3.07.2020, 16:30
Қараулар: 186
Дара жолы әкенің

Дара жолы әкенің

Ата-анамен өткізген  әрбір сәт-сағаттарды еске ала отырып, зымырап өткен уақыттың оларға көбірек уақыт бөлуге және олардың ішкі жан дүниесін ұғынуға мүмкіндік  бермегендей сезімде боласың.  Соның ішінде әкенің жолы ерен. Әкеміз Мектеп туған өңірінің ақын перзенті атанса, анамызға адал жар , балаларына сүйікті әке, немерелеріне көреген ата болған…

Әкеміз текті әулеттің ұрпағы. Дүйім елге сынықшылығымен танылған атасы Досқали ұрпағын жалғастырар немересінің дүниеге келетінін алдын ала болжапты-мыс. Әкеміздің туған жері – бұрынғы Жалпақтал ауданының Балықшы ауылы. Ол дүниеге келген жылы оның әкесі Ерғали, ал аз уақыттан кейін анасы Рахима әже кенеттен дүние салып, әкесінің інісі Мұқан мен оның жұбайы Баты шешенің отбасында тәрбиеленеді. Мұқан атамыз жауырыны жерге тимеген  палуан болған деседі. Өмірінің кенеттен үзілуіне де себеп болған боз кілемдегі  жекпе-жектің бірі. Осындай жанның тәрбиесін көрген әкеміз ұзақ уақыт қазақша күреспен  айналысыпты.

«Жігітке жеті өнер де аз» деген, тұлымы желбіреп, мектепте жүргенде әкеміз поэзияға әуестеніп, «Мұқан ағаның өлімі», «Өсиет» сынды алғашқы өлеңдерін жазады. Тырнақалды туындылары  облыстық, аудандық газеттерде басылып шығады. 1939 жылы ол Қазталовка ауылындағы Алма Оразбаева атындағы орта мектепті бітіріп, осы жылы Қазақстан жазушылары II съезінің делегаты болып сайланады. Үйде съезд делегаттарының тарихи суреттері де бар, онда 18 жасар Мектеп Сәбит Мұқанов пен Алма Оразбаева, А.В. Затаевич сияқты атақты әдебиет қайраткерлерімен бір қатарда Тайыр Жароковтың жанында отыр. Көп жылдардан кейін әкеміздің досы және замандасы Ғабдырахман Тоқмағамбетов осы суретті Алматы қаласындағы тарихи мұражайда орналастырып, әкеме құрмет көрсеткені бар.

Соғыс басталғанда ол әскери борышын Украинаның Белая Церковь қаласында танк әскерлерінде өтеп жүрген болатын. Тура төрт жылға созылған соғыстың алғашқы күндерін ол KB, кейін Т-34 танк жүргізушісі-механик болып жүріп қарсы алады.

«Ержүректілігі үшін» алғашқы медалін ол танк эскадроны командирінің жанынан маңызды құжаттарды және туымызды алып шыққаны үшін алған. Кейіннен бұл медальды біз аудандық мұражайға тапсырдық. Әскери марапаттарының ішінде  16 медаль және Ұлы Отан соғысының екінші дәрежелі екі ордені бар. Алайда марапаттардың саны маңызды емес,  оның әрқайсысында қан мен тердің, батылдық пен ержүректіліктің  белгісін көреміз.

Әр Жеңіс күні оның немерелері, ал енді шөберелері де әкеміздің ордендерін шығарып, . барша майдангерлердің  бастан өткерген сұрапыл күндерін еске аламыз. Әке портретімен Мәңгілік полк қатарында шеруге шығу біздің отбасы үшін дәстүрге айналды.

Екінші контузия және арқасы мен оң қолынан жарақаттанып, ұзақ уақыт госпитальда емделген ол елге 1942 жылы оралады. Әкеміздің айтуынша, оны Харьковтағы шайқастардан соң ауыр жарақат алып, есеңгіреген оны кішкентай шіркеуде әскери санитарлар тауып алыпты. Өз басына төнген қауіпті елемей, өзгенің өмірін құтқаруға ұмтылған олардың жанкешті ерлігіне Досқалиевтер әулеті түгел қарыздармыз және алғысымыз шексіз.

Соғыстан қайтқан соң ол үзақ жылдар бойы қауіпсіздік органдарында, КСРО ІІM қылмыстық іздестіру, милиция және юриспруденция саласында қызмет  етті. 40-шы жылдардың аяғы мен 50-ші жылдардың басында көптеген қылмыскерлердің босатылуына байланысты Мәскеулік қылмыстық іздестіру тобы көптеген операцияларды қолға алған еді. Ол кездегі қылмыскерлер өз арасында әкемізді «Макаренко» деп атап кетіпті. Ал 1965 жылы қауіпті ұры-рецидивистті ұстауға қатысып, көрсеткен батылдығы үшін Мектеп Доскалиев КСРО Ішкі істер министрлігі Озаты белгісімен марапатталды.

Әкеміздің анамыз Меңсұлу Салыққызын кездестіріп, өзіне жар еткенінің өзі де үлкен бір повеске арқау болғандай. 1947 жыл, анамыз Орал қаласындағы ерлер мектебінде математика, физика, орыс тілі пәндерінен сабақ береді екен. Сол кездің тәртібі ғой, сабаққа қылмыскерлерді бөлек топ етіп қатыстырады. Ал әкеміз облыстық іздестіру органын басқарып жүрген. Бір-бірін ұнатқан жастар сирек көрсетілетін киносеанстарды қалт жібермейтін көрінеді. Қараңғыда осындай бір көрсетілімнен шығып келе жатса, біреу қалтарыстан «Мария Салыховна, здрасьте» деп амандасыпты. Сонда анамыз «бұл менің оқушыларым» десе,  әкеміз «бұл менің рецидивисттерім» деген екен.

Зейнетке шыққаннан кейін де демалысты ойламай, құқық қорғау саласының тың бағытын еңсере бастайды. Адвокатурада әкеміздің жасаған қадамдары сәтті болды десек, артық айтқанымыз емес, математикалық және логикалық тұрғыда бұлтартпас дәлелдермен сөйлейтін ол, көп жағдайда, әсіресе ашық сот отырыстарында қорғау тарапын жеңіске алып келген. Өз жұмысында ол атақты адвокат М.В. Канның тәжірибесіне сүйенетін, сонымен қатар Саратов және Алматы заң институттарындағы  зияткерлік  арсенал  да көп көмек болды.

Қылмыскердің ізіне түскен ұйқысыз түндер, адам тағдырына араша түскен күндер талай шаршатса да, ол бала кезінде достасқан өлең әлемінен еш қол үзген жоқ-тын… 1958 жылы әкемізге Батыс Қазақстан облысының Облыстық ақын атағы беріледі. Талай мәрте сахнаға милицияның қатаң формасымен шығып, жүректі тіліп өтердей өткір жырларымен көпшілікті таң қалдырғаны да бар, осылайша ол облыстың өлеңсүйер қауымына танылып, облыстық айтыста бақ сынаған ақындарға өз өлеңімен сәттілік тілеген кездері де көз алдымызда.

Осылайша әкеміздің батасымен жыр әлеміне қанат сермегендердің қатарында «Жайықтың шағаласы» атанып кеткен Ақұштап Бақтыгереева апамыз да бар. Мектеп Доскалиевтың «Шыңдалған жыр семсері» атты екінші кітабының тұсаукесер рәсіміндегі Ақұштап апайдың еске алу туралы сөздері әкеміздің рухын асқақтатты. Апамыздың жылы лебізіне алғысымыз орасан.

Үйде Қазақстандық ақындар мен жазушылардың есімдері жиі естілетін: Әбу Сарсенбаев, Сағынғалы Сейітов, Хамза Есенжанов, Тұманбай  Молдағалиев, Бәкір Тәжібаев, өзге де қазақ әдебиеттерінің алпауыттарынан шабыт іздесе, Алексей Твардовский, Евгений Евтушенко, Расул Гамзатов, Маргарита Алигер сияқты ақындардың шығармаларын бізге де ұсынатын.

Бүгін 100 жылдық мерейтойына орай әкеміздің бірқатар өлең  жолдарын жолдадық:

ТУҒАН ЖЕР

Көрдің бе, топырағынды басып тұрмын,

Жеткенше сағындырдың, асықтырдың.

Туған жер, нар тұлғаңа басымды иіп,

Кеудемді самалыңа ашып тұрмын…

Сол жерде жатыр зират, үлкен кауым,

Қайтарған қарт көнілін, жастық тауын.

Ол Есен, Ерғалидың ұрпақтары,

Жинаған ерте өмірдің бақша-бауын.

Немере, шөбересін бәрін жиып,

Сол жерге барып келсем басымды иіп,

Бір жасап қалар едім дүниеде,

Кеудеге тұрсын көніл, қалай сыйып?..

АҚЖАЙЫҚ АҚЫНДАРҒА

Орын даяр ортадан,

Қош келіңдер,ақындар!

Өлең-жырды аңсаған,

Өркені өскен халқың бар.

Қуанып жатыр қарсы алып,

Құшағын Орал кең жайып.

Алдыңнан шыққан жасанып,

Ару-ана Ақ Жайық…

Айтып қал, ақындарым, барың болса,

Атадан алған мұра, дарын болса.

Ақ Жайық жарқылдаған жырға толсын,

Қиялың алып ұшқан жалын болса.

Шығайық ел дәстүрін жарыққа алып,

Сынайық артық-кемді сыр ақтарып.

Сілтеңдер «от ауызды, орақ тілді»,

Көк найза Махамбетім сияқтанып….

БАЛАЛАРҒА

Дүниеде екі жасар, артына із қалдырған,

Арман болмас өссе шалқып, өңкей осы балдырған.

Шаршап келсем, қуат беріп менің алып денеме,

Осылар ғой  шөлдегенде сусынымды қандырған.

Мен болсам, дос-жаранды сүйіп келем,

Жолыңа ақ батамды үйіп берем.

Жұлдызды даналардың бірі болшы,

Өмірдің өріне өрлеп биіктеген.

ҒАШЫҚ ӨРНЕГІ

Меңсүлу, сүйген сұлу ғашық жарым,

Естідің жас жанымның жұмбақтарын.

ІҢірде түннің тыныш құшағында

Сырласып ой-пікірдің айтық бәрін.

Ұйықтамай Шамшия мен Бәтес жүрді,

Лайық көргендей шын біз достарын.

Уланған махаббатқа екі жүрек,

Жай соғып алып тұрды тыныстарын.

Ақ сәуле: ой, сүйікті перизатым,

Не керек бір өзіңде ынтызармын…..

Ұл-қыздары, немере-шөберелері.