айталық, 18 ауылдық округтің 1-ін, 83 мекеменің 18-ін әйел басқарса, 13 мәслихат депутаттарының 5-і нәзік жандылар қатарынан. 696 әйел жеке кәсібін түлетіп, аудан шаруашылығының дамуына хал-қадірінше еңбек етіп келеді. Олар жеке балабақша, наубайхана, тігін цехы, шаштараз, қоғамдық тамақтандыру басқа да қызмет көрсету орындарын ашып,  ауылдастарын жұмыспен қамтуда.

Дегенмен, кей уақытта табиғатынан нәзік жаратылған әйел-аналарға қоқан лоққы көрсетіп, соның салдарынан отбасының шаңырыған ортасына түсіретін жандардың бар екені ащы да болса, шындық. Ащы суға сылқия тойып келіп, не болмаса, көңіліне келмей қалса, күш көрсететін ерінен бас сауғалап пана іздеген ана мен бала мәселесі жоғарыда аталған комиссия, ұжымдардың жіті қадағалауында. 2018 жылы аудандық сотта жанұя тыныштығын бұзған 53  іс қаралса,  өткен жылы тағы 52 оқиға тіркелді. Ал биылғы 5 айдың ішінде 31 отбасының анасы мен балалары осындай жағдайды бастан өткерді.

Әрине, зорлыққа ұшыраған жандарға жан-жақты көмек қажет. Бұл ретте  салауатты өмір салтын қалыптастыру кабинеті, «Шуақ» әйелдер қоғамдық бірлестігі, әйелдер, аналар кеңесі бірлесе отырып, кешенді жұмыстарды қолға алды. Олар  жас аналарға, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған немесе қиын отбасы аналарына психологиялық және консультативтік көмек көрсетіп, қиын күндерін ұмытуға мейлінше жәрдемдесуде. Сонымен қатар «Таным» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, танымал медиатор Құрман Бисеғалиев бастаған ақпараттық-түсіндіру тобы «Зорлық-зомбылықсыз отбасы бақыт мекені» тақырыбында Бударин, Жаңабұлақ, Жамбыл, Қабыршақты ауылдық округтерінде жиналыстар өтті. Бұл шаралар ауданымыздың барлық ауылдық округінде өткізілмек. Барлық орта және негізгі мектептерде кәмелетке толмаған жас өрендермен «Зорлық — зомбылықсыз балалық шақ!» атты түрлі форматта шаралар ұйымдастырылып, үнпарақтар таратылды.

Тағы бір  өзекті әлеуметтік мәлелердің біріне айналған жас отбасылардың ажырасуының алдын-алу, отбасылық құндылықтарды жаңғырту, бала тәрбиесі  бағытында көптеген шара ұйымдастырылуда. Осы жұздесулерде сөзге шешен, ойы орамды, сөзі өтімді Дариға Мұштанова, Омар Жәлел және Үзілдік Елубайқызы сынды беделді жандар тағлымды әңгімелерімен келешек жастарға  үлгі-өнеге көрсетті. Қазіргі танда мұндай жұмыстар онлайн форматта әлеуметтік желілер арқылы, жергілікті газет арқылы халыққа бейнеролик, пост  түрінде таратылуда.

Халқымызда бесігін әлдилеп, ұрпақ өсірген анаға құрмет әманда жоғары. Демек дәстүріміз бен заңдарымызға қайшы келетін осындай келеңсіздікке қоғам боп қарсы тұратын уақыт жетті. Бұл түптеп келгенде, тек сіз бен біздің ғана емес, баршамыздың, ауыл-елдің тыныштығының, берекелі тұрмысымыздың, бауыр етің – балалар бақытының кепілі екені шүбәсіз.

Армат ХАЙРУЛЛИН,

аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы