3.07.2020, 15:47
Қараулар: 97
Төл мерекеге орай

Төл мерекеге орай

Аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай «Жайық таңы» газетінің шығармашылық ұжымын, ардагерлер журналистерді, басылымның бір топ қоғамдық тілшілерін қабылдады.

Қ.Айтмұхамбетов аталған күнмен қалам иелерін құттықтап, оларға игі лебізін арнады.

– Қоғамның маңызды бөлшегі ретінде билік органдары мен азаматтар арасындағы дәнекер қызметін атқарып, ауыл-еліміздің барлық жетістіктеріне лайықты үлес қосудасыздар. Қиындығы, өзіндік ерекшелігі мол журналистикадағы еңбектеріңізді жұртымыз қашанда жоғары бағалайды, құрметтейді. Халқымыздың мүддесі жолында еңбек етіп, ақпарат тасқыны дәуірінде беделдеріңіздің асқақ боларына мен де сенімдімін,- деді ол.

Жүздесуде аудан әкімі өзгерістері көп мол дәуірде баспасөзге жүктелетін міндет туралы айта келіп, 90 жылға жуық тарихы бар «Жайық таңының» ақпарат кеңістігіндегі орнын атап көрсетті. Аудандық газеттің тірлік-тынысымызда біз байқамай қалатын кемістіктерді дөп басып көрсетуде, мемлекет саясатына сәйкес іргелі тақырыптарды көтерудегі маңызына тоқталған ол карантин режимінде халыққа шынайы ақпаратты уақытында жеткізген редакция еңбегіне ризашылығын арнады.

Осында аудандық мәслихат хатшысы Сәлімгерей Сиражев та БАҚ қызметкерлеріне тілегін жеткізді. Әлеуметті біріктіруде, патриотизмге тәрбиелеуде медиакеңістіктің рөлі орасан, газеттің тынысындағы қоғамдық авторлардың маңызды екенін де атап көрсетті.

Баспасөзде бұл таңда тұрақты көтерілуге тиісті, яғни адамгершілік, имандылық, еңбекқорлық мәселелерін терең қамтуға, ауыл-елдің өткен шежіресін, тарихи тұлғаларды жан-жақты зерделеуге байланысты толғамдар ортаға салынды.

Газетіміздің штаттан тыс тілшісі, еңбек ардагері Мерует Қауымбаева ауыл-елдің жайын қаузай келе, аудан басшысына жуырда баспадан шыққан кітабын тарту етті. Ақын Сағынтай Бисенғалиев әлеуметтік желілер көбіне көп жұртты шынайы ақпараттан адастырып отырған бұл таңда дәстүрлі басылымдар өз орнын жоғалтпайтынын, сенімді ақпарат көзіне айналғаны туралы әңгімеледі.  Ол әйгілі ақын жерлесіміз Жұбан Молдағалиевтың мерейтойына жан-жақты дайындықта ауданға көп салмақ түсетінін, осыған ел болып жұмылу қажеттігін де кеңінен баяндады.

Әлия ШАРАПИЕВА,

Суреттерді түсірген Азамат ҚАНАПИЯ