3.07.2020, 16:43
Қараулар: 210
Тілсіз жаудан орманға қауіп көп

Тілсіз жаудан орманға қауіп көп

Жаз айларында өрт қаупі орасан. Әсіресе, бұл кезде орман алқаптарын өрттен көздің қарашығындай сақтауға тура келеді. Біздің мекемеге қарасты орман алқаптарында  орын алған өрт себептерін сараптағанда, олардың көбінесе адамдардың салдыр-салақтығынан екендігі анықталды: бірі шылым не сіріңкесін сөндірмей кетсе, енді бірінде шабындыққа шыққандар қарапайым ережелерді сақтамайды, не техникасынан ақау шығып, от шашырауы мүмкін, орман алаңдарына жақын жерлердегі егістің орнын жағатындар да бар. Орман ішіне демалуға шыққан кейбір жандар кепкен шөп, кесілген ағаш қалдықтары бар жерлерге алау жағып,  күннің сәулесі мол түсетін жерлерге бөтелке шынының сынығын тастап кетеді. Ал ол жандырғыш линза тәрізді күн сәулесінен қуат алып құрғақ шөптерді тұтандырады;

Осындай жайттардың алдын алу мақсатында біздің шаруашылықта орманды өрттен қорғау жоспары қабылданып, орманның түрі, рельефі, тасымал жолдарының жақындығы ескерілді. Сонымен қатар орманға барар жолдарға, демалатын жерлерде, орман жұмыстары жүріп жатқан жерлерге өрттің алдын алу, сақтану жөнінде түрлі түсті плакаттар, хабарламалар ілдік, дегенмен мұны ескеріп жатқан жан байқалмайды. Әр тұрғын мұндай ескертулерге байыппен қараса, орманды өрттен қорғауға, аман сақтауға елеулі ықпалын тигізері даусыз.

Ал егер де қандай да бір себептермен өрт шыға қалса, оны сөндіру оңай шаруа емес. Орман өрті жедел өтеді және тез таралады. Қалың ағаш ішіндегі өрт минутына 3-4 метр жылдамдықпен таралып, небары 10 сағаттың ішінде үлкен өртке айналуы ғажап емес. Сол себепті Тайпақ орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесі  өз мамандарының арасында, орманшылықтарда кезекшілік кестесін бекітіп, телефон және рация жүйелерін пайдалануда. Барлық орманшылықтарда өртке қарсы пайдаланатын құрал-саймандар және трактор, автокөлік, тағы да басқа техникалар даярланды. Өрт қаупі туралы барлық шаруа қожалықтарына ескертулер таратылып, елдімекендерде үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді.

Мемлекеттік мекеме бойынша 40 аншлаг, 15 панно  жаңартылып, орман қоры алқаптарына ілінді. Өрт сөндіру бекетіне 10 адамнан құрылған өрт сөндіруші топ құрылып, мемлекеттік мекеме бойынша орман өрті орын алған жағдайда орман өртін хабарлау сұлбасы жасалды.  Өртке қарсы шаралар мекеме бойынша бекітіліп, қазіргі таңда 2 шақырым жерде минералдандырылған алқапты орналастыру, мамыр-маусым айлары бойынша 220 шақырым минералдандырылған алқапты күтіп-баптау жұмыстары жүргізілді. Орманда өрт қауіпсіздігі талаптары мен санитария қағидаларын бұзғаны үшін 1 хаттама толтырылып, 13890 теңге әкімшілік айыппұл салынды.

Өрт қаупі күшейіп тұрған кезеңдегі тынысымыз тағатсыз, тұрғындар да, еңбек ұжымдарының өкілдері де орман-тоғайда сақтықты ешқашан ұмытпайды деп сенеміз.

Досхан ӨМІРЗАҚОВ

 Тайпақ орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің орман қорғау инженері