3.07.2020, 15:58
Қараулар: 193
Қашықтан оқудан кейінгі ҰБТ

Қашықтан оқудан кейінгі ҰБТ

Өткен жылы ҰБТ қорытындысы бойынша аудан түлектері облыста үздіктердің қатарында болғаны қуантады. Ал биылғы тестілеуде грантқа үміттеніп, тестіден өткен ұл-қыздар осы деңгейді сақтай алды ма? Бір тоқсан бойы қашықтан оқуға мәжбүр болған түлектердің осы сынаққа дайындығы қандай? Білім ошақтары тестілеуге әзірлік жұмыстарын қай деңгейде жүргізген? Биылғы сынақтың өткен жылғыдан айырмашылығы  болды ма? ҰБ нәтижесі бойынша осы сұрақтарды талдап көрелік.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, биыл тестілеуден өтуге 24 жалпы орта білім беретін мектептерді тәмамдаған 336 түлектің 278-і өтініш білдірген. Елдегі жағдайға байланысты оқушылар ҰБТ-ді бір күнде бір лекпен емес, үш бөлініп, 21, 22, 23 маусымда тапсырды. Тестілеу өткізілген №771 пунктте медициналық-санитарлық шаралар күшейтілді: түлектер алдымен дезинфекциялық тоннельден өтіп, дезинфекцияланған кілемшеде аяқ киімдерді зарарсыздандырды. Әрбір қатысушының дене қызуы өлшеніп, қолды зарарсыздандыратын ерітіндімен өңдеді, медициналық маска таратылды. Қатысушылар арасындағы арақашықтықтың кемінде 2 метр болуы қамтамасыз етіліп,  аудиторияға 50 пайыздан артық адам кіргізілген жоқ.

Аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Әлия Сапарғалиева биыл тестіленушілер үшін бұрын-соңды болмаған жағдай жасалғанын айтады. «Мысалы, оқушыларға  калькулятор пайдалануға рұқсат беріліп, тестілеу уақыты 4 сағатқа дейін ұзартылды, әрі  олар мемлекеттік емтиханнан босатылды. Сонымен қатар биыл түлектерге қойылатын талаптар да күшейтілді. Егер ҰБТ тапсыратын ғимаратқа смартфон, шпаргалка алып кіргені анықталса, тестіленуші емтиханға жіберілмейді. Әр аудиторияда бейнебақылау орнатылады, сол арқылы ата-ана, ұстаздар ҰБТ-ның өту барысын көре алды. Көрсетілім сілтемесін ниет білдіргендерге  ҰБТ жақындағанда тараттық. Бір ескере кетерлігі, барлық жазбаға 25 тамызға дейін талдау жүргізіледі. Егер түлектің  ҰБТ өткізу шарттарын бұзғаны анықталса, тестілеу нәтижелері жойылып, яғни ол иеленген мемлекеттік гранттан да айырылады. Үш күндік тестілеуге қатысқан бақылаушылар біздің оқушыларымыздың ҰБТ талаптарын бұзбағанын растады», — дейді Әлия Ғабдолқызы.

Енді төмендегі кестеге назар аударайық. Биылғы ҰБТ-дің орташа көрсеткіші 63,47 балл, шектік деңгейден өтпегендер саны 51. Былтырғы орташа 79 балмен салыстырғанда, әлдеқайда төмен. Бұған не себеп деген сұрағымызға әдістеме кабинетінің меңгерушісі: «Әдетте ҰБТ-ге тыңғылықты дайындық оқу жылының 4-тоқсанында басталады. Ал бізде, еліміздің барлық білім нысандарындағыдай, 4-тоқсанда оқушылар қашықтан білім алуға мәжбүр болды. Әрине, бірыңғай тестілеу тек оқу жылының тек бір бөлшегіндегі еңбектің ғана емес, бүкіл мектепте алған білімге берілетін баға. Дегенмен, өткен жылдары 11 сынып оқушылары арасында бірнеше мәрте сынақ тестілерін өткізіп, білімдерін шамалайтынбыз. Мектеп ұстаздары оқушыларының білімінде жетіспей жатқан тұстарын алдын-ала біліп, дайындықта соның орнын толтыруға бар күшін салатын. Ал биыл төтенше жағдай, артынша карантинге байланысты бұлардың бірде-біреуін өткізуге мүмкіндік болмады.

Дегенмен, кестедегі деректерге сүйенсек, топтың алдында көз үйренгендей Абай және Тайпақ мектеп-гимназия емес, былтыр орташа көрсеткіш бойынша 21-орынды иеленген Бударин мектеп-бөбекжай кешені тұр. Білім нысанын аяқтаған 10 түлектің барлығы да тестілеуге қатысып, олардың орташа көрсеткіші 91,5 балды құрады. Қарапайым ғана мектептен түлеген ұл-қыздың бұл жетістігі көңілді марқайтады, әрине. Қашықтан білім берсе де, оқушыларының тестілеуге дайындығын қаперден шығармаған мектеп ұжымының еңбегі қандай мақтауға болса да, лайық. Осы білім нысанының биология пәнінің мұғалімі Жанаргүл Ғалымовамен тілдескен болатынбыз: «Қашықтан оқыту, әсіресе, 11 сынып оқушылары үшін біраз қиындықтар әкелді. Бұрынғыдай әр оқушыны көзбе-көз отырып дайындалудың мүмкіндігі болмады, ауылда да интернеттің жылдамдығы шамалы. Десе де, Whatsap арқылы тапсырма жіберіп, кері байланыс орнатып, амалдауға тура келді. Менің байқағаным, түлекті ҰБТ-ге дайындағанда құр тестілермен әзірліктің пайдасы аз. Сондықтан 11-сыныпта әр тоқсанды түрлі тарауларға бөліп, 5 сыныптан бергі барлық тақырыптарды пысықтап шығамыз. Нәтиже жақсы: былтыр 10 оқушы биология пәнін таңдаса, олардың 8-і мемлекеттік грант иегері атанды. Ал биыл биология пәнін қосымша пән ретінде таңдаған 4 оқушының біреуі 34, қалғандары 25 балдан жинады», – дейді ол қуанышын жасыра алмай.

Әлбетте, 11 жыл оқытқан ұл-қызы жоғары балл иеленіп, жоғары оқу орнында білімін жалғастыру мәртебесіне иеленсе, ұстаздың мерейі осы емес пе?! Осы ретте биылғы оқу жылында Қаршы орта жалпы білім беретін мектебін тәмамдаған 5 оқушының бірде-біреуінің ҰБТ-ге қатысуға ниет білдірмегенін атап өту керек. Аудандық білім бөлімінен алған деректерге сүйенсек, оқушылардың екеуі толық беске үлгеріп оқыпты, қалғандарының да білім деңгейі қанағаттанарлық. Әрине, ҰБТ-ге қатысу, не қатыспау оқушының өз тілегі. Дегенмен, жоғары оқу орнында оқуға таласы болмаса, соңғы екі жылда босқа жүргені несі деген ойға да қаласың.

Биыл аудан бойынша 33 түлек «Алтын белгі», 22 түлек «Үздік аттестат» иегері атанды. 11 жылда көрсеткен білімінің нәтижесі-дағы. Үкілеткен үміттеріміздің тестілеудегі көрсеткіштеріне бір тоқталсақ, олардың 13-і 100-ден жоғары балл жинапты, 140 сұрақтың небары 50-іне ғана дұрыс жауап берген «Алтын белгі» иегері де бар екен арасында. Ал аудан бойынша ең жоғары, яғни 124 балл жинаған түлек – Бітік мектеп-бөбекжайының оқушысы Гүлайназ Сарсенғазиева. «Бұл көрсеткіш маған оңай келген жоқ. Қосымша пән ретінде химия мен биологияны таңдағам. Онымен қоса Қазақстан тарихы, математика, оқу сауаттылығына да дайындалу керек. Телефон, шпаргалка алып кіремін деп мүлде ойламаппын. ҰБТ басталғанда, аздап қобалжығаным рас. Дегенмен аудиторияға кірген бойда өзімді қолға алдым. Тесті уақытында ешкім бізге кедергі келтірген жоқ. Жинаған балымыз – біліміміздің әділ бағасы», — дейді ол.

Тестілеу аяқталды, ұл-қыздың ендігі тілегі – өзінің жаны қалаған, ізденген, жақсы білетін саласында мемлекеттік грантқа ие болу.  Ал ұстаздар ҰБТ-мен түлектің білімін шыңдаудағы үлесін біттіге санамай, олардың таңдаған салаларындағы балы жететін мамандықтарға бағыттағаны абзал.

Әлия ШАРАПИЕВА,

Суретті түсірген Азамат ҚАНАПИЯ  

 

Мектеп атауы Түлек саны ҰБТ-ге қатысқаны 100-ден жоғары балл жинағандар саны Орташа балл
1 Бударин МБК 10 10 4 91,5
2 Абай ат.мектеп -гимназия 18 18 10 90,22
3 М.Өтемісов ат.ОЖББМ 8 5 1 80,8
4 Тайпақ мектеп -гимназия 7 7   76,42
5 Ғ.Махамбетов ат.ОЖББМ 14 9 1 71,8
6 Тайпақ ОЖББМ 18 9   67,2
7 Жаңабұлақ ОЖББМ 10 10   65,9
8 №1 ОЖББМ 31 24 1 64,5
9 Сарытоғай ОЖББМ 6 4   64,25
10 Ж.Молдағалиев ат.ОЖББМ 5 5   63,4
11 Алмалы ОЖББМ 12 10   62,2
12 Қ.Байсыков ат.ОЖББМ 23 23 2 61,6
13 С.Ошанов ат.ОЖББМ 15 8 1 60,25
14 Харькин ОЖББМ 20 17 1 59,41
15 Бітік МБК 15 15 1 58,6
16 М.Әуезов ат.ОЖББМ 26 25 2 58,2
17 О.Исаев ат.ОЖББМ 10 10   57
18 Талап МБК 17 13   56,38
19 Базартөбе ОЖББМ 17 15 1 55,6
20 Краснояр оЖББМ 11 11   54,9
21 Алғабас ОЖББМ 15 11   54,7
22 Есенсай ОЖББМ 9 7   52,28
23 Мерген ОЖББМ 14 12   52,16
24 Қаршы ОЖББМ 5 0    
  Барлығы 336 278 25 63,47