3.07.2020, 16:27
Қараулар: 101
БҚО-да көп жыл иесіз жатып, кейін кәсіпкерге берілген жерге банк таласуда

БҚО-да көп жыл иесіз жатып, кейін кәсіпкерге берілген жерге банк таласуда

Ең өкініштісі, кәсіпкер ол жерге ғимарат салып, автокөлік жөндеу және жуу, кафе, жүн түтетін өндірістік цех ашқан. Жаңа құрал-жабдық әкеліп, тағам пісіретін тағы бір нысан ашуға дайындалып жатқанда сотқа шақырылған… Ал кәсіпкерге БҚО-ның Ақжайық ауданының орталығы Чапаев ауылындағы бұл жер «иесіз» деп берілген еді.

Тығырыққа тірелген кәсіпкер редакциямызға хабарласып, мән-жайды баяндады. Оқиғаны қысқаша сипаттасақ былай: 2013 жылы Чапаев ауылдық округі әкімдігі аудандық әділет басқармасына Чапаев ауылы Есенжанов көшесінің бойындағы бұрынғы жанар-жағармай құю станциясы нысанының иесін анықтау және иесіз мүлік ретінде тіркеуге хат жолдайды. 2014 жылы аудандық «Жайық таңы» газетіне иесіз мүлік жөнінде хабарлама да жарияланған. 2014 жылы Ақжайық аудандық сотында Чапаев ауылы Есенжанов көшесінің бойындағы бұрынғы жанар-жағар май құю станциясы нысанын иесіз деп танып, коммуналдық меншік құқығын тану жайлы азаматтық іс қаралады. Ақжайық аудандық әділет басқармасы әлгі жер иесіз мүліктер журналында тіркелгендігін, иелік танытуға өтініш берген тұлғалар болмағандығын, иесі анықталмағандығын мәлімдеген. Сотта аудандық экономика және қаржы бөлімінің аталған нысанды иесіз деп тану және коммуналдық меншік құқығын беру арызы қанағаттандырылған. 2015 жылы тендер нәтижесінде кәсіпкер Асылбек Халелов жеңімпаз болады. 2016 жылғы Ақжайық ауданының экономика және қаржы бөлімінің бұйрығымен мүлік А.Халеловтың меншігіне өтеусіз берілді. Заңдық күші бар құжаттары қолына тиген кәсіпкер еш алаңсыз әлгі жерге ғимарат салуға, кәсібін дамытуға кіріседі.

Кейін көп жылдар иесіз қалған жанар-жағармай станциясы 2008 жылғы сатып алу-сату шартына сай «Пит-Сервис» ЖШС-на тиесілі болып шыға келеді. Тіпті ол аздай, «НұрБанк» банкінде кепілде тұрған екен. Сөйтіп түрлі деңгейдегі сот басталады…

Кәсіпкер Асылбек Халеловтің айтуынша, аудандық, облыстық, экономикалық сотта 8 рет өзінің құқығы лайықты қорғалып, жеңген. Тек жақында тағы бір сот болып, онда о бастағы жерді иесіз мүлік деп танылған шешім негізсіз деген қорытынды шыққан. Алдағы дүйсенбі күні тараптар облыстық сотта тағы кездеспек.

 

Иесіз нысан айналаға қауіп туғызған

 

Кәсіпкер Асылбек Халеловтің қолындағы құжаттармен, соттың бұрынғы шешімдерімен танысып шықтық. Олардың ішіндегі нақты деректерді теріп, жалпы жағдайды сипаттап шығайық. БҚО-ның Ақжайық ауданы, Чапаев ауылындағы Есенжанов көшесінің бойындағы бұрынғы жанар-жағар май құю станциясы ғимараты көп жылдар бойы қараусыз қалып, жағдайы нашарлауына байланысты 2013 жылдың 12 тамызында комиссия құрылып, зерттеу актісі жасалады.

Зерттеу актісі нәтижесінде ғимараттың есік терезелері жоқ, қабырғалары құлау қаупін туғызғандығы анықталды. Комиссия нысанның ашық-шашық цистерналары мен құлайын деп тұрған қабырғалары ауыл тұрғындарына және тұрғындардың меншігіндегі ірі және ұсақ малға үлкен қауіп туғызады деген шешімге келген. Және комиссия бұл нысан қараусыз жата берсе қауіпті болғандықтан, ғимаратты иесіз мүлік ретінде тану үшін аудандық әділет басқармасына иесін анықтау мақсатында тіркеуге ұсынуды және иесі анықталмаған жағдайда ауданның коммуналдық меншігіне сот арқылы иеленуді Чапаев ауылдық округі әкімдігіне жүктеген.

Чапаев ауылдық округі әкімдігі аудандық әділет басқармасына нысанның иесін анықтау және иесіз мүлік ретінде тіркеуге 2013 жылы тамыз айында хат жолдаған. Заңнамада белгіленген тәртіппен аудандық әділет басқармасының 2014 жылғы 25 тамызындағы №6-2493 санды жауабында аталған мекенжайдағы мүлік иесіз мүліктер журналында тіркелгендігін, иелік танытуға өтініш берген тұлғалар болмағандығын сонымен қатар иесі анықталмағандығын мәлімдеген.

Чапаев ауылдық округ әкімшілігі жоғарыда нақты дәлелдерді ұсына отырып аудандық экономика және қаржы бөліміне иесіз мүлікті ауданның коммуналдық меншігіне өткізу үшін сот органдарына жүгіну негізінде 2014 жылы 26 тамыз шығыс №750 хаты негізде жолданды.

Аудандық қаржы бөлімі Ақжайық ауданы әкімдігінің 2012 жылғы 27 қарашасындағы №339 қаулысы бекітілген ережені, ҚР Азаматтық кодексіне және ҚР Азаматтық кодекісінің 242 бабын басшылыққа ала отырып, Ақжайық аудандық сотына жүгініп аудандық соттың 2014 жылғы 20 қарашадағы №2-226/2014 санды Чапаев ауылы, Есенжанов көшесінің бойындағы жанар-жағармай құю станциясын иесіз мүлік ретінде танып, коммуналдық меншік құқығын тану туралы шешімі алынды.

«Ақжайық ауданының экономика және қаржы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің 2015 жылғы 29 маусымдағы №68 бұйрығымен тендер нәтижесі бойынша А.Халелов жеңімпаз атанды. Аталған мекеменің 4 шілде 2016 жылғы №52 бұйрығымен иесіз мүлік А.Халеловтың меншігіне өтеусіз берілді.

 

Жерді ешкім іздемеген, салықтарын да төлемеген

 

Сот болғанға дейін Ақжайық аудандық әділет басқармасы мен тексеру комиссия мүшелері жанар-жағармай құю станциясының иесі ретінде «Пит-Сервис» ЖШС-ын анықтамаған. «Пит-Сервис» ЖШС тарапынан немесе нысанды кепілге алушы «НұрБанк» АҚ-тарапынан жеке меншік мүліктері жөнінде ешқандай қызығушылықтар болмаған.

Ақжайық ауданының экономика және қаржы бөлімінің бізге берген мәліметінше, «Ар-Ойл» ЖШС мақалаға арқау болған жердегі ғимаратты «НұрБанк» АҚ-ға кепілге қойып 2007 жылы несие алған. Ал «Пит-сервис» ЖШС 2008 жылы кепілімен бірге «Ар-Ойл» ЖШС-нан 6 050 000 теңгеге сатып алған. «Пит-сервис» ЖШС мүлік салығын 2018, 2019 жылға, жер салығын 2016, 2017 жылға ғана төлеген. 2014, 2015, 2016, 2017 жылдар үшін мүлік салығын, 2014, 2015, 2018, 2019 жылдар үшін жер салығын төлемегендігі анықталған.

 

Жері дауға қалған кәсіпкердің амалы таусылып отыр

 

Кәсіпкер қараусыз қалып, адам өмірі мен денсаулығына және ұсақ және ірі малдарға қауіп тудырып тұрған, сонымен қоса ауданның архитектуралық келбетін кетірген қираған ғимараттың қалдығының орнына барлық талапқа сай ғимарат салды. Сол жердегі халыққа қажет қызмет түрлерін ұсынып, автокөлік жөндеу және жуу, кафе, жүн түтетін өндірістік цех ашты. Ауданның экономикасын дамытуға үлесін қосып, коммуналдық және салықтық төлемдерін төлеп келді.

Негізі ҚР Азаматтық кодекісінің 240-бабының 1-тармағына сай мүлiктiң меншiк иесi болып табылмайтын, бiрақ өзiнiң жеке қозғалмайтын мүлкiндей жеті жыл бойы, не өзге мүлiктi кем дегенде бес жыл адал, ашық және ұдайы иеленген азамат немесе заңды тұлға ол мүлiкке меншiк құқығын (иелену мерзiмiн) алады.

-Ол жерде ғимарат деуге келмейтін құрылыстың қалдықтары ғана болды. Көп жыл қараусыз жатып әбден тоналғандықтан бұрынғы жанар-жағармай құю жабдықтарынан ештеңе қалмаған. Әбден шіріген цистернаның қалдықтары жатты. Жұрттың қоқыс полигонына айналған. Орнындағы қоқысты жүк көліктерімен екі жұма бойы шығарып, әрең тазалап алдым. Қаншама қаражат салдым. Кәсіпкерлік нысандарын ашу үшін өз қаржыма құрал-жабдықтарды сонау Ресей асып алып келдім. Тағам дайындайтын нысан ашып, тағы да кеңейтуді жоспарлап отыр едік. Сот басталғалы кәсіптің бәрі тоқтап қалды. Балаларыммен бірге бизнесті дамытамын деген үлкен мақсатым бар еді. Өзім қазір зейнеттегі адаммын. Ары қарай не боларын білмей қатты алаңдап отырмын, — дейді жері дауға қалған кәсіпкер Асылбек Халелов.

 

Банкке кәсіпкердің жері керек пе әлде қаржысын қайтарса болғаны ма?

 

Қателік қайдан кетті? Ақжайық аудандық әділет басқармасы бұл жердің иесіз мүліктер тізімінде тіркелгендігіне, иелік танытуға өтініш берген тұлғалар болмай иесі анықталмағандығына, меншік иелері белгілі бір уақыт көлемінде жария болмағандығына сүйенді. «НұрБанк» АҚ өздерінде кепілдегі даулы мүліктің 10 жыл бойы қараусыз қалуына неге жол берген? Ол жерге жаңа ғимарат салынып жатқанына уақытында неге назар аудармаған? Мүліктің кепілде тұрғаны, сатып алу-сату келісімшарты әділет басқармасына неге белгісіз болды? Сонда елімізде мүліктің ортақ базасы жоқ болғаны ма? Әр сала мүлікті өзінше тіркеп, бөлек есеп жүргізетін болғаны ма? «Мүлік иесіз» деп шешім шығаратын сот мүліктің кімге тиесілі екенін нақты құжаттарға қарап зерделемеген бе? Кәсіпкер Асылбек Халеловтің қолындағы мемлекеттік органдар берген барлық құжаты қалайша заңсыз болып қалады?

Шынтуайтқа келсек, «НұрБанк» АҚ үшін кепілге мүлік қалдырған «Пит-Сервис» ЖШС-нан қаражатын қайтарса болды. Ал «Пит-Сервис» ЖШС-ы 2008 жылдан бері иесіз қалдырған жерін кәдеге жаратып, бизнес көзіне айналдырамын деп даулап отырған жоқ. Осы тұстан барлық тарап зардап тартпайтын ортақ мәміле шықпай ма? Чапаев ауылында «НұрБанк» АҚ-ның кепіл қаржысын қайтаратындай бос жер жоқ па? Мемлекеттік органдардың өзара әрекетсіздігінен қарапайым кәсіпкер неге азап шегуі керек?

 

Нұрлыбек Рахманов,

zhaikpress.kz