3.07.2020, 16:34
Қараулар: 228
КҮРКЕ ТАУЫҚ ӨСІРУ

КҮРКЕ ТАУЫҚ ӨСІРУ

Бүгін елімізде кәсіптің көзін тауып, табыс табамын деген адамдарға еш кедергі жоқ, қайта мемлекеттік бағдарламалар арқылы түрлі несие, грант алып, бастаған жұмысты одан әрі өркендетуге мүмкіндік жетерліік. Осы игіліктерді пайдаланып, ауыл-елдімекендерде бизнес нысандарын ашып, халыққа қызмет көрсетіп, несібесін арттырған жандар да көбейіп келеді.

Еңбекпен шыңдалған осы жандар секілді сіздің де бизнеспен айналысып, табысқа кенелгіңіз келе ме? Бірақ бизнес әліппесін үйретер ұстаз не лайықты оқулықты таба алмадыңыз ба? Қапаланбаңыз. Енді газетімізде «Бизнес-дәріс» тұрақты айдарымен отбасылық және жеке бизнестің тиімді түрлері, бизнес-идеялар мен бизнес-жоспарды үнемі жариялап отырамыз. Табысқа жетелер жолда бірге болайық. Іске сәт, ағайын!

  1. Жалпы ақпарат. Күрке тауық – тауық тұқымдас құстардың ішіндегі ең ірісі. Күрке тауық өсірудің тиімділігі жоғары екендігін осы шаруашылықпен айналысып отырған кәсіпкерлер дәлелдеуде. Оның еті дәмді, жұмсақ, әрі оның құрамында холестерин мөлшері өте төмен. Олар да мамық пен қауырсын береді. Бұл құстар қызыққыш, ақылды, адамдарға тез үйреніп кетеді. Олар жем талғамайды және жаз мезгілінде көбінесе жайылымда болады.

Күрке тауық өсіру бойынша шағын бизнес идеясының тартымдылығы – бұл бизнесті отбасылық бизнеске айналдыруға болады Яғни, барлық отбасы мүшелерін осы бизнеске тарту арқылы жалдамалы жұмысшыларға кететін жалақыны үнемдеуге болады.

  1. Тұқымдары. Түсетін табысқа байланысты күрке тауықты өсіру мен көбейтуді тұқымдарды таңдаудан бастау қажет. Бұл құстардың қола түсті кең кеуделі күрке тауық және ақ кең кеуделі күрке тауық деген екі түрі елімізде өсіруге қолайлы, әрі шаруашылық арасында сұранысқа ие.

Қола түсті кең кеуделі күрке тауықтар өздерінің жоғары көрсеткіштерімен ерекшеленеді, дұрыс тамақтанатын болса, аталығының салмағы 9-11кг. дейін жетеді. Орташа есеппен алғанда  күрке тауық балапанының туғаннан кейінгі 13 аптадағы салмағы 4,4 кг., 17 аптадағы салмағы – 6,6 кг. болады.

Ақ кең кеуделі күрке тауықтардың етінің сапасы жақсы, сыртқы түрі өте әдемі (терісі сарғылт түсті) болып келеді. Қола кең кеуделі күрке тауықпен салыстырғанда, еті тез піседі, жұмыртқа салуы 90 пайыздық ұрықтану көрсеткішімен шамамен 85 жұмыртқаны құрайды. Инкубацияға салынған барлық жұмыртқалардан балапан шығару көрсеткіші орташа есеппен 60 — 70 пайыз аралығын қамтиды.

  1. Күрке тауықтарды асырау. Күрке тауық ірі құс болғандықтан, оны басқа құстардан бөлек ұстау қажет. Құстарды орналастыру тығыздығын дұрыс есептеу қажет: 1 шаршы метрге екі үлкен күрке тауықтан артық болмайды. Жас балапандарын үлкендерінен бөлек ұстаған жөн. Күрке тауықтар аязға, әсіресе жел мен сызға төзімсіз, сондықтан олардың ересектеріне арналған жылы қора қамдаңыз.
  2. Жем беру. Күрке тауықтардың салмағын арттыру үшін оларға ақуызды тағамдар көбірек қажет. Қыс мезгілінде 3 рет, ал көктем айларында 4-5 рет жем беру керек. Тамақтану рационына әр күрке тауыққа 250-300 г-нан дәнді-дақылдар қосып тұрсаңыз, мүлдем жақсы.

Күркетауықтың азығы шырынды (картоп, қызылша, орамжапырақ, асқабақ, әр түрлі көк жемдер мен сүрленген шөп), дәруменді қоспалар (шикі сәбіз, асқабақ, бұршақ шөптері, шөптің және қылқан жапырақтың ұны) және дәнді дақылды азық (арпа, жүгері, тары, бидай кебегі) болып үшке бөлінеді.

Жаз мезгілінде күрке тауықтарды жемдеу еш қиындық тудырмайды. Егер құс жайылымда болса, онда ол өз қорегін өзі тауып жейді. Егер жайылымға шығару мүмкін болмаса, арнайы алаңдар жасап, оларды жем беру ақырларымен, суару науаларымен, көлеңке қалқалармен жабдықтап, шөп сеуіп қояды. Қыста сыртқа шығаратын алаңды қардан тазартып, сабан төсейді және уыстап жем шашады. Егер сырттағы температура -10°С-ден төмен болса, онда құстарды сыртқа шығармайды.

  1. Өсіру. Күрке тауықтарды көбейтуді олардың ұрғашыларын жұмыртқаға 27-30 күн бастыру арқылы немесе жұмыртқаларды пайдалана отырып, инкубаторда да көбейтуге болады. Ал егер инкубаторлық станциялар мен құс фабрикаларынан бір тәулік болған балапандарды алсаңыз, қиындықтар да аз болады.

Балапандарды күрке тауықсыз шығарған кезде алдын ала лайықты орын дайындау қажет. Ең дұрысы – полиэтилен қаптамамен қапталған (төбесі мен алдынан басқа) тор. Жылыту үшін 250 Вт. лампаны қолданып, температураны 36°С-ден төмен түсірмеу қажет. Жем беретін ыдысын, су беру науасын және майда ойығы бар май шамды тордың суық жеріне орналастыру қажет. Төсенішті (ең дұрысы сабан немесе пішен)  күнделікті ауыстырып тұру қажет. 2-2,5 айдан кейін күрке тауық балапандарын құс қорасына ауыстыруға болады.

Балапандарды алғашқы күндері ұсақтап туралған піскен жұмыртқалармен қоректендіреді. 5-10 күн аралығында азығына ұсақтап туралған ет, жасыл пияз бен салат, тәтті ірімшік қосады. Оныншы күннен бастап өсіп қалған балапандар азығын қаймағы алынбаған сүтке араластырылған піскен картоп пен бидай кебегіне, буға піскен тарыға, бидайға, ұсақталған арпаға, ірімшікке, әртүрлі ас үй қалдықтарына, үстеме қосу керек болса әртүрлі көк шөптерге ауыстырады. Қаймағы алынбаған немесе алынған сүтті, жылы, бөлме температурасындағы суды (суға жұмыртқаның сарысын араластырып жіберсе, пайдалы болады) 5-6 күннен бастап беруге болады.

  1. Өнімді сату. Өндірістен түсетін табыс өткізу нарығын дұрыс жолға қойғанда ғана болады. Ең алдымен, сіздің тұратын қалаңыздың немесе жақын маңдағы аудан (облыс) орталығының қай сауда нүктелерінде осы өнімді өткізуге болатынын анықтаңыз. Сонымен қатар сіздің қалаңызда немесе жақын елдімекендерде күрке тауық өсірумен айналысатын адамдардың бар-жоқтығын біліңіз. Егер бәсекелестер бар болса, олардың өткізу нарығы қалай ұйымдастырылғанын зерттеңіз.
  2. Болжамды есептеулер.

7.1. Шығыстар:

инкубациялық жұмыртқаларды сатып алу (150 дана 80 теңгеден) = 12 000 тенге.

тұрмыстық инкубаторды сатып алу – 20 000 теңге.

бір жылға азық сатып алу – 30 000 теңге.

Барлығы 62 000 теңге.

7.2. Табыс:

Жұмыртқа сату. Жұмыртқа туу –жылына 120-150 дана * 50 күрке тауық = 6 000 жұмыртқа * 80-100 теңге (бір жұмыртқаның бағасы) = шамамен 480 000 теңге.

Ет сату. 1 күрке тауықтың салмағы шамамен 5-7 кг. * 1300 теңге (1 кг бағасы). Бір күркетауық сатсаңыз, 6 500 теңгеден 9100 теңгеге дейін пайда таба аласыз, ал егер 10 немесе 20 күрке тауық сататын болсаңыз, онда табыс айтарлықтай көп болады.