3.07.2020, 16:01
Қараулар: 323
Ене дана, келін дара болса, шаңырақ шайқалмайды

Ене дана, келін дара болса, шаңырақ шайқалмайды

Қазақтың келіні дегенде, көз алдымызға дастархан басында ата-енесіне күрең шай толған кесені ықыласпен ұсынып, күйеуінің асты-үстіне түсіп, бәйек болған, құшағындағы баласын мейірімге бөлеген жан келетіні рас. Дегенмен бүгінде шаңырағының тірлігін мерекеге айналдырып, осылайша ауыл-елдің мақтанышына айналған қазақ келінінің көрінісі көзден бұл-бұл ұшып бара жатырғандай ма, қалай? Заман өзгерген соң қазақ келінінің де бет бейнесі, кескін-келбеті өзгеріп келе ме деген ойға еріксіз келіп тірелетініміз де бар. Шаңырақтың берекесін де, мерекесін де келтіретін бүгінгі ене мен келіннің келбеті қандай, бүгінгі мақалада осыған шолу жасап шықсақ.

Отбасында ене мен келіннің сыйласып, жақсы қарым-қатынаста болуының маңызы өте зор. Өйткені шаңырақтың бекемдігі екеуінің жарасымдығынан, отбасында ұл тәрбиелеген анаға тілектердің арасында «Балаң жаман болса да, келінің жақсы болсын» деген лебіздің мысының басымдығы да сондықтан шығар. Кейде күні кеше табалдырық аттаған аруларымыз «келін боп түскеннен кейін, өмірім мен армандағандай емес, мүлдем басқа арнаға бұрылды», «тұрмысқа бекер шығыппын», «енем мені адам құрлы көрмейді» деп жатады. Өмірлік жарының анасын нашар деп мұрнын тыжырайтатын келіннің енесі де «келінім кесапат болып шықты» деп, көптің алдында бір-біріне қара күйе жағып жататыны сирек емес.

Әрине, жас келінге жүктелер міндет те аз емес. Қайын ата мен қайын ененің көңілдерін тауып, жарына адал болып, балаларына дұрыс тәрбие беру, тума-туыстармен тату-тәтті қарым-қатынаста болып, әулет алдындағы үлкен жауапкершілікті сезіну– абыройлы міндет. «Келін жаман емес, келген жері жаман» дейді халқымыз, келіннің көргенділігі ең алдымен ата-анадан алған тәрбиенің арқасы. Осындайда үйге түскен жас келіннің қылығына қарап, оның тегіне, ақ сүтін беріп өсірген әке-шешесіне баға берілгенін анық ұғынасың.  Сондықтан қазақ халқы қыз баланың жүріс-тұрысын, тәрбиесін назардан тыс қалдырмаған. Ал қазіргі әке менен анаға таң қаласың, қит ете қалса, «Біреудің теперішін көргенше, үйге қайт, Іштен шыққан шұбар жылан сыртыма да сиярсың» деп, елеуге тұрмайтын нәрсеге бұлқан-талқан болған қызын шақырып, жік-жапар боп жатады. Артынан «сайқалдарға жем болған» қызының затын бірге жинасып, кезінде жайылып жастық,  иіліп төсек боп қарсылаған «мыңжылдық» құдаларымен бет жыртысып, енді көрместей боп қайтады. Бұл мысалдарды біз тек әшейін әдемі сөз үшін жазбадық, бұл шынайы өмірдің көрінісі.

Керісінше, анасы жастайынан қызына «Үлкен үлкендігін жасағанда, кіші кішілігін жасау керек» деген сөзді санасына сіңіріп, ертең келін атанатынын бүгіннен бастап, ұғындырса, қызының бұл пайымдардың пайдасынан басқа зиянын көрмейтіні анық. Айтпағымыз, осындай тәрбие көрген келін ененің айтқанын  сын деп емес, аналық ақыл деп қабылдап, өз ойын, өз мінезін табалдырығын аттаған әулетте қалыптастырған дәстүрге икемдей алады. Енесіне деген ашу-ызаны ішіне жинап булықтырғанша, жұбайын дүниеге әкеліп, тәрбие берген ананың разылығын алғаны абзал. Сонда келісті келін атанған қызымен ақ жаулықты ана да, ене де мақтана алады.

Әрине, пәленің бәрі келіндерден келеді деуден аулақпыз, салиқалы жасқа жетсе де,  жаңа түскен келіннің әр қадамын жақтырмай, өз үйінде өзін патша сезінетін санасыз енелердің де саны артып келеді. «Отырса опақ, тұрса сопақ» деп, түртпектей беретін өнегесіз ененің қолына түскен қай-қай тәрбиелі қыздың да келсап болып шығуы әбден мүмкін. Ал егер  келін  енесінен тек қорлық көре берсе, тілі шығып, қорғануды үйренеді. Ене мен келін күнде ұрсысып, шу шығарса, шаңырақтың берекесі қашатыны шүбәсіз. Туған анасы мен не сүйген жарының арасында ер азамат, балалар зардап шегеді. Ақыры екі әйелдің арасындағы кері кеткен қатынас ортақ шаңырақтың шытынауына себепкер болып жатады.

Ал ажырасу бойынша статистикаға сүйенсек, аудан бойынша 2017 жылы 58, 2018 жылы 50 неке бұзылып, былтыр 61 жұп ажырасып тыныпты. Биылғы деректер де жаға ұстатады. Жылдың басым бөлігін онлайн өткізіп, сотқа арызды  ғаламтор арқылы жіберуге мәжбүр болсақ та, бес айдың ішінде 12 отбасы ажырасуға өтініш беріпті. Көбінесе  мінездері жараспай, тұрмыстық зорлық-зомбылық орын алған, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар бұзылады екен. Бірақ соның ішінде ене мен келіннің арасында қарым-қатынастың бұзылуынан отбасының берекесін кіргізудің орнына, тулақтай тоз-тозын шығатындары да бар.

Оқырмандарға осы мәселе төңірегіндегі пікірлерімен бөлісуін өтініп,  бірқатар жандардан сұқбат алған болатынбыз.

Нұрғаным Әлиханқызы, Чапаев ауылының тұрғыны: Мен көпбалалы отбасында дүниеге келдім. Өз ата-анам қолында бірнеше келін ұстаған жандар. Бала кезімнен  шаңырақта жеңгелеріммен бірге тұрып, анамның тәрбиесімен қатар олардың тәлімін де  алдым. Менің балаларым отбасы құрамыз деп тілек білдіргенде қатты қуандым. Өз теңдерін тауып, бақытты болып жатса, ата-ана үшін бұл зор қуаныш қой! Қатар-қатар өскен үш ұлым араға көп уақыт салмай, бірінен соң бірі үйленді. Енді бір шаңырақтың астында 4 отбасы тату-тәтті өмір сүріп жатқан жайым бар. Оның ешқандай құпиясы жоқ. Келінді келген күннен бастап, оның өзіңе лайықтап тәрбиелеп алуың керек.

Ұлдарымның таңдауына қарсы шығып көрген жоқпын. Біреудің аялап өсірген қызы басқа шаңыраққа келіп,  сол үйдің түтінін түтетеді. Дегенмен де келінді құл көретін, барлық шаруаны оған үйіп-төгіп, тіпті туған балаларын қызғанып, қарсы қоятындар да бар. Негізінен, жас келіннің түскен шаңырағына сіңісіп кетуіне 5-6 жыл уақыт керек. Осы жылдарда ене келініне өмірден түйгенін, ақыл-кеңесін айтып, білмегенін үйретіп, үнемі қолдау көрсету керек деп ойлаймын. Сонда ғана отбасылық өмірге енді аяқ басып жатқан жас келін тастай батып, судай сіңеді. Келіндерінің өзі сияқты жүріп, өзі секілді өмір сүргенін қалайды кейбір енелер. Әркімнің  өзінің өмір сүру қағидалары болады. Келін болса да, жеке өмірі мен шаруасына араласуды қою керек.  Ал әу бастан келінге бұйырып сөйлеу, түртпектеу, барлық жұмысты оған міндеттеу сияқты әрекеттер келін мен ене арасындағы ұрыс-жанжалға ұласады. Содан бала мен келін арасы бұзылады.

Мақтанғаным емес, келіндерім маған тілін беземек түгілі, олардың сөз қайтарғанын көрмеппін. Олар бір-біріне көмектесіп,  бір-бірінің балаларын бағысып отырады. Мен де өз тарапымнан оларды бөліп жармаймын. Сыйлық сатып  алсам, үшеуіне де тең қылып беремін. Олар да өз балаларым секілді. Барынша ақылымды айтып, қате кетіп жатса, жаймен түсіндіруге тырысамын. Жекіп сөйлеп, өз айтқанымды жасатсам, арамызда салқындық пайда болып, сыйластық кетеді.  

Мастура Шатанова, Алмалы ауылдық округінің тұрғыны зейнеткер-ұстаз: Қазір ене мен келін арасындағы сыйластық жойылып бара жатыр. Ал олардың арасындағы татулықтың аса маңызды екенін бесенеден белгілі. Қазіргі келіндер бетіне қарап сөйлесең болғаны, жүктерін жинап кетіп қалады. «Ішке сыйған бала, сыртыма да сияды» деген  аналардың пікірі де екі жастың айырылуына себеп. Ал келін болып отырған қаршадай қыз келешекте өзі де  ене атанып, келін түсірмей ме. Ененің мектебінен өткен келіндер өзі шырағын жағып отырған отбасының дәстүрін өз келініне сабақтастыру керек.

Өзімнің екі келінім бар. Кенже келін басқа қалада тұрады.Қазіргі таңда тұңғыш келініммен бірге тұрамыз.  Аллаға шүкір, келіндерім қызымдай. Тұңғыш келінім шаңыраққа 19 жасында  түсті. Бірге тұрып жатқанымызға 20 жылдай уақыт болды. Тәрбие көрген, барлық шаруға пысық, қонақ келгенде қабақ шытпай, қарсы алады. Олармен үнемі сырласып отырамын.

Айбарша Жамиева, Чапаев ауылының тұрғыны: Менің екі келінім бар. Үлкен балам  мен келінім бөлек тұрады. Олар қолымызда бір жыл тұрды, екінші ұлымыз отау құрған соң үлкен баланы бөлек шығардық. Кіші келінім М-ның бізбен бірге тұрып келе жатқанына 4 жылдан асты. Көп жыл өтсе де, келіндерім қызымдай болды дей алмаймын. Қазіргі келіндерге сөзің жүрмек түгілі, жөн көрсету  қиын. Мен бірге тұратын келініме жасаған ісінің, не айтқан сөзінің дұрыс еместігін айтсам, ол бірден қабағы түйіліп, жақтырмайды. Өз балаларыма ақылымды айтып немесе кейде ренішімді білдіріп жатсам, олар әйелінің айтқанын жақтайды. Осылай өмір сүріп келеміз, келінге айтқан бір ауыз сөз үшін баламызбен ренжісіп. Содан бала мен ана арасында түсінбеушілік болып, арты жанжалға әкелуі мүмкін. Менің ойымша,  таңдаған жары анасына ұнамайды деп, баласы шаңырақ көтермей қалмайды ғой. Сол себепті екі жасты бірден  бөлек шығарған дұрыс. Мен үшін балаларымның бақытты болғаны маңызды. Шаңыраққа түскен жас келінді тәрбиелеймін деген қате ой.. Өйткені туғаннан тәрбиесі бөлек біреудің баласын қалай өзгертуге болады?. Сондықтан ең дұрысы – алыстан сыйласу. Сонда, құда да тыныш, құдағи да  тыныш.

Гүлсезім Опышева, Орал қаласының тұрғыны: Өзім бір үйдің кенже, еркелеп өскен қызымын. 2017 жылы Чапаев ауылына тұрмысқа шықтым. Басында барлығы жақсы болатын. Ата-енеммен де тату едік.  Кейіннен ұлым дүниеге келді. Енем сол уақытта баламның күтіміне араласып, болмайтын нәрсеге ашуланып, шу шығаратын болды. Содан бастап енем екеуміздің арамызда кикілжің пайда бола бастады. Басында үлкен кісі ғой деп, сөздеріне мән бермей, үндемеуге тырысатынмын. Бірте бірте қой аузынан шөп алмас момын мінезді менің тілім де шықты, мінезім де өзгерді. Жолдасым екеуміздің арамызға түсіп, кез-келген нәрсеге араласып, бір жаққа шыға қалсаң да, жаңадан киім болсын, зат болсын сатып алсаң да ашуланып, тіпті бір жасқа дейінгі берілетін ақшаны да өзі алғысы келіп, барлығына билігін жүргізіп, үнемі ұрыс-керіс шығарып отыратын. Аузынан неше түрлі ғайбат, боқтық сөздер шығатын. Мен өзімді ақтамаймын. Менің тарапымнан да қателік кеткен шығар. Тамақтары уақытылы дайын, киімдері таза, үйдің іші жайлы. Сонда да енеме жақпай қойдым. Жолдасым да қолдау көрсетпеді. Тек үндеме деп үнемі құлағыма құятын. Сол шаңырақта тіпті маған келін ретінде  де қараған жоқ. Айта берсең көп. Қысқасын айтқанда, бұндай қиындыққа шыдамай, 2019 жылы ұлымды алып, күйеуіммен ажырасып кеттім».

Қазақта «Қайта шапқан жау жаман, қайтып келген қыз жаман» деп, босаға аттаған қыздың кері қайтқанын қаламаған. Ол сол отбасының бір мүшесіне айналып, ата-енені өз әке-шешесіндей қастерлеп, ерінің дегенін де екі етпеген. Шаңыраққа, жарға адалдықтың, имандылықтың, өз міндетіне тиянақтылықтың үлгісін көрсетіп келген. Ал ене болса, өзінің ақ жаулықты ақылгөй, парасатты екенін білдіріп, келініне барлық жылы сөздерін айтып, ақыл-кеңесін үнемі құлағына құйып отырса, көпке үлгі болар еді. Енесін келін құрметтей білсе, ене келінін қадірлесе, отбасының тұтастығы сақталары анық…

Ләззат САМАТҚЫЗЫ