26.06.2020, 16:26
Қараулар: 261
Тәттілердің ханшайымы

Тәттілердің ханшайымы

Еңбек етемін деген адамның екі қолына бір күрек әрқашан табылады. Қазір үйінде отырып-ақ кәсібін дөңгелетіп жүрген жандардың қатары қалыңдап келеді.  Сондай жандардың бірі Альбина Мәлікқызы. Кейіпкеріміздің қолға алған кәсібі – кондитерлік өнімдерін пісіру. Тәтті өнімдерімен көптің көңілінен шығып жүрген Альбинамен сұхбаттасудың реті түсіп, кәсібінің қыр-сырына үңілдік.

«Алғашында тәтті өнім пісіру хобби болды, кейін кәсібіме айналды. Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезімде анамнан үйренгенім ғой – қарапайым  бәліштер, кекс, корж пісіретінмін.  Есейген соң, қызығушылығым арта түсіп, әр түрлі торттарды пісіріп, ғаламтордан қарап, тәжірибе жинақтадым. Үйге қонақ келе қалса, бар ынта-жігеріммен торт пісіріп,  алдарына ұсынатынмын. Алғашқы тапсырыс берушілеріміз де үйге келген қонақтардың қатарынан табылды. Содан басталған кәсіп бұл.

Тапсырыстар молынан түскен соң, шағын кәсіпті бастау мақсатында торт  пісіру, оны әрлеу техникасын үйрететін шеберлік сыныптарға бара бастадым.  2017 жылдан бастап бұл сүйікті ісімді табыс көзіне айналдырдым. Әрине басында қорқыныш басым болатыны анық. Көңілде «бұл істі ала аламын ба, дайындаған өнімдерім сұранысқа ие бола ма» деген күдік болды.  Алайда «Қалауын тапса, қар жанады» деген, ізденсең, шеберлігің де шыңдалады екен.

Кәсібін жан-тәнімен ұнататын Альбинаның  қолынан шыққан торттың небір түрлері, тіскебасар, бәліштер аудан орталығының тұрғындарының арасында сұранысқа ие. «Мен өнімдерімді қолжетімді бағамен ұсынамын. Мұның ішіне торт дайындауға кеткен уақыт, электр энергиясы, су секілдік коммуналдық шығындар, тортқа кететін қоспалар барлығы есептелген. Орташа бағаны ұстауға тырысамын. Өзімнің тұрақты тұтынушыларым маған сеніп, тапсырыс береді. Тіпті карантин уақытында да тортқа тапсырыс бергендер біршама болды. Мен үшін сапа маңызды. Сондықтан мен  сапасы жоғары, табиғи өнімдермен, соның ішінде отандық тауарлармен жұмыс істеймін. Қолым жұмыстан сәл босай қалса, тоқыма тоқып, кітап оқимын», — дейді кәсіп иесі.

Альбинаның тәттілері тіл үйіреді. Қашанда тұтынушылардың көңілінен шығу үшін барынша тырысатын кәсіпкердің жасаған өнімдерін Қазақстанның өзге қалаларынан да тапсырыс беріп, жақындарын түрлі дәмдімен қуантып жүрген жандар да жеткілікті.

  Ләззат ӨТЕГЕН.